34 млн теңгесін алдап алған: Шымкентте алаяқ әйел сотталды

2848
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Шымкентте екі жыл бойы азаматтарды «мемлекеттік бағдарламамен пәтер алуға көмектесемін» деп алдап келген тұрғынға қатысты сот шешімі шықты. Бұл туралы Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Алаяқтың арбауына 21 тұрғын түсіп, жалпы сомасы 34 млн ақша берген.

«Алаяқтықты кәсіп еткен 27 жастағы әйел қала аумағында соғылып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерден танысы арқылы пәтер алып бере алатынын айтып, өзін жарнамалаған. Осылайша, тұрғындардың сеніміне кіріп, ақшаларын өз пайдасына жаратып отырған» делінген қалалық ПД хабарламасында.

Сондай-ақ балаларын қарату үшін үйіне жұмысқа алған келіншектің банк картасын алдап сұрап алып, ұялы телефонына оның қосымшасын орнатып қойған. Ал жәбірленушілер берген ақшаның бәрі сол картаға түсіп отырған. Келіншектің бұл алаяқтық әрекетті білген сәтте полицияға арызданған.

Бұдан өзге, басқа жәбірленушілерден алған ақшаны кездейсоқ адамдарға өтініш жасап, банкоматтардан шешіп жүрген.

«Күткен үйіне қол жеткізе алмай, алданғанын білген тұрғындар полицияға арызданған. Тәртіп сақшыларымен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары барысында, куәлерден жауап алып, сұрастыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ банктік аударымдар тексеріліп, әйелдің алаяқтық ісі дәлелденді. Сот шешімімен қылмыстық іс жасағаны үшін әйел 4 жылға сотталды» делінген хабарламада.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары азаматтарға алаяқтың арбауына түсіп қалмау үшін, бейтаныс тұлғаларға артық сенім танытпай, күмәнді қызмет ұсынысына ермеуіне шақырады. Үй мәселесі жөнінде арнайы мемлекеттік мекемеге жүгінуге кеңес береді.

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер