Шын түрколог: кім түрколог?

14791
Adyrna.kz Telegram

"Адырна" ұлттық порталы түрколог ғалым Напил Базылханмен сұхбаттасты. Напил Базылхан мырза әңгімесінде қазіргі түркология ғылымының әр қилылығы мен жастардың қызығушылығы жайлы, сонымен қатар, тарихта жарияланусыз қалған тың деректер және тағы басқа мәселелер туралы ашып айтты.

- Жаһандануға байланысты қазіргі заманда  әлемде құндылықтар, мәдениетаралық байланыстар тоғысы байқалады. Бұл үдеріс түркологияға қандай әсерін тигізіп отыр. Осы салада қандай бетбұрыс бар деп ойлайсыз?

- Түркология ең әуелі Түрік әлемін кешенді зерттейтін іргелі ғылыми сала. Оның қалыптасқанына  200-дей жыл болды. Егер Махмұд Қашғаридің  1072 жылғы «Түрік тілдерінің  энциклопедиялық сөздігін» ескерсек, 1000 жылдай болды деген сөз. Түрік өркениетінің құндылықтарында әлемге үлгі болатындай таңғажайып қазыналар бар, айрықша құндылықтар бар. Жаһандану, ғаламдану үрдісінде осы қазыналарымызды, құндылықтарымызды Түрік әлемінде жаппай насихаттау,  жаңғырту, біртұтастандыру қажет.  Қазір алыс болса да, жақындастыра алатын интернет байланыстары ерекше қызмет атқарып келеді. Ақпараттық кеңістігі мен ақпарат алмасу мүмкіндігі кеңейді.  Қазіргі  әлемдегі түрік халықтарының өзара байланыстарын да нығайтуға мол мүмкіндік туды. Ал, түркология ғылымы классикалық бағыттарда да,  жаңа пәнаралық бағыттарда да өріс алып, өркен жайып келеді. Әсіресе, ғылыми ақпараттар алмасуы жолдары оңтайлы болды, алуан түрлі түркологиялық сайт-порталдар  ғылыми зерттеулерге мол мүмкіндік беріп отыр. Тіпті, дүниежүзі түркологиясының  ғылыми ақпараттық потециалы молайды дегіміз келеді. Жаңа бағыттардың бірі,  әйгілі әрі атақты түркологтармен тікелей қатынаса алатын онлайн конфереция, онлайн лекция, онлайн семинар, онлайн сабақтар секілді істер ұйымдастырылып келеді. Олардың берері мол, түркологиядағы жаңа бетбұрыстар деп айтуға әбден болады.

Сонымен қатар, дүниежүзі мемлекеттеріндегі ғылыми мекемелердің, атап айтқанда, сирек қорларына,  мемлекеттік архивтеріне, музей қорларына жол ашылды, мол мүмкіндіктер пайда болды, түркологияға қатысты бірсыпыра тарихи деректер, материалдар жинақталды, бұл маңызды істер одан ары да жалғаса бермек. Бұл аса маңызды зерттеулерді белгілі ғалымдар, атап айтқанда, Сейіт Қасқабасов, Мырзатай Жолдасбеков, Болат Көмеков, Меруерт Әбусейітова, Әшірбек Муминов, Айман Досымбаева, Александр Гаркавец, Сейсенбай Құдасов, Жұлдыз Тулибаева, Нұрсан Әлімбай, Александр Рогожинский, Галия Қамбарбекова, Айболат Кушкумбаев, Айтжан Нұрманова, Юлай Шамильоглу, Кадырали Конкобаев, Ахмет Ташагыл, Гайбулла Бабаяров, Женгиз Алйылмаз, Нурдин Усеев сынды түркологтар, шығыстанушылар,  археологтар, тарихшылар  табысты да сәтті жүзеге асырып келеді, бірқатар іргелі  ғылыми  басылымдарды да жариялады.

- Сіз түркология саласының жетекші мамандарының бірісіз. Түрколог болу үшін  жастар қанша тіл меңгергені жөн? Өзіңіз қанша тіл,  неше көне жазуды білесіз?

