Шыңғыс ханның бүгінге жеткен өсиеті

4552
Adyrna.kz Telegram

Құрдымға кеткен Кеңес елінің өкіметі 20 миллионнан астам адамның өмірін қиған ең ауыр соғыстың отын жаққан Адольф Гитлерді емес, Шыңғыс ханды әлемнің ең зұлым қолбасшысы деп танытуға қолынан келгенін істеп баққаны белгілі. Мұның себебі бірнеше ғасыр бойы Ресейді бодан еткен Шыңғыс ханнан өзінше өш алу болған шығар. Адамзат тарихындағы ең танымал тұлғалардың бірі - Шыңғыс хан шынымен жауыз болды ма, яки өз кезінің жағдайына байланысты әрекет істеді ме, ол жеке мақаланың жүгі.

ХХІ ғасырда да көпшіліктің көңілін өзіне аудартқан Шыңғыс хан адамзат тарихындағы ең үлкен мемлекетті құрумен қатар, ел басқару ісіне көптеген жаңалықтар енгізді. Оның айтқандары әлі де өз маңызын жойған жоқ. Шыңғыс ханның осындай бір өсиеті бүгінге жетіп отыр.

Шыңғыс ханның бұл өсиеті туралы айтпастан бұрын әлем тарихына біраз шолу жасалық. Адамзат тарихында алға ұмтылумен қатар небір жаман әдеттердің нәтижесінде қайғылы жағдайға соқтырған оқиғалар жетерлік. Біздің дәуірімізге дейінгі 530 жылы парсы патшасы Кирді жеңген сақ патшайымы Томиристің жалғыз ұлы Спаргапис сарбаздарымен барлауда жүріп парсылардың әдейі тастап кеткен шарабын ішіп мас болып ұйықтап жатқан жерінде қолға тұскен. Есін жиғаннан соң кешірілмес қате жібергенін түсініп өзін-өзі қанжармен жарып өлтіруге мәжбүр болған. Бұл оқиғаны тарих атасы атанған Геродот өзінің «Тарих» атты кітабында жазған.

Мұсылман елдерінде Ескендір Зұлқайнарын деген есіммен белгілі Македондық Александрдың атын көп адам ұлы қолбасшы ретінде біледі. Бірақ өмір бойы соғысумен атын әлемге жайған әміршінің ішкілікке әуес болғанын, тіпті Мараканда (қазіргі Самарқан) қаласын басып алған кезде бір отырыста есі кеткенше ішіп мас болғаны соншалық досы Клитті өлтіргенін көпшілік біле бермейді.

Көрші Ресейді бір мың жыл бұрын христиан дінін қабылдатқаны үшін әулие саналатын князь Владимир осы дінді қабылдамас бұрын «бұл дін шарап ішуге рұқсат ете ме, жоқ па» деген мәселеге баса назар аударғаны туралы кезінде Ресейдің бір телеарнасы мәлімдеді. Ішімдікке құмарлығы жүріп-тұруына, іс-әрекетіне әсер еткен болашақ «әулиенің» зұлымдығында шек болмаған. Белгілі тарихшы Лев Гумилев «Ұлы дала және байырғы Русь» атты тарихи еңбегінде Владимирдің ханша Рогнеданы жұрттың көзінше зорлап, туған бауыры Ярополкті келіссөзге алдап шақырып өлтіріп жібергенін нақты жазған.

Аты әлемге белгілі қолбасшылар қатарында аты аталатын Ақсақ Темірдің жеңістерінің құрметіне ұйымдастырлатын мерекелер барысында да көл-көсір шарап ішілетін болған. XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың бірінші жартысында Орталық Азия, Ауғанстан, Үндістан және Иран жерлерінде болған оқиғаларды баяндап «Бабырнама» атты кітап жазған Захриддин Бабыр Хисар қаласының тұрғындарының және Хұсрау шаһтың бектері мен нөкерлерінің ішкілікке өте беріліп кеткені, ал адамды тез мас ететін уытты шарап Бұқара қаласында жасалатынын осы еңбегінде баяндаған.

Енді Шыңғыс ханның өсиетіне тоқталайық. Ол өз заңдарын бір жүйеге келтіре жаздырып, оны «Жаса» деп атаған. Бұл заңдар туралы ханның замандасы, парсы тарихшысы Рашид-ад-дин (1247-1318) «Жақсы және нық жарғы» деген баға бере отырып өзінің жылнамасында Шыңғыс ханның арақ-шарап туралы айтқанын келтірген.

Шыңғыс хан былай дейді: «Арақ-шарап ішкен адам мас болған кезінде ештеңе көрмейтін зағипқа айналады. Егер оны біреу шақырса құлағы естімейтін меңіреу, сөйлей алмайтын мылқаудың кейпіне енеді, егер онымен сөйлессең жауап бере алмайды. Мас болғанда өлейін деп жатқан адамға ұқсап басынан қатты соққы тигендей ешнәрсе сезбейді, тіпті тік отырғысы келсе де отыра алмайды.

Арақ-шарапқа құмар билік иесінің ниеті асқақ бола алмайды, қолы ұлы жетістіктерге жете алмайды. Маскүнем қолбасшы қарамағындағы мыңдыққа, жүздікке, тіпті ондыққа да әмірін жүргізуге шамасы келмейді. Бастаған ісін аяғына жеткізе алмайды. Шарап ішуге бойын алдырған қатардағы жауынгер өте қауіпті жағдайға ұрынып, үлкен қайғыға душар болады.

Арақ пен шараптың ақыл мен жауынгерлік айбынға беретін еш пайдасы жоқ, тек жаманшылыққа, ұрыс-керіске, біреуді өлтіруге дейін апарады. Адамның қолындағы барынан айырады, абыройын төгеді. Осылайша тірлігі де істері де ұятты болады.

Қатардағы адам ішкілікке жақын болған жағдайда мінген атын, алдындағы малын, бүкіл дүние-мүлкін арақ-шарап ішуге жұмсап тақыр кедейге айналады. Маскүнем қызметші өмірін үздіксіз қиналыстар мен азап шегумен өткізеді. Арақ-шарап ішкіштердің беті мен жүрегіне қарамайды, жақсыларды да жамандарды да ақымақ етеді. Ішімдік қолды ештеңе істей алмайтындай әлсіретеді де адам өз кәсібімен айналыса алмай қалады; аяқты қаттылығынан айырып алға бастырмайды; жүрек пен ақылдың әлсірегенінен адам жүйелі түрде ойлай алмайды; барлық сезім жүйесін, ойлау қабілетін іске алғысыз етеді.

Арақ ішпейтін адамнан жақсы ешкім жоқ. Мұндай адамды қалай сыйласа да жарасады».

Әлем тарихында зор мемлекет құрып, дін бостандығына қол сұқпаған, өмірлік тәжірибесі бір мемлекет басына жетерлік Шыңғыс ханның бұл өсиетімен бүгінгі таңда өзін өркениет мүшесімін деген әрбір азамат келісетіні күмәнсіз.

Осынау бұлтартпас тіршілік ережесімен келісу бар да оны іске асыру бар. Бүгінгі жағдайда өмірді белшесінен басып сүру керек деген ой ұранға айналғандай болып тұрған кезде арақ-шарап ішу үдеп тұр. Ішкіліктің құрбаны болып жатқан адамдардың арасында жасы да кәрісі де жеткілікті. Ендігі жерде бұл келеңсіздікті ауыздықтау үшін аға буын өкілдері жауапкершілікті өз мойнына алуы қажет. Қазақта не көп, жиын-той көп. Осы бір қуаныш көрінісі болып табылатын ата салтты көпшілікті ішімдіктен аластату мақсатында пайдалану керек. Бұл үшін той яки басқа іс-шараға байланысты жиналған мәслихатында дастархан мәзірін әңгіме еткенде тойды бір ғана әулеттің іс-шарасы деп қарамай, оның пайдасымен қатар зияны болуы мүмкін екенін еске ала отырып арақ-шарап, сыраны қонақтар алдына аз мөлшерле қою жағы келісілсе құба-құп болар еді. Арақ-шарап дастарханға қойылмайды деп шешім қабылданса тіптен жақсы. Ондай тойда қонақтардың көңілін көтеру дәстүрінің мол жиынтығы жетіп артылады. Қазақ халқының тарихынан хабары бар азаматтар тойлардың ХХ ғасырға дейін арақ-шарапсыз өткізілгенін жақсы біледі.

Бұл мәселені шешудің тағы бір ұшы ұлттық сусындарды – қымыз, қымыранды насихаттауға келіп тіреледі. «»Қалауын тапса қар жауады» деген сөз бекер айтылмаған. Қазақ халқын ғасырлар бойы сақтап келген сусындарды жыл он екі ай дүкен сөрелерінен түспейтіндей етуге мүмкіншілік жасау керек. Оттың жану жүйесін басқаруды, қынапсыз оқты ойлап тапқан қазақ ғалымдары мен іскерлері біріксе және бұл іске мемлекеттік тегін жарнамалау және басқа да қамқорлық жасалса бұл ойдың іске асары сөзсіз. Осылайша арақ-шараппен сыраны ішуді кеміту арқылы көпшілікті ата дәстүрлерімен қауыштырумен қатар халқымыздың өмір жасының ұзаруына қол жеткізуге болады. Арақ-шарапты ішкілік ретінде пайдалануды мүмкіншілігінше азайтып, содан кейін тіпті доғару бағытын ұстанатын мезгіл жетті. Бұл – салауатты өмір салтын ұстанудың бірден-бір дұрыс жолы.


Бердалы ОСПАН,

"АДЫРНА" ұлттық порталы

Пікірлер