Құн мен құндылық

3075
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

25 наурызда Алматы қаласында бұрын-соңды болмаған  Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназия ұжымының ұйымдастыруымен ақиық ақынның мерейтойына арналған «Қазағым сағынды, рас, мұзбалағын» атты театрландырылған кеш өтті.

Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрына лық толған көрермендер мектеп оқушылары мен ұстаздарының өнерін тамашалады. Оларлың өнері кәсіби актер-әртістерден аспаса, кем түспейтінінің куәсі болды.  Мұқағали Мақатаев өмірінің сақыналық қойылымдары мен ерекше жан біткен жыр-өлеңдері  көрермендердің көңілін теңіздей толқытты, сар даладай шалқытты.

Кештен соң марқұмның әруағына құран бағышталып, ас берілді. Жүрекжарды тілектері мен тебіреністерін білдіргісі келген қонақтарға мүмкіндік берілсе бірнеше күнге созылатын ас болар еді.

Ішімде буырқанып пулеметтың оғындай сыртқа атылғысы келіп тұрған ойларым санамда сайрап жатты. Бәрін айтып жеткізуге уақыт тым аз, әдеп сақтап ұшқынның бір ұшын ғана шығарып, тілегімді   қысқа қайырдым.  Бір жағынан, «ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкүрік», «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» дегендей, «Мұқағали туралы ойыңды  мұзбалақ ақынның асында айтпағанда қайда айтасың?» деген ой да кеудені кернеп барады.

Сондықтан да Мұқағали Мақатаев атындағы  №140 гимназия директоры Сәния Өскенбайқызына арнап айтқым келген тілегімді осында жазайын деп шештім.

Мініңіз бар деп айтпаймын. Мін деп емес, рухани сын деп, ұлт мүддесі үшін айтылған жанашырлық сыр деп түсініңіз. Түсіндіре алмасам маған серт, түсіне алмасаң саған серт» дегендей,  өремнің жеткенінше түсірдіруге тырсамын.

Қош, сол күнгі көзіммен көріп, құлағыммен естіген Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназия өнерпаздарының өнер туындылары рухани әлемнен шашырап келіп жатқан нұр тамшылары секілді болып көрінді маған. Жаныммен мұзбалақ ақынның әлеміне еніп кеткендей сезімге бөлендім.  Бас көзімен емес көкірек көзімен, көңіл көзімен қарап, рухани әлемнен Мұқағалидың рухын, жан дүниесін сезінгендей болдым. Тіпті, онымен іштей тілдесіп, жаныммен жанын түйсініп,  жан айқайын да тыңдадым, тебірендім, толқыдым. «Осының бәрін айтшы, жеткізші менің ұрпақтарыма, мені сағынған қазағыма!» деген мұңлы үні келіп тұрды менің көңіліме.

Көңіл көзімен қарап отырып,  ғажап көріністердің куәсі болдым. Абай айтпақшы: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды».  Көзге көрініп тұрған той, көңіл көзіне көрініп тұрған екі қос дүние тойларының  салтанатын көрдім. Абайдың айтып тұрған көзге көрінетін дүниесі  - бізді қоршап тұрған материалдық әлем де, ал көрінбейтін сыры - ақылмен танылып, көкіректегі көңіл көзімен ғана көруге болатын рухани әлем.  Жаратылыстың сыры тым терең, оны түгел танып білу мүмкінсіз. Тек қана салыстырып қана сипаттауға болады.

Әл-Фарабидің сөзімен айтқанда, «Ай астындағы болмыс», яғни көзімізге көрінетін материалдық әлем рухани әлемнің ең төменгі он тоғызыншы сатысында ғана синтезделген, қарама қайшылығы мен кемшілікке толы көлеңкесі, соңғы көрінісі. Басқа сөзбен айтқанда, рухани әлем түбі терең тұңғиық теңіз болса, «Ай астындағы болмыс» сол толқыған теңіздің бетінде пайда болған көбігі ғана. Ең негізгі айырмашлықтарының бірі рухани әлемде уақыт пен кеңістік өлшемдері жоқ, бәрі бір мезетте бір жерде бола береді. «Ай астындағы болмыстың» уақыт өлшемі Алланың адам баласын сынау үшін жаратқан мекені Жер мен өзге ғаламшарлардың, аспан шырақтарының айналмалы қозғалысы болса, кеңістік өлшемі - солардың ара қашықтықтары. Жерге ең жақын аспан денесі Ай болғандықтан Әл-Фараби  «Ай астындағы болмыс» деп атаған сияқты.

Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!
Мына жұрттар неғып жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірім бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!

деп айтқан Мұқаңның мына сөзі сынақтан өтіп, рухани әлемге баз кешіп кеткен жаны үшін сол айтқан мезетінде іске асып жатыр. Ал бас көзімен ғана көретін және материалдық әлемнің өлшемімен ойлайтын рационалды ақылымыз бізді оның туған күні мен бүшінгі өтіп жатқан тойын тоқсан жылға алыстатып тұр.  Барлық адамдар солай ойлайды. Материалистік көзқарасқа қатып қалған біздің құлдық санамыз да сол стереотиптен арыла алмай әлек, сорымыздың бес елі болып жүргені де сондықтан.

Бабаларға рақмет айтқан Мұқағали өлеңінде мынадай жолдар бар:

Мен білмеймін.
Басыңа әлде орнап бақ,
Шаһар салып, жасадың ба жаннат-бақ.

Бабаларымыздың басына бақ орнап, жер бетін жаннатқа айналдырған кездері аз болған жоқ. Неге осы күні басымыздан бақ, астымыздан тақ тайып кетті? Өзіміз түгілі бабаларымыздың күллі әлемге өнер мен өркениетті өрістеткен, ғылым мен білімді таратқандығы туралы тағылымдар тарихта толып жатыр. Даласында түрме атаулы болмаған қазақтар қазір  қойша тоғытылып,  түрмелер тарлық қылуда.

Біздер жүрміз дер кезінде туылып,
Суға түсіп, отқа өртеніп, жылынып,
Жетімдердің ұясына тығылып,
Жесірлердің көз жасына жуынып,

Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған, қарияларын құрметтеуден жан салмаған қазақтың даласы қазір тірі жетім, тірі жесір мен жетім қарияларға толып кетті. ...  Неге? Неге? Неге?

Мұқағалиды да мұңға батырып мазалаған, жанына маза бермеген осы сұрақтар деп ойлаймын. Оның «мен білмеймін» деп мойындап тұрғанының өзі үлкен адамгершіліктің белгісі. Коммунистік идеологияның қылышынан қан тамып тұрған атеистік заманда бабаларымыздың болмысына балта шабылып, тарихымыз түп тамырымен қопарылып жатқанда ол  сұрақтарға жауап табу мүмкінсіз еді:

Сыр ашпайды сенің құла түздерің,
Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің.
Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын,
Домбыраңның пернесінен іздедім.

Оның жауабын, міне, енді еліміз егемендікке жеткен кезде табуға болады. Бірақ, бір өкініштісі, ол сұрақтардың жауабын іздеушілер жоқтың қасы. Себебі елдің есі басқаға ауып кеткен, оларға керегі тек қана материалдық игіліктер.  Себебі, ел егемен болғанымен, елдің санасы әлі құлдықтың құрсауында, сана рухани ұйқыда. Барлығы әлемдік стандарт «жасыл қағазбен» өлшенеді. Жұрттың ешбірі  ойнап жүрген жоқ, барлығы да өз шаруаларында. Ойларында тек бір теңгені екі қылсам, дүниені белшесінен бассам деген шаруа ғана.

