Алматыда 2026 жылы шағын және орта бизнесті қолдауға 66 млрд теңге бөлінеді

161
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/D5o47B7uNMDSotIXlTrmFzmprFnchSiDgl18WBDb.jpg

Алматы қаласының экономикалық жүйесінде шағын және орта бизнес (ШОБ) секторы шешуші рөл атқарып, қаланың тұрақты дамуын, серпінділігін және бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Осы саланы қолдау мақсатында 2026 жылы жергілікті бюджеттен 66 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Қала әкімінің айтуынша, кәсіпкерлікті қолдаудың қосымша шарасы ретінде оның бастамасымен Алматы қалалық мәслихаты арнайы салық режимі бойынша мөлшерлемені 4 пайыздан 3 пайызға дейін төмендетуді қолдаған. Бұл шешім қаладағы іскерлік белсенділікті арттыруға және кәсіпкерлерге түсетін салық жүктемесін азайтуға бағытталған.

«Шағын және орта бизнестің өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында 2027 жылдың соңына дейін 39 шағын өнеркәсіптік парк іске қосылады. Олардың жалпы аумағы 226 мың шаршы метрден асады және 4,8 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Біздің мақсатымыз — 2030 жылға қарай ШОБ-тың қала экономикасына қосатын үлесін қазіргі 60 пайыздан 65 пайызға дейін жеткізу», — деді Алматы әкімі.

Сондай-ақ Дархан Сатыбалды туризм саласының дамуына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы басты мәселелердің бірі — туристік инфрақұрылымның шектеулілігі.

«Қазіргі таңда Алматы тау кластеріне келушілердің орташа тәуліктік саны оның өткізу қабілетінен әлдеқайда асып түседі. Бұл автожолдар мен аспалы жолдардың шамадан тыс жүктелуіне, қызмет көрсету сапасының төмендеуіне және демалушылардың қауіпсіздігіне төнетін тәуекелдердің артуына әкеліп отыр. Осы мәселелерді шешу әрі халықаралық деңгейдегі заманауи, жыл бойы жұмыс істейтін туристік орталық қалыптастыру мақсатында Алматы тау кластерін дамыту жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағай» курорттарын аспалы жолдар желісі арқылы біріктіру көзделген», — деді қала басшысы.

Әкімнің мәліметінше, аталған жобалар іске асқан жағдайда шетелдік туристер ағыны жылына 1 миллион адамға дейін артады деп күтілуде. Ал туризмнің қала экономикасына қосатын жыл сайынғы үлесі шамамен 300 млрд теңгеге бағаланып отыр.

Сонымен қатар, халықаралық инвестицияларды тарту арқылы Алматы халықаралық әуежайын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жобаға 362 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынуда. Нәтижесінде әуежайдың өткізу қабілеті 19 млн жолаушыға дейін ұлғаяды. Қала әкімінің айтуынша, бұл жоба Алматының туристік әлеуетін одан әрі дамытуға серпін береді. Туристер санының артуына байланысты қалада қонақ үйлер салу және туристік нысандарды пайдалануға беру бойынша 25 жоба жүзеге асырылуын жалғастырады.

Пікірлер