ҚАЗЫБЕК ИСА: Ұлытауда Ұлы ханымызды ұмытпау керек еді…

5091
Adyrna.kz Telegram

Ұлытаудағы құрылтай - ұлт болып ұйысудың сәтті қадамы! Көптеген маңызды тақырыптар айтылды. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың баяндамасында ел күтіп жүрген өзекті мәселелер көтерілді.

Елдің Егемендік декларациясы қабылданған ұлттық мерекемізді қайтарып берді. Қасиетті Тәуелсіздікке әр қадам біз үшін ерекше қастерлі.

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов, белгілі саясаткер Әлихан Бәйменов, академик Асқар Жұмәділдаев, ақын Светқали Нұржандар еліміздің қоғамдық-саяси, мәдени-тарихи, білімі саласында терең толғап, ұтымды ұсыныстар білдірді.

Құрылтайдың ел ерекше қуанған шырқауы әлемге әйгілі ақын Мұқтар Шахановтың “Қазақстанның Еңбек Ері” атағымен марапатталуы болды!
Ұлы даладағы Ұлытаудың төрінде ұлы ақынның кеудесіне Алтын Жұлдызды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тақты!
Ел күткен ерекше марапат! Халықтың шын ықыласы!

Бірақ, бір айтарымыз, Ұлытауда, ұлы ханымыз - Жошы ханның басында өткен Құрылтайда Жошы ханның келер жылы, 2023 жылы таққа отыруының 800 жылдығын мемлекеттік деңгейде ұлт болып, ұлықтау мәселесін ұмытпау керек еді!..

Жошы хан - Алтын Орданың атасы, бүкіл Қазақ хандарының бабасы ғой!

Біз бұл ұсынысымызды бұдан үш жыл бұрын да, 2019 жылы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында жасаған баяндамамызда да айтқанбыз. Одан бері Алтын Орданың 750 жылдығында Жошы ханға ескерткіш қойылып, кейін кино түсіретін болып шешілгенмен, тұтас кешенді бағдарлама қолға алынған жоқ әлі.

Әлемдегі геосаяси дүрбелеңдер дүбірінде ел болып, Ұлы ханымызды ұлықтау - ұлттық патриоттық жаңғыруға, рухани жаңаруға ренессанстық серпін беретіні анық.

Құрылтайда көтерілген құнды мәселелердің іске асуын күтеміз.

Қазыбек ИСА

 

Пікірлер