Ұлттық спорт түрлеріне арналған музей немесе музейлер желісі ашылуы керек – Абылайхан Қалназаров

4911
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/iBscIIxSkgkPGuldZDCBLmu2PIPwOc5XoqI6EyD8.jpg

«Балуан тас» кітабының авторы, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының құрылтайшысы, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаровпен сұхбат. Ол мұнда ұлттық спорт мұрасының тағдыры мен осы бағыттағы музей ісі, олардың ел идеологиясы мен мәдени саясаттағы рөлі туралы ой-толғамдарымен бөлісті.

Абылайхан мырза, сіз қазақ саяси технологияларының дамуы, аймақ-өңірлердің ішкі саясаты мәселелері, Парламент пен мәслихаттар, тіптен, ауылшаруашылыққа байланысты ауызша тарих сияқты бірнеше бағытта тұңғыш қалам тербеген жансыз. Ғалымдар осылар бойынша бірінші кітап жазған адам ретінде өзіңізді атайды. Алайда сіздің атыңыз көпшілікке «Балуан тас» кітабы және ұлттық спортқа қатысты зерттеулеріңіз арқылы көбірек танымал. Бұл бағытқа қалай келдіңіз?

– «Тағдырдың айдауы» деген рас қой, бәрі балуан тастан басталды. Көшпелі өмір салтында ауыр тасты көтеру – тек күш сынау емес, қайратты азаматтың қоғамдағы орнын айқындайтын рәсім болған. Сол феноменді індете келе, әрі «палуан» сөзінің этимологиясын қуалап, қазақтың күш мәдениеті туралы көп ақпарат жинадым. Ол кезде «күш мәдениеті» деген ұғым да жоқ. Кейін айналымға қостым емес пе?! Соңында ол екі томдық кітап болып шықты. Содан кейін «Baluan tas» академиясын құру ойға келді. Ұйымның басты миссиясы – ұлттық спорт пен күш мәдениетін жүйелі түрде зерттеп зерделеп, оны халыққа және әлемге жеткізу. Бұл туралы басқа да БАҚ-қа берген сұхбаттарымнан кеңірек оқып алуға болады.

Неге ұйымыңыздың атауын дәл осы «балуан тас» сөзімен байланыстырдыңыз?

– «Балуан тас» – қазақтың ұмытыла бастаған киелі ұғым-түсінігі және символдық архетипі. Әрбір ауылда, әрбір өңірде даңқты батыр немесе палуан, болмағанда білекті жігіт көтерген тас бар. Ол тас – уақыттың куәгері. Көбіне көтерген алпамсаның аты ұмытылса да, тас қалды. Мысалы, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Сәкен Есіркепті тыңдап отырсаңыз, оның Шаяндағы ауылының кіреберісінде осындай тастар бар. Өкінішке қарай оны тұтқан алыптардың тарихнамасы ұмытылған. Бірақ олардың кезінде қызықты оқиғаларға негіз болған балуан тастар екендігін ел біледі. Сондықтан бұл атау арқылы ұлттық спортпен астасқан ұлыдалалық күш-қайрат мектебінің тереңдігін және оның мәңгілік екенін айқындадым деп білемін.

Сіздің ойыңызша, ұлттық спорттың рухани мәні неде?

– Ұлттық спорт – ол ойын немесе жарыс қана емес. Бұл – халықтың өзін-өзі күштік жағынан тануы, болмысын ұғынуы. Қазақ күресі, көкпар, жамбы ату және басқалары – бұлардың барлығы жұртшылықтың өмір салтымен біте қайнасқан. Күрес – ердің жеңімпаздығы, көкпар – ел мүддесін тартыста жібермейтіндігінің белгісі, жамбы ату – дәлме-дәлдіктің үлгісі. Өстіп әрбір түрі бойынша кете береді. Сондықтан да, мен ылғи былай деп айтамын: ұлттық спортсыз ұлттық код еш толық болмайды.

Сіз бірнеше рет жиындарда «Ұлттық спортқа арналған музейлер желісі құрылуы керек» деп айттыңыз. Бұл идея қайдан туды?

– Бұл идея әуеліде қазақ күресіне байланысты Түркістандағы «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында туындады. Аталмыш орында қазіргі таңда еліміздің аймақтарында біртіндеп іске асырылып жатқан «Күш лекциясы» жобасының тұсауы кесілген болатын. Керек десеңіз, «Оңтүстік Қазақстан» газетіне «Қазақ күресіне арналған мұражай ашылуы керек» деп сұхбат бердім. Тағы бірінде географиясын нақтылап, «Түркістанда қазақ күресіне арналған мұражай ашылуы керек» деп те сөйледім.  Негізгі ойлар да сол жерлерде айтылды.
Құдайға шүкір, бұл үнім Шымкент пен Түркістандағы идеологтардың құлағына жетпесе де, Астанадағы абзал палуан, мықты менеджер – Дамир Бекбосын бауырымның жүрегіне жетті. Сәтін салса, бұл құрылым елордамыздың төрінде болады деп күтілуде. Мен қазір осы және ұрпақсыз кеткен, бірақ артында біздей жақын ағайыны қалған Нәзір Төреқұловқа арналған музей ашу мәселесімен қатар жұмыстану үстіндемін. «Арық сөйлеп, семіз шық» демекші, уақыты келгенде бәрін өз көздеріңізбен көресіздер! Әйтсе де «Қазақ күресі мұражайын» ашудың тарихи негіздемесі мен қисыны Түркістан шаһарына лайық еді... Мені сол жағы ғана қинап тұр!

Енді әлгі сауалыңа оралсақ, бізде ұлттық спортқа қатысты мыңдаған жәдігерлер бар: балуан тастары, қамшылар, ер-тұрмандар, фото мен киноқұжаттар, батырлар мен чемпиондардың жеке заттары. Тек олардың көбі айдалада немесе архивтің қобдишаларында, көбісі жеке адамдардың қолында жатыр. Мәселен, «Мың бала» фильміне негіз болған Сартай батырдың ер-тұрманы Оралда сақтаулы. Біле білсеңіз, Сартай ұлттық спорт түрлерінің майталманы болған. Көкпар тартқаны туралы да деректер бар. Ол фильм сюжетіндегідей жастай өліп кетпей, жүз жастан аса жасаған, ел билеп, би де болған тұлға. Солай! Тиісінше, біз ұлттық спорт түрлеріне арналған музей немесе музейлер желісін ашсақ, бұл жәдігерлер көшірмесі арқылы болса да қалың бұқараға көзайым болып қайта оралмақ.

Музей – өткенді сақтаушы ғана емес, болашаққа бағдар беруші орталық. Меніңше, әр өңірде өз ерекшелігі бар музей болуы керек. Айталық, бір жылқының айналасында Қостанайда ат баптап өсіру мәдениеті, Арқада – бәйге дәстүрі, Оңтүстік пен Сыр бойында көкпарға арналған мұражай болса, тақияға тар келе ме? Ал Астанада немесе Алматыда жалпыұлттық деңгейдегі Ұлттық спорт және күш мәдениеті музейі ашылса, ол біздің сыртқа ту етіп көтеретін мәдени брендімізге айналады емес пе?

Мен ауадан алып айтып отырғаным жоқ. Әлемдік тәжірибеде бұл бар үрдіс: Грекияда – Олимпиада музейі ұлттық бренд болса, Жапонияда Сумо музейі жыл сайын миллиондаған турист тартады. Ал АҚШ-та бейсбол және баскетбол музейлері халықтық спорттың символына айналған. Қазақстан да өзіндік төл ұлттық спорт музейін ашуға толық құқылы. КСРО кезеңін жарайды, алайда тәуелсіздік алғаннан осы кезге дейін спорт пен мәдениет ведомстваларын басқарған басшылардың осыларды қалай істемегеніне таңым бар. Сізге өтірік, маған шын, кейде бар ғой, таңдай қағып, жағамды ұстаймын.

Шынымен-ақ, сіз қазақ күресіне арналған музейдің Түркістанда ашылғанын жөн көресіз бе? «Тарихи негіздемесі бар» деп қалдыңыз. Ол қандай негіздеме?

– Иә. Себебі Түркістан – қазақ руханиятының алтын діңгегі. Онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тұр, онда Тайқазан бар. Тайқазанның өзі – бір мағынасында күш мәдениетінің де нышаны. Оны көтеріп бір-орнына келесі орнына жылжыту үшін замандарында ондаған балуан жұмылған деген деректер бар. Ал бұл салтанатты рәсім және қатысушыларына мәртебе болып есептелген. Сонымен қатар әлемдік туризм орталығының бірі ретінде өзін-өзі қайта жүктеп жатқан Түркістанда қазақ күресі спорты музейін ашу – символдық тұрғыдан да, туристік жаңа бір маршрут ретінде де өте терең мәнге ие болар еді.
Дегенмен басты көзір ол емес. Бұл ретте әңгімені қазақ күресіндегі статус-мәртебелер мәселесінен бастауға тура келеді. Қазақта балуанның дәрежесін білдіретін атаулар көп болған: «Бас балуан», «Түйе балуан», «Атан балуан», «Нар балуан», «Өгіз балуан», «Сұңқар балуан», «Тархан», «Толағай балуан» және т.б. Бұлардың да «сержант», «капитан», «майор», «полковник-генерал» деген әскерилер шендері тәрізді өзіне тән үлкенді-кішілі иерархиясы болған. Бірақ біз отарлық дәуірде олардың ара-жігін жаппай ұмытып, бүгінгі таңда бәрін, аудан-ауылдағысынан бастап, облыс, республикадағы жеңімпазына дейін «түйе палуан» деп қана атап жүрміз. Меніңше, «түйе палуан» баршаға бірдей беріле бермеуі керек. Ол шамамен күрес мәртебелері ішінде «полковник» тәрізді. Осы жағынан күрес дәрежелері ресмиетпен нақты бекітілген Моңғолияның тәжірибесін қабылдасақ, ұтылмас едік. Қош, ол енді бөлек әңгіменің жүгі.

Мінекейіңіз, осылардың ішінде ең биік мәртебе – «Киелі балуан». Бұл атаққа жету оңай болмаған. Ел аузында айтылатын деректерге сүйенсек, «Киелі балуан» атанған адам қайтадан белін ұстатып, күреске түспеуі тиіс. Себебі ол – шыңның шыңы. Одан әрмен қарай дәреже берілмейді.

Қария сөздер мен шежірелерге ден қойсақ, оған қол жеткізудің рәсімі ерекше болған. Еңбегі мен ерлігін ел мойындаған баһадүр-палуан жасы кемінде жиырма жетіге толғанда, жеті сенімді куәгерді ертіп, туған ауылынан жаяулап Түркістанға барған. Үміткер Алтайдан бара ма, Еділ-Жайық, Баянауыл, Жетісудан, Маңғыстаудан ба, маңызды емес, жаяулап баруға тиісті. Бұл – талап иесінің қажыр-қайратын, төзімділігін дәлелдеудің шарты. Түркістанға жеткен соң, ол Әзірет Сұлтан кесенесіне зиярат жасап, халық жиналған жерде киелі Тайқазанды көтеруге міндетті болған.
Ереже де қатаң: егер батыр Тайқазанды бір қарыс көтерсе, оған кесене уақыбы есебінен бір үйір жылқының құны төленіп, бүкіл Ұлы дала төбесіне тұтқан «чемпиондық» мәртебеге ие болған. Ал егер көтере алмаса – рулы елімен бірге жиырма үйір жылқының құнын төлейтін ауыр айып күтіп тұрған. Сондықтан бұл сынаққа жүрек жұтқан, әруағы алапатты шын мықтылар ғана бел буған.

Аталған рәсімге қатысқан тарихи тұлғалар белгілі ме?

– Иә, бірқатарының тізімі бар. Ел жадында ерекше сақталғаны – Алатау батырдың оқиғасы. Тарихнамаларда оның шын аты – Әз-Ғараб екені жазылады. Хан Тәуекелдің «Жалғызы» атанған, Қазақ хандығындағы қазіргі тілмен айтқанда, «Қорғаныс министрі». Ол ол ма, қызылбастарға қарсы соғыста Алты Алаштық деңгейдегі Орта Азия халықтары сыпайларына бас қолбасшылық дәрежеге дейін көтерілген алпауыт.
Қызылтабан шөлден аман қалғасын, мұны Құдайдың өзіне білдірген ишара-нышаны деп санап, Алатау жиырма жеті жасқа толғанда дәстүр бойынша Түркістанға жеті куәгерімен бірге жаяу аттанған. Кесенеге зиярат етіп, әулие-ишан, қажылардан бата алып, ертеңіне бүкіл халық алдында қасиетті қазанды абыроймен көтеріп шығады. Бұл ерлігі ел аузында аңыз болып тарап, ердің абыройын бұрынғыдан да асқақтатқан-дүр.
Жеткізушілердің сөзіне қарағанда, Алатау кейін де талай рет осы рәсімді қайталап, «Тайқазанды 13 рет көтерген» деген атаққа ие болған. Ол жорыққа шығарда немесе елге аман оралғанда Түркістанға соғып, Құран оқытып, қазанды бір қарыс көтеріп қоюды әдет еткен екен. Қартайған шағында оның: «40 рет қанды қырғынға кірдім, Тайқазанды 13 рет көтердім» деп айтқаны ел есінде сақталыпты.

Сонда бұл тек күш сынау емес, рухани рәсім болғаны ғой?

– Дәл солай. Тайқазанға қатысты сынақ – физикалық күштің ғана емес, рух пен ментальдың да өлшемі. Батырдың ел алдындағы мәртебесі, абыройы осы арқылы айқындалған. Яғни ұлттық спорттың біздің тарихымызда тек ойын-сауық және қорғаныс машығы емес, тұтас бір сакральды мәдениет болғанының айқын дәлелі. Онда да ол да түркі-қазақтық ортақ идеологияның алтын қазығы – Түркістан идеясымен һәм Әзіреті сұлтан есімімен тікелей байланысты.

Тізім бар ма?

