Мемлекеттік комиссияның жұмысын аяқтауға әлі де ерте - Бейбіт Қойшыбаев

3600
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының тілшісі Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін спецификасы мен ерекшеліктерін  зерттеу бойынша жұмыс тобының мүшесі, тарих ғылымдарның кандидаты Бейбіт Қойшыбаевпен елдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде құрылған мемлекеттік комиссияның жұмысы жайлы әңгімелесті.

- Бейбіт мырза, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өз жұмысын 2020 жылдың қараша айында бастады. Тоқаев та өзінің тиісті Жарлығын жариялады. Осы екі жыл көлемінде қандай өзгерістер орын алды?

- 2020 жылы комиссияның құрылуы жөнінде шешім шыққаннан соң көктемде 31 мамыр қарсаңында Тоқаев арнайы үндеу жариялаған болатын. Үндеуде мемлекеттік комиссия жайлы алғашқы сөздерін, міндеттері жайлы айтқан болатын. Сол кезде жұмысты атқару үшін жасақталғандар яғни тарихшылар, қоғам белсенділері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері де арнайы пікір айтып ат салысып келеді. Мұның еліміз үшін сондай маңызды мәселе екенін, бүгінгі таңдағы маңыздылығы жайлы, қаралы тарихымыздың ақтарылмаған тұстары тола екені жайлы сөз қозғап келеміз.

Алғашында мемлекеттік комиссия 55 адамнан құрылып, 11 топқа жіктелді. Оларға жеке-жеке тапсырма беріліп сол бойынша, арнайы бағыттар анықталып жұмыс жасалына бастады. Орталық комиссиядан басқа регионалдық яғни өңірлік комиссиялар да құрылған болатын. Ондағы негізгі мақсат аталған мәселені өңір өңірде түбіне дейін зерттеу еді. Зерттеу дегенде әдетте ойда не туады?

Біздің білетініміз тәуелсіздік орнағаннан кейін 1993 жылы зұлматтан орынсыз, жазықсыз жазаланғандарды ақтау жөнінде Назарбаевтың пәрменімен заң енгізілді. Сол заң бойынша сол жылдары да әжептәуір жұмыс істелді, талай адам ақталды.

Сол қаулыда мынадай мәселелер болды. Совет үкіметіне қарсы көтерілгендерден басқасын ғана ақтауға болады деген әңгіме айтылды. Олардың ішіне тіпті кеңестік реформаларға қарсы шыққандарды да қосып жіберді. Ол әрине біз білетін 30-жылдардағы көтеріліске қатысушылар. Оның барлығын «бандалар қозғалысы» деп атап, қарудың күшімен басып, қырып жойды, алдап абақтыға ағытқанмен артынша бәрін де репрессиялаған болатын. Республиканың барлық аймақтарында болған көтерілістер болғандықтан, сәйкесінше оған көптеген адамдар қатысты. Оларды ақтау қиынға соқты. Дегенмен, тарихшылардың пікірінше советтік дәуірдегі қарсы қозғалыстар іс жүзінде ұлт-азаттық қозғалыстардың жалғасы еді. Себебі, советтік солақай реформалар өкінішке қарай мына халықтың жағдайын, қара халықтың қамын ойламайтындығының дәлелі болды. Халықтың наразы болуының да себебі осында. Шындап келгенде, Кеңес үкіметі  қазақ халқына сырттан әкелген, күштеп тағылған дүниедей болды. Халық мойындап, қабылдағанымен іс жүзінде солай еді. Ал жұрттың өзі таңдаған ұлттық мемлекет Алаш орда еді. Алашордалықтар туралы әлі де көп нәрсе айтылады. Бірақ, олар негізінен халықтың қалауымен, халықтың үнімен шыққан, ұлттың тұтастығын ойлаған, ұлттық мемлекет құруға тырысқан ұлттық құрылым еді. Сол дүниені большевизм жойды. Оның орнына қазақ өлкесін басқару жөніндегі комитет құрып,  оған ұлт зиялылары келіссөз жүргізуге шақырған еді. Осы құрылымдардың өзгеруі халықтың қалауы болды деп айту қиын, себебі сол уақыттарда Алаш Орда үкіметін өз жұмыстарын тоқтатқандай болды. Артынша Алаштықтарға амнистия жарияланып, алаштықтардың кейбірі тіпті совет одағына қызмет жасай бастады. Алайда республикалық тұрғыда Алаш Орда өзінің өімір сүруін жалғастыра берді.

Ең өкінерлігі, баршамызға тарихтан мәлім болғандай большевиктер қазақтың ұлттық мүддесі туралы ойламады. Бұл туралы қарсы шығып, осы тақырыппен әуестенгендерді ұлтшылдар деп айыптады. Десе де олар «Төртінші кеңес» деп аталатын жиын өткізген болатын. Онда оған республика жұмыстарымен айналысатын азаматтар қатысты. Ол жақта он екінші съезде талқыланған мәселелерді қалай орындалу керектігі жайлы екі жақ ақылдасып келіссөз жүргізген болатын. Талқылау бойынша біршама қаруланған азаматтарға шектеу қойып, арнайы шешімдер шыққан болатын. Сталин сол кеңесте Түркістаннан шыққан комунистерді сынады. Тұрар Рысқұловты Совет Үкіметіне қарсы Заки Валидовпен астыртын хат алмасып құйтырқы ой алмасты деп сыналған болатын.

- Құрылған Мемлекеттік комиссияның негізгі мақсаты қандай? Қай бағытқа басымдық береді?

- Мемлекеттік комиссияның басты мақсаты жаңа тілге тиек еткендей ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарында қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың барлығын бір уақытта ақтап жіберу емес. Бұл әрине алқабилер мен прокуратураның үлесімен болатын іс. Мемлекеттік комиссияның мақсаты қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға керек ғылыми талдамалық, заңдық, қандай да бір ұйымдастырушылық деңгейде негіз дайындауға бағытталған. Осыны халық түсінсе деймін.

Жасақталған топ, тиісті органдар, жаңа айтқан мекеме адамдары Мемлекеттік комиссияның қорытындылары мен әзірлемелері негізінде өз жұмысын жалғастырады, бұрын тиісті заңдардың қолданылу аясына жатпайтын қазақстандық азаматтардың жаңа санаттарын негіздейді.

Тарихи оқиғалардың салдарынан босқындыққа ұшыраған адамдарды, жер аударып кеткен отандастырымыздың ісін қайта талдап отырып қарайды. Өйткені босқындық деген қазақты қырғынға ұшыратқан бір мәселе. Шамасы жеткенннің бәрі жан-жаққа кеткен еді. Сібірге, Тундраға, тәжіктер, өзбектер оңтүстікке, жағдайлары ықпалды болғандар Қытайға да кетті. Солардың ісін дұрыстап қарау, қылмысқа ұшырап, айыпталғандардың ісі жіті қарастырылды. Осының бәрі қыруар жұмыс. Аталғандардан бөлек те Совет үкіметінде қылмыс жетеді.

- Мемлекеттік комиссияның отырыстары жарты жылда кемінде бір рет өткізіледі. Осы жиында өткізілген есеп, айтылған, жоспарланған дүниелерге көңіліңіз тола ма? Қандай баға берер едіңіз?

- Кеңес тұсында жаңа айтқандардан бастап ұлтқа жаны ашығандардың бәрін қатты қудалады ғой. Нақақтан-нақақ айыпталып, жазықсыз жазаға тартылған қуғын-сүргін құрбандарын құрылған арнайы комиссия мүшелері, арнайы топ ақтау турасында көп жұмыстар атқарды. Оған көз жұма қарамадық. Бұл тек мақтауға тұрарлық шаруа.

Күні кеше Желтоқсан оқиғасы талқылауға түсіп жатыр. Оның өзі қарауға көзделген. Рас әрине, 93-жылдары Президенттік алғашқы жарлығында бұл тақырып терең ескерілмейді. 20-30 жылдар деп баса айтылады, сонда да бұған қарамастан Совет кезеңін тұтас қамту, зерттеу жұмысын осы комиссия өз міндетіне алып отыр. Бұдан соң мұндай құрылым құрыла ма, құрылмай ма белгісіз. Сондықтан да Мемлекеттік комиссияның бұл ұмтылысына оң бағамды беремін.

Осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің сөзінде Мемлекеттік комиссияның жұмысын биыл аяқтайтыны туралы айтқан. Мен алайда бұл комиссияның жұмысын аяқтауға әлі де ертек дер едім. Себебі жұмыс енді жүйеленіп, түзеліп келе жатыр. Негізгі көзделген құрбандардың көпішілігі енді анықталып келе жатыр. Көптеген құжаттар құпия еді. Сол құпия құжаттардың бірқатары әлі де бар. Оның бәрінің ақ-қарасына жетуге уақыт керек болды. Сол себепті де әлі зерттелу керек.

- Болашақта жұмыс жүйелі жүзеге асу үшін қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

- Осы уақытқа дейін жұмысқа толықтай көз жүгіртіп, баға беру үшін, жинақталып, қарауға ұсынылатын шығар деп ойлаймын. Өйткені, жобалық кеңестің шешімдерімен деректер, кітаптар жасалып шығып жатыр. Мен де өзімнің үлесімді, ұсынысымды қосу үстіндемін. Екі жыл ішінде хронологиялық тұрғыда ылғи мақала беріп тұрдым. Себебі. Атқарылған жұмыстар жайды, тың дүниелер жайлы халық білуі керек. Халық бұл дүниенің қалай жасалып жатқанын көріп, оқи отыра баға беріп отыру керек. Шыққан, зерттеліп жатқан тақырыптар жайлы публицистикалық, зерттеу мақалаларын жариялап тұрдым. Негізгі мақсат әрине жұмыстың жүйеленуіне, қорытындылануына үлес қосу. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара тарихшы ғалымдардың көбі өз көмектерін көрсетер болса, жұмыс тезірек, жүйелі түрде асатынына кәміл сенімдімін.

- Жауаптарыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер