Әлемдегі 259-шы және 545-ші астронавтар. Қос қазақ ғарышкері бір күнде туған

2125
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MH5A1OiFvItAr6uPDwKP2iAA8ToauFhhp34YQVHh.jpg

Бүгін — Қазақстанның екі бірдей ғарышкері, ел мақтаныштары Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетовтің туған күні. 

Совет Одағының Батыры, КСРО ұшқыш-ғарышкері, әлемдегі 259-шы астронавт, Қазақстанның Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров биыл 79 жасқа толып отыр.

Ол 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Тәуелсіз Қазақстанның ғарышқа жол ашқан алғашқы қадамы да дәл осы азаматтың есімімен тығыз байланысты. Тоқтар Оңғарбайұлы 1991 жылы 2 қазанда Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМ-13» кемесімен көкке көтеріліп, 7 күн 22 сағат 12 минут ғарышта болып, ғылыми зерттеу жұмыстарын сәтті орындады. Ол биотехнология, металлургия, медицина және Арал теңізі аймағына қатысты зерттеулер жүргізіп, ғарыштық ғылымға зор үлес қосты.

Ал әлемдегі 545-інші астронавт, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов бүгін 53 жасқа толды.

Ол 1972 жылы 27 шілдеде Алматы облысы Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылында дүниеге келген. Айдын Ақанұлы 2015 жылдың қыркүйегінде «Союз ТМА-18М» кемесінің бортинженері ретінде ғарышқа сапар шекті. Ол Халықаралық ғарыш станциясында 10 күн бойы болып, Қазақстанның 5-ші ұлттық ғылыми бағдарламасын орындады. Бұл зерттеулер Қазақстанның ғарыштық ғылымдағы тәуелсіз бағыттағы қадамдарының жалғасы болды.

Айта кету керек, Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетовтің өмір жолында ортақ параллельдер көп. Екеуі де Армавир жоғары әскери авиация ұшқыштар училищесін тәмамдап, сынақшы-ұшқыш ретінде қызмет атқарған, кейін ғарышкер мәртебесіне ие болды.

Пікірлер