ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Президент халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай төлемдерді төлеу нормасын қарастыратын заңға қол қойғанын жеткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы министр өзінің фейсбук парақшасында жазды.
"Кеше Алматыда қала мектептерінде оқитын республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтадым. Жеңімпаздарға дипломдарын табыстап, дарынды балалардың сұрақтарына жауап бердім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өткім келеді, — деп жазды ол.
Министрдің айтуынша, жақында Президент халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай төлемдерді төлеу нормасын қарастыратын заңға қол қойған. Заңға сәйкес енді алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі.
Оқушыларды жарысқа дайындаған педагогтерге де біржолғы сыйақы беріледі.
Одан бөлек, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қазақстандық ЖОО-ға түсу үшін автоматты түрде гранттар беріледі.
"Адырна" ұлттық порталы.