Наданның көңілін басып тұр
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір-ақ шаруасы. (Абай)

Теңіздің бетінде жүзіп жүрген көбікті мекен еткен мақұлық, теңіздің түбіндегі гаухар-жауһарлардың, мың сан маржандар мен мың түрлі балықтардың бағасы мен қадірін қайдан білсін?!

Жә, негізі ұйқы да адам өмірінің бір бөлігі. Адам өмірінің жартысына жуығын ұйқымен өткізеді. Барлығы дұрыс, ешқандай қауіп-қатер жоқ кезде алаңсыз ұйықтауға әбден болар, бірақ бүйіріңнен қауіп төніп тұрғанда қалай ұйықтайсың? Мынау алмағайып аласапыран заманда,  басымызға бұлт үйіріліп тұрғанда оянбасақ, ұйқыда жатқан жауынгерді «жау жер жастандырып кетіптінің» кері боламыз. Күреске түскен балуан «Я бел кетер, болмаса белбеу керер» десе, қазақтың басына үйіріліп тұрған бүгінгі бұлтты «Я  ел кетер, болмаса егемендік кетер» деп бағалау керек. Ғасырдан астам уақыт рухани ұйқыда жатып та өміріміз өтіп келді. Талай адам шырт ұйқыда жүріп өмірден өтіп те кетіп жатыр.

Қаралы көңілім көмірден,
Махаббат өлген сен үшін,
Болғанда ұмыт көңілден,
Бұл қалай енді келісің?

деп, Мұқаң да соны меңзеп тұрғандай көрінеді маған.

«Ұйықтап жатқан адам, ұйықтап жатқан адамды оята алмайды» дейді әулиелер. Рухани тұрғыдан алып қарағанда қараңғы қапаста қалып қойған Мұқағалидың жаны жарыққа шығатын жол іздеумен, үлгі-өнеге көрсететін ұстаз таппай, анасын іздеген жетім ботадай боздаумен өткендей бұл жалған өмірден. Сондықтан да өлеңдерінің басым көпшілігі ішкі жан күйзелісін  мұңын шағу, аңсау, сағыныш,  табиғатпен сырласу арқылы сыртқа шығару, т. б..

Нені аңсаймын?..
Туған өлке, туған жұрт, сені аңсаймын,
Heгe аңсаймын, білмеймін, неге аңсаймын
Ұл де, мейлің, адасқан құл де, мейлің,
Сені аңсаймын, туған ел, онан сайын!

«Барлық нәрсе салыстыру арқылы танылады» дегендей, бәріміз біле бермейтін кемелдік дәрежесін түсіну үшін Шәкәріммен салыстырған жөн шығар:

Иесіз өзім кестім кіндігімді,

Зорға аштым, тар қапаста түндігімді.

Сүрген өмір жайымды түгел ұқсаң,

Сонда анық білер едің кімдігімді.

Ұстазы Абайдан ажырап қалса да, аласапыран заманда қараңғы қапастан шығып, рухани кемелдікке жеткен анық әулиенің сөзі бұл. Рухани оянған адам ғана ұйықтап жатқан адамды оята алады:

Адамдық борыш ар үшін,

Барша адамзат қамы үшін.

Серт бергем еңбек етем деп,

Алдағы атар таң үшін,

Алдағы атар таң деп Шәкірім әулие біздің бүгінгі күнімізді айтып отырғанына еш күмән жоқ, тек оны түсінетін қазақ болса. Мұқағали өлеңдерінде неге біз рухани кемелдікке жеткізер үлгі өнегелерді көре алмаймыз? Неге парасаттылық пен адамгершілікті терең насихаттап, қараңғы қапастан шығудың жолдарын көрсеткен үгітті кездестіре алмаймыз? Неге? Неге? Неге?...

Бұл сұрақтың жауабын Мақаңның өзінен табуға болады деп ойлаймын:

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын.

Мұндағы шексіз  «Неге? Неге? Неге?...» деген «қара жұмбақтың» жауабы - «қара өлең». Қазақтың сөз тіркестеріндегі «қара» сөзі қасиетті, киелі, рухани деген ұғымды білдіреді. «Қара өлең», «қара саз», «қара шаңырақ», «қара жол», «қара қазан», «қара сөз», ... т.б,. Қазақтың қара өлеңінің мағынасын, қасиеті мен құдіретін  түсіну үшін тағы да Абайға жүгінуге тура келеді:

Әркімнің мақсаты өз керегінде,

Біле алмадым, пысығын зерегін де.

Саяз  жүзер сайқалдар ғапыл қалар,

Хақиқат та, дін дағы тереңінде.

Мұқағали қазақтың қара өлеңінің «тереңіне  сүңгімей», барлық әлеуетін сыртын әрлеп, әсемдеп, әспеттеуге арнаған, рухани тұрғыдан алғанда теңіздің саяз жағасына әуес болғандай. Оның тереңге сүңги алмауының, әрине себептері мен кедергілері де көп. Біріншіден, «тереңге сүңги» салу оп-оңай шаруа емес, оның да өз шеберлері бар. Оған жол көрсетер, үлгі болар ұстазы болмады. Ұстазсыз шәкірт тұл деген. Екіншіден, ортаның ықпалы өте зор зиянын тигізді. Жоғарыда айтқанымыздай, отарлау мақсатындағы атеистік заманда  жаппай сана интернационализм, коммунизммен, ал тән болса ішімдікпен, т.б. уланып жатқанда, жанның салтанат құруы қиынның қиыны еді. Ол кездер әлі күнге дейін менің көз алдымда. Бала кезімдегі бір әсерлі оқиға әлі жадымда. Соғыстан қайтып келе жатқанда ағайынды атамыз тұл жетім Шайзада деген бір жігітті өзіне інім боласың деп ауылға алып келеді.  Біздің әулетке сіңісіп, балалы-шағалы болып, ағайындармен туғандай араласып-құраласып кетеді.  Ерекше есімде қалған, тау тұлғалы,  екі иығына екі жігіт мінсе де мыңқ етпейтін Мәлік деген ағам соның ұлы еді. Ауылдың бәрі оны жақсы көріп, сыйлап өте құрметтейтін. Себебі ол қиналған кез келген адамға риясыз қол ұшын беріп, жан тәнімен жас балаша жүгіріп көмектесіп жүретін ерекше мейірімді, үлкен жүректі сөз қадірін білетін өнерлі жан еді. Сөйлеген сөздері мен қоңыр даусы тікелей жүрегінен шығатындай қуатты, әрі жағымды жуан болатын. Ол кезде менің әкем порторг - колхоздағы екінші адам. Мәлік ағам біздің үйге жиі келіп, әкемнен ақыл-кеңес сұрап тұратын.  Бір күні әңгімелесіп отырғанда ағамның дауысы әдеттегіден қаттырақ шығып, әкеме ішкі жан айқайын жеткізіп жатты. Ішкі жан дауысымен қоса көзінен сорғалап аққан жасты көргенде мен қатты таң қалдым. Не туралы айтып жатқандары есімде жоқ, бірақ құлағымда қалып қойған «Көке, айтыңызшы қорада тұрған малдың малағын таңертеңнен кешке дейін қайта-қайта тазалай бергеннен не шығады, бір нәрсені қайталай бергеннен не өзгереді?!» деген жан айқайының мәнін мен енді түсініп жатырмын.  Көп ұзамай ағамыз тәні ауырмай-сырқамай кенеттен аспаннан аққан жұлдыздай жарқ етіп, жастай өмірден өтіп кетті. Аласұрған жүрегі Ақиқатты іздеп, күйзелген жаны мына жалған өмірден медет таба алмай, Мұқағали сияқты жан азығына зарығып, әкеме мұңын шағып отырғаны екен ғой жарықтықтың.

