Президент даулы министрді өзіне көмекші етіп алды

1468
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4uWPeRTaTavWUwRTTQRPKnFhYCuUwZYNfDKPJwqN.webp

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді қызметінен босатты, деп хабарлайды  "Адырна".

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеу Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық инвестиция және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», - деп хабарлайды Ақорда.

Ал оның орнына мемлекет басшысының Жарлығымен сыртқы істер министрі болып Ермек Көшербаев тағайындалды.

Айта кетейік, 2022 жылғы 1 ақпаннан 2022 жылғы 26 қарашаға дейін Мұрат Нұртілеу Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы болды. 2022 жылғы 26 қарашада мемлекет басшысының жарлығымен Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы болса, 2023 жылғы 3 сәуірде  еліміздің премьер-министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі болып тағайындалды.  Ал 2024 жылы 6 ақпанда сыртқы істер министрі лауазымына қайта тағайындалған еді.

Еске сала кетейік, биыл қыркүйекте БАҚ-та сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны туралы қауесет тарады. Іле-шала Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Арада бір күн өткенде Мұрат Нұртілеу ел алдына шықты. Ол "Harvest Group" төрағасы Алмаз Әлсеновпен агро-индустриялық кластерді құру барысын талқылаған.

Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, БАҚ өкілдерін жалған ақпарат таратпауға, журналистік этиканы естен шығармауға шақырды.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі де ведомство басшысының ұсталғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, мұны журналистік этиканы және еліміздің қолданыстағы заңнамасын бұзу деп бағалайтындарын жеткізді.

Ұсталғаны туралы қауесеттен соң  Мұрат Нұртілеу парламент ғимаратында кей ақпарат құралдарында өзі туралы тараған қауесетке қатысты пікір білдірді.

Пікірлер