«AMANAT» партиясы жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында кеңес Төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов инфляциялық өсімді болдырмас үшін министрліктер атқарып жатқан жобалардың тиімсіз екенін айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Azattyq Rýhy" сайтына сілтеме жасап.
«Қазір депутаттар өңірлерді аралап жүр. Халық бірінші кезекте азық-түлік бағасы жаппай қымбаттап жатқанын айтады. 2022 жылдың сәуір айында инфляция 13,10% болды. Азық-түлік тауарлары 18%-ға қымбаттады. Десе де қазір ресми статистикаға ешкім сенбейді. Біздегі инфляцияның қалай есептелетінін анықтадым. Статистика бюросы өзі қалаған сауда орталықтарына барады. Меніңше, олар тексеріс кезінде бағаны төмендетіп қоятын сауда алаңдарын таңдайтын сияқты. Халық қымбатшылықты пайызбен емес, еселеп есептейді. Сол үшін инфляцияны есептейтін тәсілді өзгерту керек. Сауда және интеграция министрлігі қажетті азық-түлік бағасын анықтайтын жоба ашқанын жарияға жар салды. Соңында оның еш пайдасын көрмедік», - дейді депутат.
Оның сөзінше, бағаның қымбаттауына қатысты Үкіметтің «инфляцияға сыртқы факторлар әсер етті» деген сылтауы бар.
«Қазір Украинадағы жағдай біздің шенеуніктерге жақсы болды. Бізде картоп бағасының 30%-ға өсуі Украинадағы жағдайға байланысты ма сонда? Ең алдымен елдегі ішкі жағдайды, проблеманы анықтау керек. Ұлттық экономика министрлігі қымбатшылықпен күрес үшін 67 шара ұйымдастырылғанын айтты. Соған қарамастан баға өсуін тоқтатқан жоқ. Мүмкін олар басқа бағыттағы шараларды ұйымдастырып жүрген шығар. Министрлер аузын толтырып есеп бергеннен халық оның шарапатын сезінбейді. Инфляцияға нақты қандай тауарлардың қымбаттауы әсер еткенін анықтап, сараптап жатқан да пенде жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі картоп, нан, қант және көкөніс өнімінің өндірісін артатынын айтты. Біздің халық одан басқа тамақ жемей ме? Ал ет бағасының қымбаттап жатқаны, өсімдік майы, сүт өнімдерінің жайы не болмақ?!» - деді депутат.
Оның сөзінше, бағаны тұрақтандыру мақсатында аталған министрлік айналым схемасының тиімділігіне бюджеттен 18 млрд теңге бөлген. Бұған қоса, салық төлеушілердің ақшасына азық-түлікті тұрақтандыру қорына 16,8 млрд теңге бөлінген.
«Сөрелерде тауарлар қымбаттап жатыр, сонда бұл ақша қайда кетіп жатыр? Одан да бұл ақшаны бірден халыққа үлестіріп беру керек еді. Соның пайдасы тиімдірек», - дейді депутат.
"Адырна" ұлттық порталы