Алматыда тағы бір заңсыз салынған тұрғын үй кешені сүріледі, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Наурызбай ауданындағы «Қадам» тұрғын үй кешенін бұзу туралы сот оң шешім шығарғаны хабарланды. Бұған дейін Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы нысанда тексеру жүргізіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында бірқатар заң бұзушылықтарды анықтаған болатын.
«4 қабатты көпқабатты тұрғын үйдің рұқсат құжаттарынсыз құрылысы басталды. Тексеру нәтижесі бойынша «Қадам ТК» ЖШС-не қатысты әкімшілік хаттамалар жасалып, кейіннен заңсыз салынған үйді бұзу туралы талап-арыз қозғалды. Нәтижесінде заңсыз салынған нысанды бұзу туралы талап арыз қанағаттандырылды. Шешім заңды күшіне енеді деп күтілуде», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ әкімдік тұрғындардың жылжымайтын мүлік сатып алмас бұрын салынып жатқан үй туралы ақпаратты тексеріп, сенім телефоны арқылы құжаттар пакетін сұрай алатынын еске салды: +7 (727) 229-81-36.
"Адырна" ұлттық порталы