- Түркология, Түрік әлемі Евразиялық кеңістігін толық  қамтиды. Оның сонау ежелгі дәуірлерден, одан бері сақ, хұннұлардан бастап тарихи-мәдени байланыстарын, қазіргі кезеңдердегі халықаралық қарым-қатынастарын терең бойлай зерттеу қажет. Ол үшін ежелгі, көне, ортағасыр - бәрі де маңызды. Жастарды қай дәуір  қызықтырады,  соған байланысты міндетті түрде белгілі бір тілдер мен жазу мәдениетін меңгеруі шарт. Онсыз бір ғана тілмен «жалғыз атпен шауып алысқа бара алмайсыз», тіпті озбақ түгіл,  жете алмайсыз, ғылымның даму жолында...

Түрколог болам деген жастарға мынаны айтқым келеді: ғалым болам деген жастар ең әуелі  ғылымға адал, пәк ниет, таза көңілмен келу  керек! «Бизнес», «пайда табам», «даңқты-атақты болам» деген ойдан ада болған абзал. Әйтпесе, бәрі «бекер мал шашпақ», босқа уақыт өткізбек болады.  Шын жүрек, пәк ниетпен ғылымға берілмеген адамды «алтынмен аптап, күміспен күптеп», мың университетте оқытса да ештеңе шықпайды. Жастар осыны түсіну керек.  Бұл – алғышарт, тұңғыш қадам.  Келесі бір үлкен ауыр, күрделі әрі аса қажетті мәселе – тілдерді меңгеру. Сол тілдердегі ғылыми еңбектерді толық оқу. Қанша тіл меңгере аласыз, соншалықты  өрісіңіз кең, ауқымды болмақ, зерттеулеріңіз де салмақты болады. Мысалы, дәл қазір саха тілін, тыва тілін жетік  білетін бір қазақ түрколог ғалымы жоқ. Бұл ежелгі түрік  тілінің лингвистикалық табиғатын тануда аса қажетті салалардың бірі ғана.

Жас түркологтарға ең өзекті мәселе біріншіде – қазақ тілін жетік меңгеру керек. Екіншіде – парсы, араб, латын, грек, соғды, қытай, моңғол, манжұр, славян секілді зерттеу саласына қажетті тілдерді жақсы түсінетіндей меңгеру керек.  Үшіншіде – ежелгі, көне, ортағасыр жазуларынан, екшеп айтсақ,  соғды жазуын, көне түрік бітік жазуын, ұйғыр жазуын, араб жазуын жаза алатындай  жақсы меңгеру керек.  Мұнсыз кең өрісті бола алмай, түркологиялық зерттеулер дамымай, ақсап жатқандығы да осы. Университеттердегі магистрлардың, докторанттардың, студенттердің кемшін һәм осал тұсы да дәл осы. «Алтын адам» күміс тостағандағы жазуды оқуымыз керек. Ол жазу көне түрік бітік жазуына қатты ұқсас та келеді. Сан-саққа  жүгіртпей, тиянақты нақты ғылыми сараптама қажет.

Өз басымыз түрік тілдерін есептемегенде, ғылыми зерттеулер үшін моңғол, манжұр, жапон  тілдерінің  тарихи жазба деректерін толық пайдалана аламыз, неміс, ағылшын, орыс тілдеріндегі ғылыми әдебиеттерді емін-еркін қолдана алатындай деңгейдеміз. Кейбір тілдерде ғылыми мақала да еркін жазамыз.

Түркологияның саласы сан қырлы ғой. Негізі қандай бағытты таңдайсыз, соған байланысты өз біліміңізді ұдайы жетілдіріп отыру керек. Түркологияның тамыры терең алып байтерегі сонда ғана жапырақ жайып, гүлдене, жеміс-жидектерімен салтанат құра алады.

- Түркология мен моңғолтану ғылымында қатар қалам тартып келесіз. Пән аралық кешенді зерттеулердің маңызы неде?

- Дәл қазіргі замандарда пәнаралық зерттеулер төтенше жаңалықтарды, біз күтпеген селт еткізер айғақтарды, мүлдем ескерілмеген заңдылықтарды, құбылыстарды  ашып отыр. Өткен ғасырлардағы Ресей, Кеңес одағы түркологиясы тек ғана лингвистикалық бағытта болды, солай филологтарды қалыптастырған еді. Олар Ресей, Кеңес одағының идеологиясына қызмет етті.  Түрік халықтарына, Түрік әлеміне қызмет ететін мамандар енді ғана ерекше қажеттілікке ие болып, уақыт талап етіп отыр. Ал, қазір Түрік әлемі өркениетінің сан қилы, алуан түрлі салалары мен бағыттары мол. Мысалы, экономикалық, интеграциялық, саяси, тарихи, дипломатиялық,  этнолингвистикалық,  этномәдени, этнографиялық,  археологиялық,  антропологиялық  деген секілді аса мол, көптеген  салалар мен тың бағыттар бар.

Түркология мен моңғолистика да жетіспей жататыны да салыстырмалы  зерттеулер. Бір ғана мысал айтсам,  түрік-моңғол фольклоры, мифологиясының ортақтығы мен ерекшеліктері  туралы Ақеділ Тойшанұлы аса қызықты тың саланы қалыптастырды деп батыл айтам. Өйткені, ол екі тілді еркін меңгерген маман болғандықтан, жаңалықтар ауқымды болды, шынайы ғылыми нақты жетістіктерді алдымызға жайып салып отыр.  Түркологтар түрік тілдерін меңгереді, моңғолтанушылар моңғол тілдерін меңгереді, ал бір-бірінің тілдерін мүлдем білмейді.  Осыдан  «бір көзді дүрбі» сияқты қарайды, көшпелілер әлемін, түріктер мен моңғолдар болмысын...

Бұл осы күнге дейін дүниежүзі түркология мен моңғолистиканың кемшілігі болып келеді. Ал, екі емес,  бірнеше  тілді  меңгерген Густав Йохан Рамстедт, Николас Поппе, Бямбын Ринчен, Гоохүүгийн Мижиддорж, Бұқатұлы Базылхан сынды санаулы ғана ғалымдар әлемдік деңгейде салыстырмалы зерттеуде жаңа ғылыми теориялық тың тұжырымдар жасай алды. Олардың ғылыми еңбектері түркология, моңғолистика, тіпті,  алтаистика үшін үлкен жаңалықтар болды, бола бермек те. Сол себептен,  ЖОО-нда  түркология бағытында осы пәнаралық салаларға ерекше назар аудару қажет. Түрік-моңғол, түрік-соғды, түрік-парсы, түрік-араб, түрік-славян, түрік-европа, түрік-қытай байланыстары дегендей...

-Сіз «Моңғолдың құпия шежіресін» ғылыми аударма жасадыңыз. Бұл ізденістің нәтижесі неде?

-«Моңғолдың құпия шежіресі» – ерекше туынды. Ең қызықтысы,  ортағасырлық моңғол тілінде жазылғандығы. Біз тарихи-салыстырмалы қазақ тіліндегі ғылыми аудармасын алғаш рет жасадық. Тарихи шығарманың көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясы, ғылыми сөзбе-сөз және мағыналық аудармасы, түсіндірмелері, сөздігі, көрсеткіштері толыққанды  қамтылды. Бұл ғылыми аудармада ортағасырлық моңғол тілі мен қазіргі қазақ тілінің фонетикалық, фонологиялық және грамматикалық заңдылықтарының салыстырмалы талдаулары ескеріліп аударылған. Сондықтан оқырмандарға, түркологтар мен моңғолтанушыларға ғылыми пайдасы мол деп ойлаймын.

- Сізді моңғолтанушы маман, түркологияны жеткілікті меңгермеген деген де бірен-саран пікір айтылып қалады. Мәселен, түрколог Қ.Сартқожаұлы Алтынбек Мерсадыққа берген сұхбатында (https://e-history.kz/kz/news/show/33615/) «Хүйстолгай» ескерткішін Сіз қате оқып, жаңсақ пікір айтты деген ой ұшқыны байқалады.  «Осы еңбектің 30%-ға жуығын қазақстандық Нәпіл Базылхан жазып беріпті. .. Л. Хурцбатардың еңбегін «әлемдік жаңалық» деп қорытынды жасап, «моңғол тілінің әлемдегі алғашқы құжаты» деп бағалапты. Н.Базылханның бұл тұжырымына оқырман қауым мен ғалымдар өз пікірлерін айтатын болар» деген екен. Бұған не дейсіз?

- Ашығын айтқанда, маған жала жауып, өтірікті соғып  отыр. Осы сұхбатты пайдаланып, біраз нақты фактілерді Сізге де,  күллі оқырманға қауымға да тізбектеп кеңірек тоқталуды жөн санадым. Олар мыналар:

Әу баста, Қ. Сартқожаұлының «...Жоллығ, «ž» (ж фонемі ; Н.Ядринцев, А.Гейкель, В.Радлов...бұлардан кейін Білге қаған, Күлтегін мәтіндерімен арнайы қайта жұмыс жасаған зерттеушілер болған жоқ ; «...созылыңқы дауысты дыбыс шығарған......қоой, қоонтұр, құұл, ... көөк, күүч, Күүлтегін, Күүлі-чор... » ; ... байырғы түріктердің бөгү (тәңірлік) діні... Құран Кәрімнің 51-сүресінің 49- аятында «Біз әр затты жұбымен жараттық. Мүмкін сіздер ойланып көрерсіздер...» деп көрсетсе, түріктер IX ғасырда өздерінің дүниетанымын iki jyltyz / екі негіз/ деп атапты.... амал, білік ...» сынды ғылыми дәлелсіз, дәйексіз, қисынсыз, әлемдік түркология тарихында бұрың-соңды болмаған «жаңалықтарын» сараптауға, ғылыми сын көтермейтін мәселелерге уақытты жоғалтпауды жөн санадық.

Біріншіден, С.Хурцбаатардың  ғылыми еңбегінің  30 пайызын  мені «жазып беріпті» деп  ашықтан-ашық маған жала жауып отыр. С.Хурцбаатардың зерттеу еңбегіндегі «Кіріспесін» өз басым, моңғол тілінде жазғандықтан, қалың қазақ оқырмандар ештеңе білмей қалады деп ойлаған секілді. Ол кіріспеде бүкіл тарихнамасы, мәтіні туралы анық-қанық баяндалған.

Екіншіден, «Хүйс толгой» ғұрыптық кешені бітіктасы мәтініне келетін болсақ, зерттеу тарихы былай болған.  Ең әуелі біз, дойч-неміс ғалымы санскритолог Дитер Мауеге өзіміздің барлық эстампаж, фотосуреттер мен сызбаларды жіберіп, ғалымнан зерттеуді 2013 жылы интернет арқылы хат жазып өтінген едік. Одан кейін, Дитер Мауе, маған алғашқы оқылымын 2014 жылы жіберген болатын. Ал, Германиядағы әйгілі ғалым, доктор Солонгод Хурцбаатар Дитер Мауеден брахми жазуын әбден үйреніп, мәтінді арнайы зерттеді.

Сонда, Қ.Сартқожаұлы  Моңғолиядан  алғаш 1974 жылы табылған, Моңғолия Тарих институтының қорында содан бері сақтаулы тұрған, аталмыш бітіктасты, өзі қызметте болған талай жылдар қасында жүргенде назар аудармай,  46 жылдан кейін, көне брахми мәтінді қазір ғана ұйқысынан оянғандай «түрікше»  оқи бастағандығы – тағы да оның сенсация құмарлық әуестігі демеске басқа амал жоқ.  Аталмыш брахми жазулы мәтіні «көне моңғол тіл-диалектісінде жазылған» деп зерттеген дойч-неміс ғалымы, санскритолог Диетер Мауэ, француз моңғолтанушысы Александр Вовин, германия ғалымы моңғолтанушы Солонгод Хурцбаатардың  ғылыми тұжырымдары қалайша  Қ.Сартқожаұлының жорамал эмоциясымен өзгеріліп, төңкеріле қалмақ?! Осындай да, археолог әріптестеріміз арасында мұндай тұңғыштыққа үйірсектікті  «Бірінші маймыл болмақшы ма?» деп қалжыңдайтыны еске түседі.

Үшіншіден, бұл Қ. Сартқожаұлы  «түрколог» деген мәртебелі атаққа лайық па, өзі ? Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Түркітану және алтайтану ҒЗИ жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы «еліміздегі алдыңғы қатарлы түрколог», «түркология саласында ірі жаңалық ашушы», «тарихшы, медиевист», деп өзін жарнамалап, әрбір мақаласы арқылы  сенсация жасап, «көне түріктер туралы 18 монография?»  жазғанын мақтаныш етіп, даурығып келеді.

Төртіншіден, Моңғолиядағы «Шороон бумбагар» кешенін алғаш археолог А.Энхтөр анықтаған еді. Ал, оны «мен таптым» деп шулатып жүр, қаншама қаржы жұмсағанын бір құдай білер,  Қ.Сартқожаұлы, осы  кешен туралы ғылыми тиянақты қорытынды жасамақ түгіл, сол кешеннің не екенін де толыққанды түсінбей, дұрыстап айта алмай келеді.

Бесіншіден, келесі бір, мәселе бар. Ол «Алтайдан табылған - Ата домбыра» деп асығыс-үсігіс жалған «жаңалық ашып», бүкіл әлемді шулатып, жұртты шатастырып, Қазақстан бұқаралық ақпараттық құралдарында  жария еткен,  кезекті сенсациясында Қ.Сартқожаұлы былай дейді:  «....Бұл аспап осы жолдар авторының жаңғыртпасы бойынша жасалып, 2012 жылдан бері Қазақстан Республикасында концерттік бағдарламаларға, оркестрге енгізілді. Астана қаласындағы Қобыз сарайының Сапар Ысқақов басшылық ететін «Көк түріктер» ансамблінің сазды аспаптар құрамына кіріп, ежелгі күйлердің ғажайып әуендерімен көрермендерін рухани байлықпен сусындатып жүр...».

Қ.Сартқожаұлы «домбыра» деп жалған пайым жасап, жария еткен көне түрік дәуірінің артефактісі,  мойыны иілген «адырна» пішінді   көне музыкалық аспаптың бір түрі екендігін археологтар, түркологтар, Германия Бонн университетінің консервациясы мен жаңғыртпасын жасаған зерттеушілер еш күмәнданбайды. Біз де солай адырна іспетті деп санаймыз.

Алтыншыдан, Қ.Сартқожаұлының 2019 жылғы «Орхон ескерткіштерінің толық атласы. Үш томдық» бір ғана басылымы туралы қысқаша сараптамалық пікірімізді де айта кетейік. Бұл «атлас» деген басылымда Қ.Сартқожаұлы  XIX-XXI ғасырдың әлемдік түркологиядағы археолог, түрколог ғалымдардың «табан ақы, маңдай тері» еңбектерінен емін-еркін иемденіп, плагиат жасаған. Нақтылап айтқанда, Моңғолия Ғылым Академиясы Тарих институтының Қолжазбалар қорындағы Бямбын Ринчен (1905-1975),  Д.Майдар (1916-1991),  Н.Сэр-Оджав (1923-1990), Д.Баяр (1946-2010), Г.Мэнэс (1958-2010) сынды  (бәрі де о дүниелік болған) моңғол археолог ғалымдардың  және де Совет-Моңғолия тарихи-мәдени бірлескен экспедициясы (1969-1983) В.В.Волков, В.Е. Войтов, С.Г.Кляшторный, Ю.С.Худяков, В.Д.Кубарев секілді (бәрі де о дүниелік болған)  совет одағы ғалымдарының далалық зерттеу ғылыми есептеріндегі, жарияланған зерттеулеріндегі сызбаларды,  фотосуреттерді ешбір аттарын атамай, сілтеме көрсетпей  пайдаланған.

Ендеше қарапайым ғылыми этиканы аттап өткен Қ.Сартқожаұлын кім деуге болады? Аталмыш фотосуреттердің, сызбалардың авторлары -  түркологтардың, археологтардың, ғалымдардың, зерттеушілердің  және экспедициялардың,  ғылыми мекемелерінің «Неліктен атын атап, түсін түстеп жазбаған???».

Мұның барлығы - «плагиат», яғни «ғылыми ұрлық», «бөтеннің шығармашылық жұмысын заңсыз пайдалану, басқа адамдарға өзі туралы жалған ақпарат беру, авторлық құқықты бұзу» емес пе?!

Оқырмандарға түсінікті әрі көрнекті болсын деп фотосуреттерінің салыстырмасы беріп отырмыз:

Бірінші мысал.

Сурет 10. 2002 жылы Астанаға әкелген бас мүсінді Хайрхан сұмынындағы кеуде мүсінге қиюластырған фото (Қ.Сартқожаұлы, 2002 жыл).

 

Сурет 10. Қ. Сартқожаұлы кітабындағы авторы жазылмаған сызба сурет.

 

Моңғол археологы Довдойн Баярдың сызбасы (1997 жыл).

Екінші мысал.

Сурет 13. Ұстынның КТ II кесінділері. (Тағы да Қ. Сартқожаұлының кітабында авторы жазылмаған, белгісіз?).

Күлтегін бітіктасы. Қаптал тұсы.  Көне түрк мәтінді қара тушьпен бояп фотосуретке түсірген сәті.

Фотосурет авторы С. Дагвасамбуу. 1958 ж.

 

Күлтегін бітіктасы. Қаптал тұсы.  Моңғолия Ғылым Академиясының академигі Бямбын Ринчен көне түрік мәтіндерді тушьпен бояп тұрған сәті.  Фотосурет авторы С. Дагвасамбуу. 1958 ж.

 

Қ.Сартқожаұлына қатысты осындай жүздеген мысал фактілер бар, айғақтар жеткілікті.

Мұндай ғылыми этикаға жат әрекеттерден қазіргі әлемдік түркологияда ада-күде емес. Оның өткендегі «классикалық тарихы» туралы атақты алтаист, моңғолтанушы, түрколог Николас Поппе (1897-1991) өзінің «Естеліктер» атты  өмірбаяндық (Nikolaus Poppe, Reminiscences. Bellingham, 1983)  кітабында  плагиат  жасаған «ресей-совет ғалымдарының аты-жөнін жазып отырып» нақты әшкерелеп көрсеткен еді.

Сөйтіп, «Орхон ескерткіштерінің толық атласы. Үш томдық» ғылыми басылымының  «фотоларының, сызбаларының авторлары КІМДЕР? Неге авторлардың аты-жөндері  аталмаған?» деген сұраққа,  ғылыми нақты әрі дәлелді бұлтартпайтын ресми жауапты  Қаржаубай Сартқожаұлына қалдырдық!

ҚҰЖАТТАР ҚҰПИЯСЫ

- Сіз шетелдерде архив қорында ұдайы ізденістер жасайтын бейнетқор ғалым деп білеміз. Бұл сұхбатта біз білмейтін кейбір құжаттарды жария етсеңіз?

- Біз зерттеу жүргізген Ресей, Қытай, Германия, Моңғолия, Түркие сынды мемлекеттердің архивтерінде, ғылыми мекемелерінде, музей қорларында түркология мен түркологтарға қатысты ұшан-теңіз материалдар мен құжаттар сақтаулы тұр, оларды ұзақ мерзімді жобалар негізінде зерттеуіміз қажет, біртіндеп зерттеліп те келеді.

Орайы келген соң қоса айтарымыз, Моңғолия Тарих институты архивінде де зерттеуде болдық.  Қ.Сартқожаұлы, Моңғолия  Ғылым академиясы Тіл білімі институтында ф.ғ.к.   Базылхан Бұқатұлының жетекшілігінде «Моңғолия Халық Республикасы территориясындағы көне түрік жазба ескерткіштері Атласы» атты Ғылыми жобада 1982-1983 жылдары қатысқандығын қазіргі күні әбден ұмытып кеткен сыңайлы. 

Б.Базылханға қатысты архив құжаттары.

Моңғолия  Ғылым академиясы  Тіл білімі институтының  Архиві.  ХЗХ № 1983.12.13.

Қ.Сартқожаұлына қатысты архив құжаттары. Моңғолия  Ғылым академиясы  Тарих институтының  Архиві.  № 1989.

 

(Қараңыз:  Б.Базылхан, Л.Болд, С.Харжаубай «БНМАУ-ын нутаг дахь эртний түрэг бичгийн дурсгалууд» гэдэг сэдэвт ажил.  Моңғолия  Ғылым академиясы  Тіл білімі институтының  Архиві.  ХЗХ № 1983.12.13. ; Б.Базылхан  Күл Тегин, Тэрхийн бичээс. Үгзүй, оршил, өмнөх үг.  «БНМАУ-ын нутаг дахь эртний түрэг бичгийн дурсгалууд»  Гарбичмэл- 100 хуудас. Гэрэлзураг-10 ширхэг. Б.Базылханы хувийн архив: 10-р хавтас: 1980-1990 онууд. Улаанбаатар хотын прокурор, Сүхбаатарын районы ардын шүүхэд. Даалт гаргах тухай. 25-хуудас эх баримт. Зохиогчийн эрх хамгаалагдах ёстой.  «Үнэн» сонины сурвалжлагч Ц.Дашдорж. «Үнэн» 1985. XII.21. Бямба. №306 (16296). Тал 4.).

Қ. Сартқожаұлының жоғарыда атаған Үштомдық Атласында Моңғолиялық  кейбір аға, кіші буын ғалымдарды былайша сипаттайды: «Базылхан Б.- тілші, моңғолтанушы  (Моңғолия). Күлтегін бақатасындағы мәтіннің 1969 жылы транскрипциясын жасап, аударған» (1-том, 505 бетте). «Цэндийн Баттулга – түріктанушы (Улан-батыр) моңғол жеріндегі майда жазуларды қайта көшіріп, қайта оқуға ат салысқан» (1-том, 509 бетте). Бұл екі ауыз сөйлемнен, нені түсінеміз, осы екі зерттеуші  тек ғана  «бақатасындағы мәтінді аударған, майда жазуларды қайта көшіріп, қайта оқуға ат салысқан» қызметкерлер ғана ма екен?

Ал,  Б.Базылхан, Ц.Баттулга және басқа ғалымдар туралы Моңғолия Тарих институты архив деректері мүлдем басқаша сөйлейтіндігін салыстырып байқауыңызға болады.

Атақты түрколог, саха (якут) тіл білгірі Елизавета Ивановна Убрятова (1907-1990), археолог Виталий Васильевич Волков (1933-2000)  және Базылхан Бұқатұлы  (1932-2012) Моңғолияда 1963 жылдың 26 ​​шілдесі - 12 тамызы аралығында Арханғай аймағы  Хөшөө-Цайдам алқабындағы  Білге қаған, Күлтегін бітіктас ескерткіштерінің, Булган аймағы Сайхан сұмыны «Могойн Шинэ ус», яғни Ел-етміш Білге қаған бітіктас ескерткіштерінің көне түрік мәтіндерін мұқият зерттеген еді, олар В.В. Радлов, С.Е. Маловтың ғылыми басылымдарындағы типографиялық кейбір қателіктерін тексеріп, толықтай оқып зерделеген болатын.

Бұл жайында Қ. Сартқожаұлының  Үштомдық Атласында бірауыз сөз де жоқ,  «ләм мим» де жоқ, тіпті Б.Базылханның көне түрік бітік жазулары туралы  монографиясы мен ондаған ғылыми еңбектерін де атап көрсетпей келеді. «Іштарлық, қызғаншақтық па, әлде басқа адамдарға өзі туралы жалған ақпарат беру ме???». Деректерді салыстырып, оқырман өзі қорытынды шығарар...

-Сіз Манж-Цин патшалығы дәуірінің деректері саласында да зерттеу жасап, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Қытайдың Бірінші архивінен қазыналар әкелгеніңізді білеміз. Қытайда түркі тарихы, соның ішінде қазақтарға қатысты қандай маңызды деректер сақталған?

-Қазіргі ҚХР-да  ежелгі заманнан бері түріктер, моңғолдар, манжұрлар, тұңғыстар, тибеттер, таңғыттар, сөңгүттер секілді көптеген далалық көшпелі әрі отырықшы халықтар мекендеген. Әсіресе, әсіресе түрік қағандығы дәуіріне қатысты  түрік бітік жазулы ескерткіштер, тасмүсіндер, қорғандар, қалалар секілді   (көне Сиань қаласында, Ішкі Моңғолияда және басқа жерлерде)  көптеген  мұралар бар. Сондай-ақ, Шығыс Түрікстан аумағында ұшан теңіз ескерткіштер шоғырланған.

Ал, Қазақ хандығының Абылай хан бастаған хандардың, билердің, батырлардың, ру-тайпалық құрылымдардың, елшілік қызметшілердің сынды алуан түрлі мазмұнды  қазақша, ойратша, манжұрша дипломатиялық қарым-қатынастарға байланысты түпнұсқалары, аудармалары, баяндамалары, рапорттары  сияқты жазба құжаттары Қытайдың Бірінші архивінде сақтаулы. Көпшілігі манжұр тілінде манжұр жазуымен жазылғандар. Олардың факсимилесі 2 том басылым  болып Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Қытайдың Бірінші архиві тарапынан жарыққа шыққан. Осы орайда аталған құжаттарды зерттеуде ерекше еңбек сіңірген Меруерт Әбусеитова, Бақыт Еженхан, Сағынтай Сұңғатай (1967-2019)  шығыстанушы  ғалымдарды  мақтанышпен атағанымыз абзал.

-Сіз түркологияны археологиямен ұштастырып, бірқатар ғылыми нәтижелерге қол жеткізіп келесіз? Биыл жаз маусымында қандай экспедицияға қатысасыз?

-Соңғы кездері  Халықаралық Түркі академиясы, Моңғолия Ғылым академиясы Археология институты, Моңғолия Ұлттық музейі секілді ғылыми мекемелерімен бірлескен бірқатар жобаларды жүзеге асырды.  Атап айтқанда, «Шивээт улаан», «Хөшөө цайдам», «Хаяг худаг», «Гүнбүрд» секілді көне түрік ғұрыптық кешендерінде 2016-жылдан бері  тұрақты түрде археологиялық қазбаларды жүргізіп келеміз, ғылыми жаңа нәтижелілерге қол жеткіздік, ғылыми  басылымдарымыз да бар.

Биыл әлемдік пандемия салдарынан тоқтап қалған ортақ ісімізді жаңғыртып, Күлтегін, Білге қаған кешендеріне жақын жерде орналасқан бұрын-соңды зерттелмеген көне түрік «Номгон» ғұрыптық кешендерінде бірлескен археологиялық қазбаларды жалғастыру үшін іс-сапарға аттанып барамыз.

Көне түрік дәуірінің түрік бітік жазулы мәтін жазылған адырна іспетті музыкалық аспабы

Көне түрік бітік жазулы ескерткіштердің бірегей нұсқасы - қайын ағашынан ойылып жасалынған «атбасты, адырна» іспетті музыкалық аспаптағы мәтін болып тұр. Ол аспап Моңғолияның Ховд аймағы, Манхан сұмыны Жаргалант хайрхан тауы "Нүхэн хад" деген жартастағы жерлеу орнынан 2008 жылы табылған болатын.
Жаргалант хайрхан тауы "Нүхэн хад" жартас жерлеу орнындағы жауынгер ердің ер тоқымы, қару жарақтары, музыкалық аспабы және басқа бұйымдарының археологиялық, консервациялық, реконструкциялық зерттеулерін моңғол ғалымдары Ц.Төрбат, Д.Батсүх, Т.Батбаяр және неміс ғалымдары Jan Bemmann, Thomas O. Höllmann, Peter Zieme, Susanna Schulz жүргізді. Ал, Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты мен Германия Бонн қаласындағы Райн Фридрих Вильхельм университеті арасындағы келісім бойынша аталмыш табылымдарды қалпына келтіру, тұмшалау-консервациялық жұмыстары тамамдалып, арнайы көрмелер 2012 жылы Бонн қаласында ("Steppen krieger – Reiternomanden des 7.–14. Jahrhunderts aus der Mongolei"), 2014 жылы Ұланбатыр қаласында ("Талын дайчдын өв соел" ) ұйымдастырылды, қазір аталмыш табылымдар Моңғолия Ұлттық музейінің қорында сақтаулы тұр.

КӨНЕ АСПАПТЫҢ СЫРЫ МЕН ШЫНЫ

-Сұхбатыңызға көп рахмет! Жорытқанда жолыңыз болсын!

Сұхбаттасқан Арман ӘУБӘКІР,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер