Ұлжан Құдайбергенқызы: Кәсіпке ұлымның арқасында келдім

3549
Adyrna.kz Telegram

Елордада табысты кәсіпкер бола бастаған көпбалалы аналардың саны күннен-күнге артуда. Оларға кәсіпті бастауға мемлекеттік бағдарламалар көмектесуде. Бүгін біз көпбалалы ана ғана емес, сонымен қатар еңбекқор, жігерлі бизнесвумен болып табылатын Ұлжан Құдайбергенқызы туралы айтатын боламыз.

Мырзагелдиева Ұлжан Құдайбергенқызы жоғары білімді жоғары санатты 20 жылдық еңбек өтілі бар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазіргі таңда, әлеуметтік кәсіпкер.

- 2010 жылы ОҚО-ның "Жылдың үздік ұстазы" атағын жеңіп алды;
- 2011 жылы министрдің "Үздік ұстаз" марапатын иеленген;
- «Аманат» партиясының, облыстық, қалалық білім басқармаларының мадақтары, облыс, қала әкімдерінің Алғыс хаттары;
- 2021 жылы Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Халық алғысы" медалімен марапатталды.

Ұлжан ханым бұл күнге дейін бірнеше кәсіпті ашып көрген, көп тәжірибе жинаған. Тіпті, «Мықты аналар» қорының жетекшісі болып, көпбалалы аналарға көмектескен. Сонымен қатар, Ұлжан қайырымдылықпен көп айналысады: олар демеушілерді іздеп, тауып, азық-түлік, дәрі-дәрмектерді мұқтаж отбасыларға таратады;
Атамекен ҰКҚ орталығының "Бастау-Бизнес" бағдарламасы бойынша оқып, 200 АЕК көлемінде грант иегері атанған мен, 2021 жылы "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасы бойынша 5 млн грант жеңіп, "Bilim all IT" оқу орталығын ашып, көпбалалы отбасының балалары мен ерекше балаларды тегін оқытып келемін.
Кәсіп бастаған кездегі кедергілер - жалға алатын ғимараттың жалдау құны жоғары болды, өйткені АО "СПК Астана" мекемесінен ғимарат алу өте қиын. Активтегі дайын, ремонты бар ғимараттар "мен секілді" жанға берілмейді, жөндеу жұмысы жоқ, жертөледе орналасқан бөлмелерді ұсынады. Ал, өз қаржысы жоқ, жалдамалы пәтерде тұратын, 4 баласы бар анаға ондай қымбат бағада жөндеу жасау қол жетпес дүние...

Бірақ, Сарыарқа ауданының әкімі қолдау көрсетіп, демеушілердің көмегімен 3 айға ғимарат жалдап беріп, өз ісімді бастап, табысқа ілігіп кеттім, -дейді Ұлжан ханым.

- Кәсіпті бастауға не себеп болды?

- Осы жолға келуіме себепкер болған ұлым – Нұрсұлтан. Жалғызбасты анамын.Тағдырдың жазуы болар, әлі баспанасызбын. Тұрғын үйге кезекте тұрмыз. Қазір пәтер жалдап тұрамыз. Бірақ, өз пәтеріміздің кілтін алатын күннің жақын екенін сеземін. 4 балам бар - үлкен ұлым Сұлтан Бейбарыс диплом алып, жұмысқа орналасты;
Екінші ұлым Нұрсұлтан биыл мектепті "Алтын белгімен" бітіріп, ҰБТдан 114 балл жинап, ЕНУдің "экономика және қаржы" мамандығына құжат тапсырды;
Үлкен қызым Шұғыла, 2-сыныпқа өтті; Кіші қызым - Райан балабақша тәрбиеленушісі.
Осындан бірнеше жыл бұрын ұлым - Нұрсұлтан, «Нұрсұлтан зияткерлік мектебіне» түсу үшін 6-сыныпта өз бетімен дайындалды, өйткені ақылы түрде оқыту курстарына қатыстыру үшін менде артық қаражат болмады. 1 жыл бойы бар күшімен дайындалған ұлым Нұрсұлтан зияткерлік мектебінің емтиханында 790 балл жинап резервке ғана ілінді. Сол кезде ұлым жылап тұрып айтқан болатын, "егер бізде артық ақша болғанда, НЗМ бағдарламасымен дайындайтын курстан өткенімде, НЗМ-ге түсуші едім" деп...
Бір ғана мұғалімнің жалақысымен күн көріп отырған көпбалалы ана қалай баланы қосымша орталыққа бере алады?...
Содан мен осындай, яғни көпбалалы отбасының балаларына мотивация беретін, олардың шығармашылық қабілетін дамытатын оқу орталығын ашуды армандадым.
Шүкір, өз адал еңбегімнің арқасында аштым, ал НЗМ-ге түсуді армандаған ұлымның жолы болып, ЖОО-на Грантқа түсуін тілейміз.

- Өзіңіздің "Bilim all IT" оқу орталығыңыз туралы айта кетсеңіз?

- Қазіргі таңда мен басқарып отырған "Bilim all IT" оқу орталығында 115 отбасының 220 баласы тегін білім алып жатыр, ал оларға 18 мұғалім білім беруде. Балаларға білім беруде ізденіс, жаңашылдық міндетті қажет. Сол үшін "Жас мамандарды әлеуметтік осал топ балаларына білім беру арқылы педагогикалық еңбек тәжірибесін жинауға баулу орталығы" жобасын құрып, осы жоба негізінде Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту орталығынан "Жастар практикасы" бағдарламасы аясында жас мамандарды жұмыспен қамтып отырмын. Жас мамандар үйрете отырып, өздері де үйренеді, әлеуметке жақын болуды үйренеді!
Оқу орталығында тек қана білім беріп қоймай, қосымша қайырымдылық іс-шараларын да өткізіп отырамын. Ондай іс-шаралардың басы-қасында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Сарыарқа ауданының әкімдігі жүреді. Демеушілердің қолдауымен қаншама мұқтаж отбасыларға азық-түлік себетін, балаларға киім-кешек, ай сайын құрбан ет, балаларды тегін қыдырту, биыл оқу орталығының 50 баласы республикалық деңгейдегі "Балдәурен" лагеріне тегін жолдамамен демалып келді. Осындай үлкен қолдау білдіріп отыратын Бас қала басшысына да айтар алғысым шексіз!

- Өз кәсібін бастағысы келетін қыз-келіншектерге қандай кеңес бересіз?

- Өз кәсібін бастаймын деген қыз-келіншектерге айтарым: ешқашан да кеш емес - бастап, аяққа нық тұрып, өзгеге үлгі болу үшін! Әрекет еткен адам берекеге жолығады! Өзін сыйлап, құрметтеп, жақсы көріп үйрене отырып, әлемді жақсы көре бастайды!
Әр қазақ өз елінде, соншама байлықтың үстінде өмір сүре отырып, бай болуға лайықты!
Сөз соңында айтарым, мен секілді өз кәсібін бастаймын деген анаға балық емес, қармақ берген Мемлекеттік бағдарламалардың қолдау тапқаны дұрыс! Үкімет қолынан келген көмегін жасап жатыр, бұрыңғыдай емес, қазір халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын ұстанған басшылар көбейді! Енді сол басшылардың назары халыққа ауып, халық үшін қызмет атқаруын қолдауымыз керек! Жаңа Қазақстанға бірге қадам жасайық.

- Кәсібіңізге сәттілік, сұхбатыңызға рахмет.

Пікірлер