Білім гранты: 80 мыңға жуық талапкер конкурсқа қатысуға өтініш берді

3491
Adyrna.kz Telegram

80 мыңға жуық талапкер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтініш берді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрілігі хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Құжаттарды қабылдау 13-22 шілде аралығында жүргізілді. Байқау нәтижелері 15 тамызға дейін жарияланады.

Үміткерлер арасында балдар теңдігі жағдайында басым құқыққа ие болатын 20 мыңнан астам адам бар. Олардың ішінде «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар.

«Биыл грант конкурсына құжаттарды қабылдау жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы дәстүрлі форматта және виртуалды комиссиялар арқылы онлайн қабылданды. Бірнеше жыл қатарынан талапкерлер ең көп сұранысқа ие оқыту бағыттары бойынша таңдауды өзгеріссіз жасап жатыр. Өтініштердің көпшілігі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға берілді. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес, болашақ мұғалімдер, тіс дәрігерлері және инженерлер арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс болады», – деп атап өтті ҚР ҒЖБ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Ведомство мәліметінше, биыл 154 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балды 103 мыңнан астам адам жинады, бұл – қатысушылардың жалпы санының 67%.

Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылында бакалавриатқа 73 мыңға жуық грант бөлініп отыр.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер