Болашаққа нық қадам

1829
Adyrna.kz Telegram

27 мамыр күні Тараз қаласындағы Жастар аллеясында «NEET жастарының құндылығы » тақырыбында кездесу өтті.Кездесу «Жастарды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында жалғасын тапты. Жоба жастардың жұмыс және оқуға келгенде белсенділік танытпау себептері, жобалық кеңсе тарапынан жастарға көмек беру және кәсіби бағдарлау түрлері, NEET жастарының қордаланған мәселелерінің шешу жолдарын қарастыруға бағытталған. Осыған байланысты, Тараз қаласының жұмыспен қамту және жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып NEET жастарына арнайы жәрмеңке де ұйымдастырылды.

Жамбыл облысы әкімдігі жастар басқармасы, бүгінгі таңда Тараз қаласы мен аудандарында 11 орында бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастыруда. Жәрмеңкеде 150-ге жуық жұмыс берушілер қамтылып отыр. Оның ішінде 410-ға жуық бос жұмыс орындары ұсынылады дейді Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.

«Тараз қаласының өзінде аталмыш жәрмеңкеге 3000-ға жуық жұмыссыздарға қатысуға шақырту берілген болатын. Бұл жұмыстар қала аудандарында да қамтылуда. Қазіргі таңда Жамбыл облысында 258 мыңға жуық жастар бар. Соның ішінде жастар саясаты өз жұмысын осы жұмыссыздықпен күреске баса назар аударады. Жалпы облыста жастарды дамытуға арналған негізгі бағыттар назарға алынып, жұмыстар атқарылуда»,- дейді Серікбол Берікқожа.

Ағымдағы жылдың басынан Тараз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына 1400 жас қайырылды. Қазіргі таңда ол жастардың ішінде 801 азамат NEET санатындағы жастар құрамына кіреді. Олардың басым бөлігін жүмыспен қамту орталығы жұмысқа бейімдеп жатқанын айтты.

«Ол азаматтардың ішінен 624 азаматты тұрақты жұмыс және жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартып отырмыз, яғни жұмысты 77.9%-ға орындадық. Алдағы уақытта да NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту мақсатында біздің орталықта өте көптеген жұмыстар жүргізіледі», _- дейді Тараз қаласы әкімідігінің халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Қабылқұлов Нұрлан.

Іс-шара барысында жастарды болашақ өмірлік жоспарларына ынталандыру және шығармашылық әлеуетті дамыту мақсатында өмірін кәсіппен өрнектеген бизнесмен Абдраманов Марсель жастарға мансап және жеке өсу үшін өмірлік дағдыларды дамытудағы тәжірибелері мен жіберген қателіктері жөнінде айтып берді.

«Мен алғашқы кәсібімді хот-дог сатумен бастадым. Ешкімнен ұялған жоқпын. Сөйтіп қателіктерден сабақ алып, тынбай еңбектеніп, үлкен бизнеске аяқ бастым. Қазір көп жастар бірден үлкен бизнес ашқысы келеді де аспанға қарап отырады. Хот-дог сат, нан сат десең арланады. Кез-келген жұмыстан арланбай бастап кетсең, соңында жемісін көресің», - дейді кәсіпкер.

Кездесу барысында кәсіпкер командасына үш кадр тапшылығы бар екенін айтты. Сонымен қатар бірге жұмыс істегісі келетін жастарға бос жұмыс орынын ұсынды. Одан бөлек, жәрмеңкеге келген NEET санатындағы Жанғазиева Гүлназия жұмыспен қамтылды.

«Бүгін мен бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне келіп тұрмын. Қазіргі таңда жастар практикасы бойынша Тараз мамандандырылған колледжіне жұмысқа тұрып жатырмын. Менің құжаттарымды қарастыру үстінде. Өткен жылы Жамбыл политехникалық колледжін тәмамдадым. Бір жыл бойы жұмыссыз жүрдім. Бұйыртса, бағдарламашы мамандығы бойынша жұмысқа тұрып кетемін деген ойдамын», дейді Жамбыл политехникалық колледжінің түлегі Жанғазиева Гүлназия.

 

 

Пікірлер