Қазан төңкерісі күні. 1928 жылы тұрғызылған Ленин ескерткіші құлап түсті

1503
Adyrna.kz Telegram
Фото: PavlodarNews
Фото: PavlodarNews

Павлодарда дауыл салдарынан Лениннің ескерткіші құлап, ұсақ бөлшектерге бөлініп кетті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

PavlodarNews сайтының мәліметінше, «Балалық шақ» саябағында 7 қарашадан 8 қарашаға қараған түні қатты дауыл салдарынан шырша құлап, Ленин ескерткішін қиратқан. Енді ол қалпына келтіруге жарамайды.

Лениннің бұл ескерткіші 1928 жылы 1 шілдеде  бұрын Казак алаңы деп аталған жерде ашылған еді.

“Ескерткіштің тұрғанына 100 жыл тақап қалған болатын. Оның қасында 67 жыл өскен ағаш бұрындары отырғызылған төрт шыршадан аман қалған жалғыз шырша болатын. Қазіргі уақытта құлаған ағашты кесу және тазалау жұмыстары аяқталды. Келесі аптада тұғыр бөлшектеледі. 1928 жылы Араб әрпімен жазылған бірегей жазуы бар тақта сақталады. Алдағы уақытта жұртшылықпен жан-жақты талқыланып, бұл жерде не орналасатыны туралы шешім қабылданатын болады”,– деді қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева.

Оның айтуынша, соңғы рет ескерткішті қайта құру 2022 жылы жеке инвесторлардың есебінен жүргізілді.

“Қазірдің өзінде, біз сол жерде іргетастың жойылғанын көрдік. Яғни негізгі металл корпустың бірнеше ақаулары болған. Сондықтан құрылым ауа райына төтеп бере алмай, мұндай жағдай орын алды”,– деді Светлана Гладышева.

Көне ескерткіш мәдени мұралар мен ескерткіштер тізілімінде көрсетілмеген.

1917 жылы 7 қарашада Владимир Ленин бастаған большевиктердің әскери-революциялық комитеті Уақытша үкіметті құлатып, Ресей билігін қолға алды. Ресей тарихындағы, адамзат тарихындағы қанды репрессия, саяси қуғын-сүргін және бірнеше Ашаршылығымен және миллиондаған адамдардың шығынымен есте қалған коммунистік партия бастатқан большевиктер билігі 74 жылдан соң, 1991 жылы желтоқсанда күйреп тынды. Компартия экономиканың құлдырауы салдарынан өз-өзінен ыдырады. Содан кейін Ленин ескерткіштері қалалардың орталық алаңдарынан алынып тасталды.

Пікірлер