Шыңғыс Мұқан түлектерге тілегін білдірді

2715
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан  қаладағы мектептердің біріне арнайы барып, соңғы қоңырау салтанатына қатысты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы ол өзінің инстаграмм парақшасында жазды. Оның айтуынша, биыл Шымкент қаласында 11 189 түлек мектеп бітіріп жатыр.

“Құрметті түлектер! Мектеп бітіру - бұл ересек өмірге басқан алғашқы қадам. Өмірде, қалайсың ба, қаламайсың ба, қиындықтарға кезігесің. Жолың болмайды, сәтін салмайды. Негізі, қиындықтың өзі қиын емес, одан сабақ алып, сүрінген жеріңнен жігерлене қайта тұру қиын. Осыдан 22 жыл бұрын мектеп бітіріппін. Ауылда астыма мініп жүрген жалғыз атымды сатып, 2000 жылдың жазында арман қуып Алматыға аттандым. ҰБТ тапсырдым. Өте алмай, жоғарғы оқу орнына грантқа түсе алмай қалдым.

Алдымда екі жол тұрды. Біріншісі алғашқы қадамымның сәтсіз басталғанын себеп етіп, ауылға оралу, екіншісі сынақтан мүмкіндік іздеу. Оңайы - қолды бір сілтеу, қиыны - өзіңді қамшылау. Қиын жолды таңдадым. Ақылы болса да оқуға түстім. Ағылшын және испан тілдерінің аудармашысы мамандығын меңгердім.
Студенттің өмірі жұпыны. Бірінші курстан бастап еңбекке араласып жүріп жоғарғы оқу орнын тәмамдадым. Ендігі арманым оқуды шетелде жалғастыру болды.
Үш жыл еңбек еткен соң, 2006 жылы “Болашақ” бағдарламасына тапсырдым, бірақ өте алмай, оқуға түсе алмай қалдым.
Алдымда тағы да екі жол тұрды. Біріншісі, шетелде оқуды ұмыту, екіншісі тәжірибе жинап, бағымды тағы да сынап көру.
Тағы да қиын жолды таңдадым. Сегіз жыл өткен соң, 2014 жылы “Болашақ” стипендиясын иемденіп, жұмыстан оқу демалысын алып, 2016 жылы Америкаға аттандым. Гарвард университетіне түстім.
Құрметті түлектер, ешқашан оңай жолды таңдамаңыздар. Өмірде қиындық қана шыңдап шығады. Сәтсіздік - өмірдің соңы емес, басы. Сүрінгенің айып емес, қайта тұрып жүгірмегенің айып", — деп жазды ол.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер