Мәжіліс депутаттары ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыруды ұсынды. Бұл туралы Парламенттің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жаңа үш жылдық бюджет жобасына берген қорытындысында айтылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Құжат сәрсенбі күні депутаттардың қарауында болды. Алайда Үкімет өкілдері 2026 жылғы бюджетте бұл мақсатқа қаржы қарастырылмағанын мәлімдеді.
«Әлеуметтік-мәдени даму комитеті ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыруды қажет деп санайды», — делінген комитет қорытындысында.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Мәжіліс кулуарында алдағы үш жылдық бюджет жобасын талқылау кезінде айтылған бұл ұсынысқа пікір білдірді. Оның айтуынша, Үкімет қазіргі бюджет жобасында ең төменгі жалақыны көтеруге қажетті шығындарды жоспарламаған.
«Бүгін Мәжілісте 2026 жылғы бюджет қаралып жатыр. Нәтижесін депутаттардың дауыс беруі көрсетеді. Бірақ қолданыстағы бюджет жобасында ең төменгі жалақыны көтеруге арналған қаражат қарастырылмаған», — деді Ержан Біржанов.
Айта кетейік, 2025 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 85 000 теңге болып белгіленген.
Қоғамдық көлік жүргізушілерінің мәртебесі мен жалақысын дәрігерлер мен мұғалімдердікі секілді көтеру ұсынылды