Шымкент қалалық прокуратурасы Қаңтар оқиғасы кезіндегі "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша күдікке ілінген 21 адамға байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарған. Бұл туралы "Азаттық радиосы" хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
5 шілдеде Шымкент қалалық прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасының басшысы Нұржан Көлбаев шығарып, 20 шілдеде қала прокурорының орынбасары Ержан Марат бекіткен қаулыны прокуратура "күдікті 21 адамға" кеше, шілденің 25-іне берген.
Қаулыда Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталған 68 адамның 58-іне сот үкімі шыққаны, 9 адамның ісі сот тергеуінде, бір адамның ісі қала прокуратурасында екені, тағы да 27 адам күдікті ретінде тергеуде отырғаны айтылған.
Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабының "жаппай тәртіпсіздікке шақыру" бөлігі бойынша (272-баптың 3-бөлігі) күдікке ілінген 21 адамның ісі "жәбірленуші" деп танылған "Көрме" орталығы мен қала әкімдігімен келісімге келуіне, келтірген залалды өтеуіне, айыпты мойындауы мен жасаған ісіне өкінетініне байланысты тоқтатылған.
Қылмыстық жауаптан босатылғандардың үлкені – 46 жаста, кішісі – 20 жаста. Олардың ішінде қоғам белсенділері Нұрлыбай Татаев пен Кәрима Хайдарқұлова да бар.
- Істің тоқтатылғанымен толық келісемін. Қазіргі кезде сотталмағанның өзі – жеңіс, - дейді белсенді Нұрлыбай Татаев.
4-6 қаңтар аралығында Шымкентте болған Қаңтар оқиғасы бейбіт шерумен басталып, соңы жаппай дүрбелеңге ұласқан. Оқиға кезінде 20 адам қайтыс болған. Олардың үлкені – 37 жаста, кішісі – 17 жаста.
Қаңтар айында қалалық денсаулық сақтау басқармасы оқиға кезінде 125 адам жаралағанын мәлімдеген. Шымкент қалалық прокуратура мәліметіне қарағанда, екі жүзден астам адам жараланған, оның 72-сіне оқ тиген.
"Адырна" ұлттық порталы