...Күйзеліп күндіз-түні тыным алмай,
Күресіп жатыр дегін сезімдермен. ...

Ол кездері Абайша айтқанда халық жаппай адамдықтан айрылып, ата-бабамыздың тура жолынан адастырудың қауырт науқаны кезінде, адам атаулының бәрі екі аяқты жануарға айналып жатқан кез еді:

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек.

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек.

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл сезім болмаса.

Тершіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса.

Сәния Өскенбайқызы, әріптесім, туысымдай болып кеткен жанымды түсінетін жақын әпкем. Мен Сізді барлық әріптестерімнің ішінде ерекше құрметтеймін. Сіздің табиғатыңыздан бар ұстаздық қасиеттеріңіз, жаңалыққа жаны құмар ізденімпаздығыңыз, ұжымды айрандай ұйытатын көшбасшылығыңыз, екінің бірінде бола бермейтін талғампаздылығыңыз, өнер мен өлең-жырға жақын өнерпаздығыңыз, тағы да басқа тұлғалық қасиеттеріңіздің барлығы да бір адамның бойында бола бермейтін  сирек кездесетін ерекше құбылыс. Оның үстіне Сіздің тұлға болып қалыптасуыңыздың негізгі себебі  - Сіздің отбасыңыздан алған тәлім-тәрбиеңіз бен үлгі-өнегеңіз. Бойыңыздағы буырқанып тасып шығып жатқан қуатттардың қайнар көзі алпыс екі тамырыңыздағы Абайдың қаны ма деп те ойлаймын.

Бүгінгі еліміздің білім саласында болып жатқан өзгерістер бізді ұстаз ретінде және ұлтын сүйетін ұландар ретінде бей-жай қалдырмадйы.  «Насихатты ұққанға айт» демекші, білім саласындаға реформалар туралы екінің бірімен салиқалы сұқбат құра алмайсың. Құр бос жамандай бергенмен мәселе шешілмеді. Білім саласының кемшін екенін жұрттың бәрі білгенімен, ішкі қыр-сыры мен себеп-салдарларын біле бермейді. Себебі көпшілік маман емес, әрі оның ыстық-суығына жан-тәнімен күйіп-пісіп көрмеген.  Тағы да кезекті реформаларға кірісіп жатыр білімнің тізгінін ұстаған ұлықтар. Олар үшін ол кезекті ұпай жинау, мансап пен мәртебе, кәсіп пен нәсіп болуы мүмкін. Бірақ онсыз да есі шығып отырған ел үшін ол кезекті әуре-сарсаң болғалы тұр. Себебі бұлақтың қайнарынан, тұманың тұнығынан ішпей, сасып кеткен саз балшықтың суын қанша рет сүзгіден өткізсең де шөліңді баспайды, құмарыңды қандырмайды, жанға азық болмайды.

Айла, күш – айуандықтың ең жаманы,
Боқты боқпен жуғанмен ел түзелмес.
Ар түзейтiн бiр ғылым табылмаса,
Зұлымдықты жалғанда әдiл жеңбес. (Шәкәрім)

Мектеп ұжымының өз күшімен өнердің қайнаған қара шаңырағы саналатын театрда аншлаг жасап, өнер көрсетуі – мыңның бірінің ғана қолынан келетін іс. Ондай сын қатерге жүрегі түкті басшылар ғана бара алады. Себебі жоғарыдан қолқабыс етіп отыратын көкең болмаса, күнкөрістің өзі қиын болып тұрған мына заманда әкімшілік қысымдар мен қаржылық қауіп-қатерлерді, барлық жауапкершілікті көтеру - жүрекке түсетін зілтемір көтеруден де ауыр жүк.

Театрдың сақынасы – мектептің акт залы емес, ол  толып жатқан, жарық, дыбыс, декорация,  жарнама, үйлестіру сияқты инженерлік құрылымдары мен ұйымдастыруы, қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз ету сияқты ұзын сонар жұмыстары жетерлік күрделі жүйе. Сонымен қатар ең негізгісі – киесі бар қасиетті орын. Оның бәрін үйлестіру үшін кәсіби мамандардан тұратын команда мен қыруар қаражат қажет. Қаражатсыз тегіннен тегін бұл тетіктердің ешқайсысы жұмыс жасамайды. Бәрі дұрыс болып, бір жері сыр берсе де, жасаған жалпы жұмысың мен жұмсаған қыруар қаржың далаға кетеді.  Өнердің киесі  мен қасиетін қадірлей білмесе, қанша қаражат болса да, өнеріңнің өрге баспайтыны тағы бар.  Бір сөзбен айтқанда, театрда үлкен қойылым қою, онымен қоймай оны керемет дәрежеге жеткізу – үлкен тәуекелді, қажырлы, әрі жанкешті ерен еңбекті қажет етеді.

Еткен ерен еңбегіңіз бен, күн-түн ұйықтамай жұмсаған қажыр-қайратыңыз ақталды, көрерменнің көзі тойды, көңілі қош болды. Материалдық тұрғыдан алғанда кеш өзін-өзі толық ақтады. Ақтап қана қоймай мектеп үшін керемет пиар, өзіңіз бен ұжымыңыз үшін баға жетпес тәжірибе,   болашақ жобалар үшін нық сенімділік, оқушылар мен ата-аналар үшін үлкен мақтаныш, т.б. формадағы пайда, кірістер шаш-етектен.  Ал енді рухани тұрғыдан алып қарағандағы бағасын қалай береміз? Оның кіріс-шығысы мен пайдасын қалай есептейміз, қалай өлшейміз?

Қазіргі күні еліміздегі білім саласында, қала берді әлемдік педагогикада тәрбие мәселесі - шешімін таппаған үлкен проблема. Кешке келген тілекшілердің барлығы да бір ауыздан «тәрбиелік мәні өте зор ісшара» деп баға берді. Сөз жоқ, келісемін! Сонымен қатар, сын тұрғысынан ойласақ, мынадай сұрақтар туындайды? Әңгіме жоқ, мектептің өнерпаз оқушылары мен ұстаздарының барлығы сақыналық образдарға еніп, керемет тәжірибені өз бастарынан өткізді, еңбектің ащы дәмін татып, бейнет пен зейнеттің ләззатын сезінді. Бойларында өте көп адамгершілік, еңбек, қарым-қатынас дағдылары қалыптасты, дамыды, өсті. Ал ендігі мәселе мектептің қалған оқушыларына осы күйді қалай жұғыстыру керек? Бұл азықтың дәмін өзгелерге қалай татырамыз, олардың бойындағы дағдыларды қалай қалыптастырамыз?

Тәрбие проблемасының қиындығы да, міне, осында. Біріншіден, тамақтың қуаты бойға сіңу үшін, міндетті түрде оның дәмін татып, жұтқыншақтан өткізу керек. Асқазанға түсіп қорытылған ас қана бойға қуат болып дариды, дағды болып қалыптасады. Екіншіден, бұл беріп жатқан азығымыздың калориясы рухани тұрғыдан алғанда  қаншалықты жанның  тамағы бола алады? Ең қиын мәселе, міне, осында. Тағы да Абайға жүгінуге тура келеді: «Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ... Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық».

Тәрбие мәселесінің түйіні жанның тамағын уақытылы мерзімімен, керекті мөлшерде дұрыс беруде жатыр. Өкінішке орай, ресми педагогика ғылымы бұл мәселелерден мүлдем бейхабар. Сондықтан да проблеманың шешімін таба алмай әлек. Бұл проблемаларды шешудің бір ғана жолы бар. Ол педагогиканы руханияттың негізінде қайта құрып  өзіміздің ұлттық төл педагогикамызды жасау. Оған біздің толық мүмкіндігіміз бар. Бірақ ниетіміз жоқ. Сондықтан да қазақтың маңдайының соры бес елі.

Керекті керек білмеген,

Керектен қашып күйреген.

Еріксіз керек сүйреген,

Біздің қазақ емес пе?

Керексізді керек деп,

Санасыз ойсыз дедектеп.

Керекке осы кезек деп,

Адасқан азап емес пе?

Керекті білген кемелдер,

Бас үшін уайым жемеңдер.

Қазақты қолдан демеңдер,

Міндетің осы емес пе? (Шәкәрім)

Әлемде теңдесі жоқ қолда бар рухани ілімнің қадірін білмей, пайдалана алмай отырмыз. Қолда бар алтынның қадірі жоқ деген осы екен. Мекемтас Мырзахметовтың сөзімен айтсақ:  «Мұндай жүйелі ілім әлемде жоқ, біздің қолымызда бар. Бірақ біз бұны кеш қолға алдық, енді ғана жан жақты дамытып жатырмыз. Олар: «Ақи ілімі» (б.з.д. VІІ ғ.); Әл-Фараби,  «Парасатты адам ілімі» (ІХ-Х ғ.); Жүсіп Баласағұн, «Жауанмәртлік ілімі (ХІ ғ.); Яссауи,  «Хәл ілімі» (ХІІ-ХІІІ ғ.); Абай,  «Толық адам ілімі» (ХХ ғ.); Шәкәрім,  «Ар ілімі» (ХХІ ғ.)». Бұл ілімдер жүйесіне жетінші етіп Ақжан Машановтың «Жар ілімін» (ХХІ ғ.) қостық. Абайдың айтып отырған нағыз жанның тамағы, тәнді жанға бас ұрғызатын ілімдер жүйесі, міне, осы!

Қолымызда Ай мен Күндей жарқырап, тура жолды көрсетіп тұрған бабаларымыздың ілімі тұрғанда біздің адасатын жайымыз жоқ. Сіз сияқты көзі ашық, көкірегі ояу, жаны мен тәнін атақ үшін емес, болашақ ұрпақтың қамы үшін қамшылап жүрген жандарға ғана айта аламын мен мұны. Шәкәрім әулие қазақтың болашағын бір ғасыр бұрын болжап, ұрпақ тәрбиесінің қыр сырын соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп кетті:

Жұқпайды екен айтқан сөз,

Ғылымы жоқ наданға.

Кеудесінде болса көз,

Жұғар сондай адамға.

Сондай адам қазақта,

Көп туса осы заманға,

Босар еду-ау азаптан,

Қазақ шығып самалға.

Өзінің «Ар ілімінде» болашақта тәрбиемен айналысатын ұстаздарға - біздерге аманаттап, «босар еді-ау» деп  болашақтан үміт қылып кетті қайран бабамыз. Алладан алған аманатын жеткізді, жолын көрсетті, міндетінен құтылды, енді кезек біздерде  бабаларымыздың бастаған ісін жүзеге асыру. Елдің санасын оятатын ілім, қазақтың ғана емес бүкіл адамзатты түзетіп тура жолға салатын тәрбие құралы, міне, осы! Әлемді жүз айналып, мың шарласаң да мұндай құдіретті қару - рухани қазынаны таппайсың!

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын.

Өзіне серік болатын жолдас таппаған Мұқаңның мұңын Фаризаға шаққанындай, мыңдаған  педагогтардың ішінен уәжімді түсінеді деп Сізге ғана әдейі арнап айтып отырмын. «Бір белді еңсерген, белестерді де бағындырады» демекші,  мынадай үлкен істі абыроймен алып шыққан Сізге келесі рухани белесті де бағындыру қолыңыздан әбден келеді деп сенемін!

 

Ерұлан Әсентайұлы,

         Республикалық жекеменшік білім ұйымдары қауымдастығы жанындағы

білімді дамыту институтының директоры.

Пікірлер