Жоғалған тікұшақты іздеу жұмыстары неге ұзаққа созылды? - ТЖМ жауап берді

1315
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kal6stWUlw7tZUQJ7C5lPn3Kch8uZFvbrZG5Kdq2.jpg

Үкіметтегі баспасөз конференциясында төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Алматы облысында жоғалып кеткен әскери тікұшаққа қатысты соңғы мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Оның айтуынша, 25 шілдеде қорғаныс министрлігінен Отырар ауданы маңында тікұшақтың жоғалғаны туралы ақпарат түскен. Сол күннен бастап жедел іздестіру жұмыстары басталған. Тікұшақтар арқылы аймақты шолу жүргізіліп, Сорбұлақ су қоймасы мұқият тексерілген.

"Қазкосмос" спутниктік суреттерінде жанар-жағармай ізіне ұқсас белгілер анықталған. Кейін дәл осы аумақтан тікұшақтың бірнеше бөлшегі табылған. Осыған байланысты арнайы жедел штаб құрылып, іздеу жұмыстары күшейтілді.

«Қазіргі уақытта Сорбұлақ аумағының 50 пайызы зерттелді. Су қоймасының тереңдігі 5-тен 25 метрге дейін, ал түбі – батпақты және лайлы. Кейбір тұстарда 1 метр тереңдіктің өзінде көріну мүмкін емес», – деді Кеген Тұрсынбаев.

Іздеу жұмыстары қорғаныс министрлігінің үйлестіруімен, күн шыққаннан күн батқанға дейін жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі де өз ресурстарын жұмылдырып отыр.

Еске салайық, 2025 жылғы 25 шілдеде Қарулы күштердің Әуе қорғаныс күштеріне тиесілі EC-145 тікұшағы жоспарлы ұшу кезінде радарлардан жоғалып кеткен болатын. Оқиғаға қатысты тергеу жалғасуда.

Пікірлер