Израиль мен палестиналық ХАМАС қозғалысы арасындағы атысты тоқтату режимі 10 қазан күні жергілікті уақытпен сағат 12:00-де күшіне енді. Бұл туралы Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Келісім аясындағы негізгі шарттар алдағы 24 сағатта жүзеге асуы тиіс.
Times of Israel басылымының мәліметінше, Израиль әскері Газа секторынан ішінара шығып, жаңа демаркациялық шептер бойынша позициялар алуда. Алғашқы әскери бөлімшелер Газадан түн ішінде шығарылды. Кейбір аудандарда әскерді әкету кезінде артиллериялық және әуе соққылары жасалып, әскерге қолдау көрсетілді.
Қираған аудандарға тұрғындардың бір бөлігі қайта орала бастаған. Дегенмен, Израиль әскері Газа тұрғындарын бірнеше ауданның әлі де "өте қауіпті" екенін ескертіп отыр.
АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған Газа бойынша бейбіт жоспардың алғашқы кезеңі тұтқындармен алмасуды қамтиды. Израиль бастапқыда ФАТХ қозғалысының мүшелері болған 11 адамды босатуы тиіс еді. Алайда соңғы сәтте шешім өзгеріп, орнына ХАМАС ұйымының 11 мүшесі босатылады, олардың тоғызы өмір бойына сотталған.
Сонымен қатар, Израиль түрмелерінен 250 палестиналық және соғыс басталғаннан бері (2023 жылғы 7 қазаннан бастап) ұсталған 1700 адам босатылады.
Бұл шешім Израиль қоғамында қарама-қайшы реакция тудырды. Террористік шабуылдардан зардап шеккендердің туыстары тұтқындарды босатуға қарсылық білдіріп, босатылатындардың тізімін жариялауды талап етті.
Түркия Қорғаныс министрлігі өз әскерін Газаға бітімгершілік миссиясымен жіберуге дайын екенін мәлімдеді.
Германия канцлері Фридрих Мерц Израиль мен ХАМАС арасындағы бейбіт жоспарды жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсететінін жеткізді. Алайда, Германия әскері бітімгершілікке қатыспайды. Германия палестиналық бейбіт тұрғындарға көмек ретінде 29 миллион еуро бөледі.
Еске салсақ, 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС қозғалысы Израильге ірі шабуыл жасап, 1200-ге жуық адамды өлтіріп, 250-ге жуық адамды тұтқынға алған болатын. Бұл оқиға Израиль тарихындағы ең қанды шабуыл ретінде тіркелді.
Жауап ретінде Израиль ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялады. Қарулы қақтығыстар мен әуе соққылары салдарынан, ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, 67 мыңнан астам палестиналық қаза тауып, 169 мыңнан астамы жараланды. Бұл статистиканың нақтылығы туралы деректер нақты көрсетілмеген.
Қыркүйек айында АҚШ-та Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Дональд Трамп Газа секторына қатысты бейбіт жоспар ұсынды. Қазан айының басында ХАМАС тарапынан жоспарға ішінара қолдау білдірілді. 6 қазанда Мысырда екі тарап делдал арқылы алғашқы келіссөздерін өткізді.