– Бұрынғы заманда Әз-Хайдар Хабас деген палуан алғаш рет Тайқазанды сәтті көтеріп, аты тарихта қалған деседі. Одан кейін тағы 16 ерман бұл ауыр сыннан сүрінбей өткен көрінеді. Ал он сегізінші болып тәуекелге бел буып шыққан осы – Алатау ер. Одан кейін де көтергендер бар шығар. Бірақ олар халық жадынан өшіп кеткендейін. «Үмітсіз шайтан» деген бар-ды. Үмітімді үзбеймін. Бұл рәсім тоқтағанша, кімдер, қашан, қандай жағдайда қайрат көрсетті, күндердің бір күні болғанда бір жерден табыларына кәміл сенемін. Әттең, терең де жүйелі зерттеулер жүргізіп, мұрағат-архивтерге түсуге, бүкіл жоспарларды жүзеге асыруға ресурсым болмай жатыр. Айналып келгенде, мұның барлығы өз қалтамнан шыққан қаржыға іске асуда. Дос-жолдас, ғалымдар ортасы «Анаған бар, мынаған бар, өйт, сөйт, осы мекемеге немесе орталыққа, депутатқа я миллионерге хат жаз» деп ақыл айтуға шебер. Бірақ іс жүзінде ауыз көмек болмаса, іс көмек жоқ. Ілуде бір Дамир Бекбосын сынды көзі ашық, көкірегі ояу жігіттер болмаса, былайша, бәрі дерлік «гәп». Қолдау сұрап барған ол орындардың көбінде де артық айтсам кешірім өтінемін, негізінен «азамат» деп айтуға келмейтін «жалмауыздар» отыр. Белгілі бір деңгейде «идея мен концепциялар ұрлаушылар» десем де болады. Алдына кіргенде түлкі бұлаңға салып, «тиын жоқ» деп, арқадан қағып шығарып салғанымен, кейін осы проектілерге тонын теріс айналдырып, басқаша ат қойып, ондаған миллиондап қаржы бөлгізіп, өздері атқарып жатқанын естіп жатамын. «Мейлі, солай-ақ болсын. Ілкі әулиелерден қалған «Кәпірдің қолымен мұсылманның тірлігін атқарып ал» деген қағидатқа мойынсұнып, бұл да болса жеңіс, ең бастысы, ұлттық спорт, ел мүддесі мен руханияты ұтады. Жоба іске асады» дейін десең, тек ақша игерумен айналыса ма, бір бәле!
Жуырда сондай бір дөкейдің әлгіндей қылығын біліп қойып, бір жүздескенде «Бүгін түс-өңімде сізді көргендей болыппын. Бір чемодан ақша санап отыр екенсіз. Бірақ ол ақшадан торайдың құлағы шығып тұр екен. Сонда да жақсылыққа жорыдым. Ісіңізге береке берсін!» десем, «Сізге де жұғысты болсын» деп күйдірсе бола ма?!
Ең қызығы, мұндай пенделердің басым бөлігі намаз оқитын, қоғамға өзін діндар ретінде позициялайтын фарисейлер болып келеді. Әлеуметтік желілерін ашсаң, «Меккедегі қағбаның фонында түскен фотосы мен видеосынан көз сүрінеді. Ол жерден кімдерге сәлемдеме жолдамаған десеңізші! Не де болса, діни пайыммен айтқанда, Маһшар таңында «кісі хақысы» жолымен солардың есебінен сауапқа қарық болайын деп тұрмын! Солай да солай! Жасаған ие енді сана берсін!
Жалпы, бүгінгі таңда ұлттық спорт айналасында діни мәселелермен айналысатын тұлғалар бекітіліп жатыр емес пе? Соларға менен бір ұсыныс: бәрінен бұрын «кісі қақысы» деген нарративті тереңірек насихаттаса нұр үстіне нұр. Спортшылар арасында дін ұстанатындар көп. Әрине, қылмысқа емес, имандылыққа бет бұрғандары, бұл – жақсы. Алайда жеңісі мен бақыты-тақыты, байлығы мен атақ-даңқы кісі ақысы үстінде болса, одан не пайда дер едім. Кие атып, тұқым-тайлағымен бірге «тұздай» құрып кетеді. Қудың бұ дүниедегі есебі түгел болғанымен, құдайдың да есебі түзу ғой. Соны ұмытпаса екен.

Ащы сөйледіңіз. Бірақ осынша бастамаларға себеп болып жүрген тұлға ретінде бұлай деуге қақыңыз бар деп ойлаймын. Мұндай рухани-спорттық бастамаларды жүзеге асыру үшін қаржыдан бөлек тағы не қажет?

– Біріншіден, мемлекеттік деңгейдегі қолдау. Мәдениет министрлігі мен Спорт министрлігі бұл жобаларды стратегиялық жоспарға енгізуі керек.
Екіншіден, жергілікті әкімдіктер өз өңіріне тән спорт дәстүрін сақтауға мүдделі болуы тиіс.
Үшіншіден, бизнес пен меценаттардың қолдауы қажет. Өйткені бұл – ұлттық миссия.
Төртіншіден, ғылыми қауым мен жастардың белсенділігі қажет. Қысқаша айтқанда, осы мұрат жолындағы азаматтар моральдық та, ұйымдастырушылық та, ақпараттық-қаржылық та қолдауға мұқтаж. Сонда спорт түрлерінде идеология да, мән де, мағына да, ғылым да, музей де, басқа да, мерей мен жеңіс те болады.

Әр сұхбаттың өзіндік басты месседжі болады. Сіздің маған ұлттық спорт түрлеріне арналған музей яки музейлер желісі туралы идеяңыз ұнап қалды. Тоқетерін сонымен тәмамдайықшы. Музей экспозициялары тек жәдігер көрсетуімен шектелмей, қандай бағыттарда жұмыс істей алады?

– Ең әуелі, интерактивті формат қажет. Жастар тек көруге емес, жан-тәнімен сезінуге, ұстап көруге, тәжірибеден өткізуге құштар. Осының қоса қабатында, «Балуан тас» көтеру залдары, көкпар атрибуттарының көшірмелері, асық ату алаңдары болуы керек. Мұны мен тіптен, «Қазақ күшінің картасы» жобасы концепциясында атап көрсеткенмін.

Екіншіден, оларда ғылыми-зерттеу орталықтары болуы шарт. Бұл музейде немесе желілерде археологиялық табылған спорттық жәдігерлерден бастап, этнографиялық зерттеулер, фольклорлық мәтіндер, кино және фото архив жинақталуы тиіс.

Үшіншіден, мәдени дипломатия құралы бола алады. Шетелдік туристке қазақтың ұлттық спортын тек сурет арқылы емес, «тірі» тәжірибе ретінде көрсету – орасан мәдени әсер қалдырады.
Тағы қайталап айтамын: әлемде спорт музейлері өте көп. Айтып өткенімдей, Грекияда Олимпиада музейі ұлттық брендке айналған. Жапонияда сумо музейі бар, ол іштен және бүкіл әлемнен турист тартады. АҚШ-та бейсбол, баскетбол музейлері бар. Бізде де неге ұлттық спорт музейі болмасқа? Қазақ күресі, көкпар, қыз қуу, жамбы ату, садақ, бәйге – бұлардың барлығы мәдениеттің өзегінде тұрған феномендер.

Қорытынды сұрақ: Оның ұлт руханиятына әсері қандай болмақ?

– Мен үшін ұлттық спорт түрлері феномені – қазақ күш мәдениетінің жүйелер түріндегі материалдық емес символдары. Әрбіріне тарихи тұрғыда да қарыздармыз. Олар геосаяси жыртқыштар мен бәсекелестік заманаларында ұлтымыздың қорғаныс және шабуыл күштерін шыңдап, осындай алып территорияға ие болуымызға, майдан даласында жеңімпаз болуға жол ашты. Әр түрі – тарихтың үнсіз куәгер ескерткіші. Егер біз осы жүйелерді, олармен байланысты құралдар мен тастарды, шабандоз-мерген, балуандардың мұрасын, ұлттық спорттың барлық формаларын музейге жинақтасақ, ол біздің болашаққа қалдыратын үлкен аманатымыз болар еді. Менің бір арманым – Қазақстан картасында «Ұлттық спорт музейлері желісі» деген жаңа мәдени брендтің пайда болуы. Онда да жастар ол музейді немесе музейлер желісін «өлі заттар қоймасы» емес, жанды орталық ретінде қабылдаса, қабылдата алсақ, оның болашағы зор болмақ.
Олар біздің ұлттық идентификациямыз бен кодымызды нығайтады. Музейтанушы әріптесім, консультация алып жүрген азамат Әлібек Күзербай айтпақшы, музей – тек өткенді сақтамайды, ол болашаққа бағдар береді. Ұлттық спорт музейі ашылса, әр қазақ баласы өз тарихын – айбар мен күш-қайрат, алғырлық, шабандоздық пен балуандық, батырлық арқылы сезінеді. Біле білгенге, бұл – ұлттық бірегейліктің, мемлекетшілдіктің мызғымас іргетасы.
Бүгінгі буын алып ата-бабаларындай балуан тас көтермесе де, рухын көтеруі керек. Сол рухты көтеруге жанталасып жүрген рухани балуандарға жәрдем етуі керек Ал сол рухты көтеретін – мәдениет, тарих, спорттың алтын тамыры. Бұдан басқалардың барлығы әсер-ықпалы жағынан бұлармен теңесе алмайды.

Мазмұнды да мәнді әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Динара Нұрболат

Пікірлер