Тіл майданы: реформа мен революцияны шатастырмайық!

3799
Adyrna.kz Telegram

Соңғы жылдары қазақ тілін дамытудың бірден бір тетігі - оның жазу реформасын жүзеге асыру деген біржақты тұжырыммен келе жатырмыз. Кейбір лингвистердің пікіріне қарағанда жазу реформасын жасап, әліпби ауыстырсақ, тіл мәселесі өзінен өзі шешіліп сала береді екен...Тіл үшін әруақытта да басты фактор тілдік орта болып келеді және солай бола бермек. Сондықтан тілге қатысты кім пікір айтса да, ең әуелі тілдік ортаның үдесіне алаңдауы қажет. Оның үстіне мемлекеттік құзырын толық атқара алмай отырған тіл үшін нөмірі бірінші фактор – тағы да тілдік орта! Ал қазақ тілінің ортасы реформа жасауға дайын ба? Әлде оның кері ықпалы болмасына кепілдік бар ма? Бұл сұрақтарды біз қарастырмай отырмыз.

Ал реформа әруақытта да қосымша уақыт пен ресурсты және тәуекелді қажет етеді. Демек, біз жаңа әліпби ауыстыру арқылы, кирилше енгізілгеннен бергі 80 жылға таяу уақыт ішінде қордаланған тілдің қаптаған орфографиялық мәселелерін осы реформаның аясында жүзеге асыру арқылы қазақтілді ортаға шектен тыс ауртпалық салғалы отырмыз.Бұны бағамдамай отырмыз. Бұл тұжырымды автордың латын графикасына ауысуға деген қарсылығы деуден аулақ болыңыз,  2007 жылы латын әліпбиге көшуге арнайы тұжырымдама жасап жариялағанбыз, алайда бүгінгі ахуалға байланысты пікірді өзгертуге мәжбүрміз.

Біріншіден, реформаға қажет уақыт факторын алатын болсақ, біз жазу реформасына бөлінген уақыттан кешігіп отырмыз. Егер де бұл шешімді академик Ә.Хайдаровтар бастама жасаған өткен ғасырдың 90-жылдары қолға алғанда, бүгінгі барлығы ушыққан дәуірге келіп, дүбәрә тілдік ортамен тұйыққа тірелмес едік және көптеген жанама, алаңдатқыш факторларды қыл-қыбыр етіп жинап алып, бас қатырмас едік. Тіпті одан кейінгі 2000-жылдар да барынша тиімді уақыт болатын, алайда, біз өзімізге сенімсіз болғандықтан, бұл реформаны созбалап келіп, ақыры уақыт тосқауылына тап болып отырмыз. Бұның бір көрсеткіші соңғы жылдары қазақтілді ортадан орыс мектептеріне қарай ығысу үрдісі байқалғаны өз алдына, орыс тілінде тілі шыққан бастауыш сыныптағы баладан мұғалімдер құтыла алмайтын ахуал орнады. Бұл турасында жақында ғана ulysmedia.kz порталына берген Білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, 2016-2017 жылдардан бері (бұл – біздің әліпби ауыстыру әңгімеміздің шыққан мезгілі еді) қазақ мектептерінің ашылу саны күрт азайып, аралас мектептердің керісінше көбейіп кеткендігін байқадық. Бұл ненің есебінен? Мезгілсіз уақытта бұзып-жарып кірген «реформадан» қорыққан қазақ ата-анасы мен балаларының есебінен.  Негізінде социолингвистикалық зерделеу жазу реформасын бастамас бұрын жүруі керек еді. Бірақ олай болмай отыр және ол дәйекке реформаторлар назарын да салмай отырғаны өкінішті. Яғни реформаға жұмсалатын уақыт енді тілдік ортаны кеміре бастады! Бір мәселе екіншісін қоздыруда.

Екіншіден, соңғы жылдары әлемді қамтыған індет «дәуірі» қалыптасып отырған шақта, экономика тұралап, қаржы жетіспейтін кезеңге маңдай тірелген кезде, ресурстың қаншалықты жеткілікті болатыны үлкен сұрақ туғызуда. Жазу реформасы дегеніңіз әріпті ауыстырып, оқулықтарды қайта басумен ғана шектелмейтін, ұлан-ғайыр шаруалар кешені екенін ескеру керек. Және де реформа бір ғана жазу саласын қамтымайды, ең бастысы тілдік ортаны қамтыйды, өзгертеді және оның ахуалы мен сезімкүйін зерделемеу, ахуалды өз көңілкүйіңе бағындыруға тырысу - барынша қатерлі. Орыстілді бастауыш сыныптардың шұғыл көбеюі мен қазақтілді ата-аналардың балдарын орыс сыныптарына беру үрдісін ескермеу, зерделемеу түбінде соқыр реформаны туғызады.

Үшіншіден, кез келген реформа ең әуелі тәуекел деген факторды қамтиды. Егер де біз атаған алғашқы екі фактор ескеріліп, тиісінше шешімдер қабылданса, тәуекелдің ықпалы барынша азаяр еді, ал олар ескерілмесе, қолға алған реформаның революциялық сипаты басым болады да, тәуекел түбі - желқайық емес, еселене келе мүлдем керағар нәтижеге әкеліп соғады. Біз қазір қолға алған реформа әлі күнге нақты жол картасымен жабдықталмаған, яғни оның жүзеге асу жолдары нақтыланбаған, маршрут айқындалмаған және билеті алынбаған!  Біз онсыз да соңғы бес жыл ішінде екі жарлық пен үш бірдей әліпби нұсқасын бекітіп, қоғамды қорқытып алдық. Әлгі орыс сыныптарының көбеюі соның нақты салдары. Ондай салдарды құрғақ насихатпен бағындыра алмайсыз.

Не істемек керек? Шегірткеден қорқып егін екпеу керек пе? Жоғарыда аталған жазу реформасына қатысты үш факторды өз пайдамызға қалай бұра аламыз? Біріншіден, реформаны жүзеге асырғанда уақытты соның пайдасына бұратындай тактика керек. Мысалы, бүкіл орфографиялық емле-ережені латын қарпі арқылы жүргізіп, тіл тұтынушысын революцияға итермелемей, реформаға барынша жұмсақ үдеріс ұйымдастыру керек.  Оны кезінде белгілі бас орфографымыз, академик, марқұм Рабиға Сыздықова ұсынғандай, барлық емле өзгерістерін қазіргі кирилшемен жасап құтылған абзал. Және бұны жасауға қарсы шыққан ғалымдардың өздері лингвист ретінде емес, тіл тұтынушы ретінде қарсы шықты, демек оларға қарсы жеткілікті аргумент пен насихат жүргізілмеген, олардың өздері бұның маңызы мен мәнін ұқпаған, сенімсіз болған. Және де осы 30 жылдың ішінде кирилшемен жазу форматын  өзгерткен сөздер қоры айтарлықтай әрі оны тілдік орта қазір ың-шыңсыз сіңіріп те алды, бұлғарға тіпті реформаның да қажеті жоқ: зауыт – завод, Мәскеу – Москва, мәшін – машина ... кете береді.  Бұған қоса енді тіл білімі тарапынан сәйкес ұғынықты насихат пен электрон сөздік, тағы басқа ресурстар болса, үдеріс барынша өте тез сіңетіні даусыз. Бірақ сондай жауапкершіліктен қорқып, нақты шаруаның істелмей қалғандығын мойындау керек. Оның үстіне 42 әріпті бүгінгі әліпби қазақ пен орыс тілдерінің ортақ әліпбиі екенін жариялау арқылы, оны өзгертуге деген саяси шешім қабылдауды оңайлата түсер еді. Осындай қорлау мен тілдік ортаны қинауымыз қазақ лингвистеріне аса жауапты сын! Мысалы, «музыка» сөзін екі тілде бірдей жазғанмен, оқыған да қазақшада бұл сөзде [Й] дыбысының жоқтығы масқара емес пе?! Осындай масқаралықты әшкерелеп тілдік ортаға жеткізе білсе, ондай реформаға кім қарсы болады?

Егер біз реформаны бес жылдың ішінде 3 әліпби жасап, психолингвистикалық шегініске барудың орнына, кирилше жазу реформасын жасап алып, келесі сатыда ғана әріптерді латынға өзгертуді қалдырсақ, үшінші «тәуекел» факторын айналып өтіп, уақытты да ұтар едік. Оның үстіне теріскей елдегі сыртқы қарсы фактор да қарсы бораған дауылдай кедергі етпес еді.  Реформаның мәні оны өткізіп, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу ғана емес, оны барынша жеңіл өткізуде және ол бәрінен де маңызды! Субъектісіне залал келтіретін әрі лаңкес сипаты бар реформа – шын мәнінде  революция! Ал біз қазірдің өзінде тілдік ортаны қашырып отырмыз және дәл осылай атқарғанның өзінде бұл орта бірнеше топқа жіктелгелі отыр, қысқасы мүйіз сұрап құлақсыз қалып жүрмейік. Латын қарпін қолданушы әрі кетсе 30 жастан төменгі қазақшасы шала ұрпақ болғалы отыр. Ал бұны мойындағысы келмегендер баласын орыстілді ортаға салмақ... Ал бұрынғы орыстілді қауым қазақшаны үйренуден қашпақ... Сонда не ұтамыз? Бар болғаны сыртқы форма ғана, ал мазмұн не болмақ? Тілдік орта қайтпек? Кейінірек тілдің өзі қандай халде болмақ? Бұның бәрі социолингвистика мен психолингвистика саласынан қаралды ма? Жоқ. Бұл салалар әлі тіл саясатына енгізілген де жоқ.

«Қазіргі жастар аты-жөндерін латынша жазады, бір біріне солай хат жазады, адамдар жазуды қабылдағанда графикалық ойлау жүйесімен қабылдайды» деген терең емес тұжырымдар қоғамға бұл реформаны насихаттауға, сіңіруге жарайтын аргумент емес. Өйткені, оның барлығы белгілі бір ақпарат алуға деген толыққанды мәтіндер емес, ермек түріндегі қысқа сөздер мен сөйлемдер ғана. Ақпарат алу мен беруге қатысы жоқ жайттар ғана. Осы орайда реформаторлар тарапынан келтіріліп жүрген «SAMSUNG» сөзіне қатысты айтсақ, маңдайшада бұл сөз белі сызылмаған А әрпімен жазылса да, адам оны графикалық қабылдау жүйесімен оқиды деген ешқандай да дәйек емес, манипуляция болып шығады. Өйткені бұл - мәтін емес, сөз емес, маңдайшаға ілінген болмаса көрінген жерде әбден танымал болған брендтік таңба, таңба оқылмайды – графикалық түрде қабылданады, солай танылады, ал мәтіндегі әріп танылмайды - оқу арқылы ғана қабылданады. Мәтін мен таңданың арасына теңдік белгісін қоюға болмайды! Таңба жұртқа танымал болғасын қиындықсыз қабылданады, ал мәтінді адам графикалық қабылдау жолымен емес, әріптерді оқу арқылы, біріктіріп танумен қабылдайды. Егер әріп таныс болмаса оқи алмайды, оқу үшін адамның мыйында әлгі әріптер әбден танымалданып, мағынасы мейлінше автоматтанған қабылдау деңгейіне жетуі керек. Оған белгілі бір дағды қалыптастыру қажет.

Бұлайша реформаның насихатын жүргізу тиянақсыздыққа әкеліп соғады, бұл жерде шынайы түрде психолингвистикалық ғылымды қосу керек екені ескерілмей отыр. Қысқасы, біздің қазіргі қолға алған жазу реформамыз барынша күрделі шаруаны қамтиды, ал біз оны мейлінше қарабайыр насихаттап отырмыз. Мәселе: әріптер жасауда емес, оны мейлінше күрделі тілдік ортаға сіңіртуді қарабайыр елестетіп отыруымызда; бұнымен бірге қосымша қандай мәселелер боларын алдын ала ескермей отыруымызда. Әйтеуір, бір кіргізіп алайықшы, сосын «көш жүре бара түзеледі» деуімізде!

Бұл саладағы әуелгі басты қате: осы реформаны мейлінше ойыншық көріп,тіпті бірінші әліпби нұсқасын программистердің тықпалауынан көрініс берді, олар қазақ тілін кәмпиутрдің клавиатурасына/термекіліне бағындырғысы келді, ал бұл барып тұрған лингвистикалық қылмыс! Екінші нұсқа біріншісін жұмсартуға арналды, ал үшінші нұсқаны жасауға ғана тіл ғалымдары кірісті. Демек, біз бұл реформаға атүсті қарағанымыз өз алдына, сауатсыз әрі қалай болса, солай кіріскенбіз! Сондықтан ұтылмайтын әрі тәуекелі жоқ реформаны жасағанымыз бәрінен де жемісті әрі нәтижелі болмақ. Бастысы тіл саласында реформа мен революцияны шатастырмайық.

Серік ЕРҒАЛИ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер