Марқұмдардың туысы жиналғанда. Депутат 3 жылда 270 сарбаз қаза тапқанын айтты

1055
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jFet0gue7HqWcF3tqalmHBbk1hZr2Pg7axnS5nZD.jpg

Әскерде қаза тапқандардың туыстары Үкімет үйіне барып, өз талаптарын білдіргенде депутат соңғы 5 жылда Қазақстан әскерінен жүздеген сарбаздың өмірі үзілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” порталы.

«Соңғы үш жылда елімізде 270 әскери қызметкер қаза тапты. Ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид жағдайы мен 20 өз-өзіне қол жұмсау әрекеті тіркелді», – деген болатын Мәжіліс депутаты Нартай Сарсенғалиев 2024 жылдың қыркүйегінде ресми статистиканы жариялай отырып.

Соңғы екі жылда (2023–2025) Қазақстан армиясында бірнеше ірі және жеке қайғылы оқиғалар мен жарақат алу жағдайлары тіркелді, олардың қатарында:

  • 2023 жылдың желтоқсанында Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтар бас сүйек-ми жарақатын алып, комаға түсті – оның жағдайы ең резонансты оқиғалардың бірі саналады;
  • 2024 жылғы 13 мамырда әскери госпитальда соққыдан кейін сарбаз Досымжан Сәлімжан қайтыс болды;
  • 20 мамырда Аягөзде мерзімді қызметтегі сарбаз көз жұмды. Ресми себеп ретінде «бактериялық менингиттің найзағай тәрізді түрі» аталды;
  • 2024 жылғы 7 қыркүйекте елдің әр өңіріндегі полигондарда екі сарбаздың өлімі тіркелді: біреуі «Оймашы» полигонында лейтенанттың оғынан, екіншісі Маңғыстау облысында қаруды қолдану ережесін бұзудан қаза тапқан;
  • 17 қыркүйекте Арыс гарнизонында келісімшарт негізіндегі әскери қызметкер басына оқ тиіп жараланды. Себебі «өз-өзіне қол жұмсау әрекеті» деп көрсетілді;
  • 14 қазанда Қарағанды облысында сарбаз басынан оқ жарақатын алып қайтыс болды – себеп ретінде суицид аталды;
  • Сол 17 қыркүйекте Гвардейский гарнизонында мерзімді қызметтегі сарбаз өлі күйінде табылды. Себе ретінде тағы да суицид делінген;
  • 2025 жылғы 23 қыркүйекте Жетісу облысында оқу-жаттығу кезінде сарбаз қаза тапты. Себебі «қаруды қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамау» делінді;
  • 5 қазанда Алматы облысында ҰҚК шекара қызметінің қатардағы әскері қайтыс болды – ресми себеп: менингококцемия;
  • 7 қазанда Маңғыстау облысындағы ҰҚК шекара қызметінде мерзімді сарбаз қаза тапты – себебі ретінде техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу көрсетілген.

Бұл тек ең белгілі оқиғалар ғана. Депутат Сарсенғалиев келтірген жүздеген өлім жағдайына сүйенсек, әскердегі көптеген қайғылы оқиғалар қоғам назарынан тыс қалып отырғаны анық.

Бүгінгі дүйсенбі, 10 қарашада әскерде туыстары, балалалары қаза тапқан бір топ адам Астанадағы Үкімет үйіне барып өз талаптарын білдірген. Олар Қазақстанның қарулы күштерінде реформа жүргізуді, жапа шеккендерге әділ өтемақы төлеуді талап етті. Олар әскери істерді қайтадан қозғау, әділ тергеу жүргізу арнайы қоғамдық комиссия құру, әскери бөлімдердегі бейнебақылау жүйесін жаңарту, азаматтарды әскерге 25 жасқа толғаннан кейін шақыру тәрізді талаптарын білдірген. 

Ал дүйсенбі күні түстен кейін Қорғаныс министрлігі азаматтардың шағымын жеке-жеке қабылдағанын айтып, әскердегі қауіпсіздік күшейтіліп жатқаны туралы мәлімдеме таратты.

"Өміріңді сақта", "Заң және тәртіп" және басқа да бағдарламалар іске асырылып жатыр. "Отбасымен бейнеқоңырау" сервисі арқылы сарбаздардың ата-анасымен тұрақты телефон байланысы ұйымдастырылған. Күнделікті жеке құрамның дене бітімі тексеріледі. Казармалар мен қызметтен берілген үй-жайларда бейнекамералар орнатылған. Суицидтің алдын алу және қаруға қол жеткізуді бақылау мақсатында жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйесі енгізіліп жатыр", - деп жазылған Қазақстанның қорғаныс министрлігі таратқан мәлімдемеде.

Пікірлер