Мемлекеттік Туды қорлағандарға қатысты Мәдениет министрі пікір білдірді

3742
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz
ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев көк туды сахнаға алып шығып, балағат сөздер айтқан "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі мен көпшілік Shiza деп танитын Асхат Жолшиевке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Министр инстаграмдағы парақшасында былай деп жазды:
"Мені Instagram-да белгілеп, біраз хабарлама жіберіпсіздер. Көпшілік талқылап жатқан концертті ұйымдастыруға Мәдениет және спорт министрлігінің қатысы болмаса да, жауап бере кеткеніміз дұрыс.
Мәдениет және спорт министрі әрі Қазақстан азаматы ретінде мен сахна төрінде келеңсіз жағдайдың орын алуына мүлдем қарсымын.
Сахна – киелі орын. Сахна мәдениетін сақтамағандарды, бейәдет сөйлегендерді, олардың бәрін былай қойғанда елдігіміздің нышаны саналатын қастерлі атрибуттарымызға құрметсіздік танытқандарды ешқандай ақтап алуға келмейді.
Жағдайға қатысы бар азаматтар өз қателігін ескеріп, сабақ алады деп ойлаймын. Дегенмен концерт ұйымдастырушылары міндетті түрде жауапқа тартылуы керек. Халықтың ашуы орынды. Көк Туымыздан ешқайсымыз биік емеспіз", — деп жазды ол.
Айта кету керек, қазір желіде бұл жағымсыз жайтқа байланысты халық наразылық білдіріп жатыр.

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер