Желтоқсан оқиғасының құрбаны, Халық Қаһарманы Ләззат Асанованың анасы Алтынай Асанова қызының қаза тапқан күнін еске алып, жүрегін ауыртқан естеліктерімен бөліскен сұхбаты тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алтынай Асанованың бірнеше уақыт бұрын берген сұхбаты әлеуметтік желіде тараған. Ол 16 жасында қыршын кеткен Ләззат Асанованың өлімі әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отырғанын айтады.
Анасы қызының денесінде басқа жарақат болмағанын, тек басынан ауыр соққы алғанын мәлімдеді.
"Ләззат бірден қайтыс болған. Басы, шүйдесі жарылған еді. «5-қабаттан құлап өлді» деген соң, денесі үгітіліп, сүйектері сынған шығар деп ойладым. Бірақ олай болмады. Денесі бүтін, тек басы ғана жараланған. Басқа еш жерінде жарақат жоқ еді", – деді ол бірнеше жыл бұрын берген сұхбатында.
Анасының сөзінше, Ләззат Асанованың сүйегі Желтоқсан оқиғасының тағы бір құрбаны Ербол Сыпатаевтың сүйегімен бірге бір күнде жеткізілген. Ресми органдар сол кезде Ербол Сыпатаев «алаңда мас күйінде қайтыс болды», ал Ләззат Асанова «5-қабаттан құлап қаза тапты» деген мәлімет берген.
"Қызымды жерлегенше ешкім тарамады. Ел менің әр сөзімді аңдып отырды. «Байқап сөйлеңіз, абайлап айтыңыз» деп ескертіп отырды", – деп еске алған Алтынай Асанова.