Мирзияев келгелі Өзбекстан қазақтарының тұрмысы қалай өзгерді?

3296
Adyrna.kz Telegram

Қазақ диаспорасы көп шоғырланған елдердің бірі - Өзбекстан. Осы елде тұратын қазақтар Шавкат Мирзияев билікке келгелі жағдайлары жақсара бастағанын айтады. Бірақ кейбір сарапшылар бұл пікірмен келіспейді.

«ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШЕТІНДЕР АЗАЙДЫ»

Ықылас Тұрғанбаев Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Жоғарғы Шыршық ауданындағы орта мектептердің бірінде мәдени ұйымдастырушы (директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары-ред) болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, билікке Шавкат Мирзияев келгелі жағдай біршама түзелген.

- Жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындарға жеке кәсібін дамыту үшін төмегі пайызбен несие беру мәселесі жолға қойыла бастады.Соңғы уақытта Қазақстанға көшетіндердің саны да бірден азайған, - дейді ол.

Ташкент облысының жоғарғы Шыршық ауылында туып өскен, қазір Шымкент қаласында тұратын Нұрғиса Дусетовтің айтуынша, Өзбекстандағы өзгерістерге қарапайым халық таң қалып жүр.

Өзбекстаннан келген қазақ Нұрғиса Дусетов.
Өзбекстаннан келген қазақ Нұрғиса Дусетов.

- Мысалы бір аңды көп уақыт қорада қамап ұстап отырасың да, кейін оны сыртқа бос кеңістікке апарып тастайсың. Сол кезде ол аң не істерін білмей қалады. Өзбекстанда да қазір тура сондай жағдай болып жатыр. Шынымен осындай қоғамға аяқ бастық па деп қарапайым жұрт өздеріне әлі сенбей жатыр. Өйткені жұмыс орындары ашыла бастады. Туризмді дамыту мақсатында кез-келген елге виза беріле бастады. Бұрын басқасын былай қойғанда метроның өзінде суретке түсу мүмкін емес еді. Кейде бір үлкен ғимараттардың жанында фотоға түсіп жатсаң милициялар келіп сені тергеуге алатын. Қазір ондай оқиғалардың бір де бірі жоқ, - дейді ол.

Ал Ташкентте тұратын Арнат Досан Азаттыққа Ақтөбедегі автобус апатынкейін билік халыққа арналған бірнеше жоба бастағанын айтады. Мәселен билік кәсіп бастаушыларға пайызсыз несиелер беріп, жалға алған ғимараттардың жалдау шығынын бюджеттен өтеп беріп жатыр.

- Өзбекстандағы қазақтардың 30 пайызы лауазымды қызмет жасайды. Бірақ жергілікті өзбек ұлтының өкілдері секілді қазақтар да қазір қара жұмыстарға бейімделген. Жастар негізінен құрылыста, фабрикада немесе тігін цехтарында жұмыс істейді. Бұрын Өзбекстанда жұмыссыздық көп болды. Соның салдарынан жастар шетелге, Қазақстан мен Ресейге жұмыс іздеп кететін. Қайғылы жағдайлар да болды. Жаңа президент қазір осы тарапта жұмыстарды қолға алып жатыр, - дейді Ташкент қазағы.

Өзбекстандағы Зарафшан қаласы түбіндегі Рахат ауылындағы қазақтар.
Өзбекстандағы Зарафшан қаласы түбіндегі Рахат ауылындағы қазақтар.

2000 жылдары Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келген журналист Ахмет Өмірзақ Мирзияев келгеннен кейін жағдай өзгерген сияқты көрінгенімен шын мәнінде бәрі бұрынғы қалыпта екенін айтады.

- Өзбекстанда шынайы ақпарат сыртқа шықпағаннан кейін қарапайым жұрт болмашыға сенеді. Жаңа президент қандай да бір өзгеріс жасағысы келеді. Бірақ экономиканың әлсіздігі мен нарықтық экономиканың заңдарына толық еркіндік бермегеннен кейін бәрібір нәтижесіз болып жатыр. Өзбекстанның оқшаулану саясаты әлі ашылып кете қойған жоқ, - дейді ол.

ӨЗБЕКСТАНДА ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІ АЗАЙҒАН

Өзбекстан қазақтары Азаттыққа елдегі қазақ мектептерінің біразы аралас не өзбек мектептеріне айналып жатқанын айтады. Олар қазақ мектептерінің азаюына ата-аналардың өтініші себеп дейді.

- Жоғарғы Шыршық аудандағы отызға жуық қазақ мектептің басым бөлігі аралас немесе өзбек мектептеріне айналып кетті. Бірақ бұл биліктің күштеуі немесе үгіттеуінен болып жатқан дүние емес. Ата-аналардың өз тарапынан түскен өтініштер негізінде жүзеге асып жатыр. Ата-аналарға кейде "Бұларыңыз не, қазақ тілінде де жақсы, сапалы білім береміз" деп түсіндіремін. Бірақ бәрібір де айтқандарынан қайтпайды. Олардың "Өзбекстанда болашақ өзбек тілінде ғой" дейді. Бірақ мен де, маған дейінгілер де орта мектептегі жалпы білімді қазақ тілінде алдық. Кейін Ташкентке келіп жоғары білімді өзбек тілінде немесе орысша оқыдық. Одан еш қиындық көрген жоқпыз ғой. Соны қазіргі ата-аналар түсінбейді, - дейді Өзбекстанда мектепте істейтін қазақ Ықылас Тұрғанбаев.

Тұрғанбаевтың сөзінше, "қазақ мектептерінің жабылуына бір кездері жергілікті қазақтардың Қазақстанға түп қопарыла көшуі де себеп болған.Қазір қазақтар ғана тұрған кей ауылдар қаңырап қалған".

Нұрғиса Дусетов Өзбекстанда тұратын туыстарына жиі барып тұрады. Ол Өзбекстан қазақтары балаларын өзбек мектептеріне ауыстыруы немесе жоғарғы басшылыққа қазақ мектебін өзбек мектебіне ауыстыру туралы арыз түсіретін жағдайларды әр барған сайын еститінін айтады.

Ал Өзбекстаннан Қазақстанға оралған Ахмет Өмірзақ "қазақ мектептерінің жабылуына аз ұлт өкілдеріне арналған мектептердің толық болмауы яғни тоғыз сыныптық мектеп деңгейінде қалуы себеп болды. Өйткені өзге ұлт өкілдері оқитын мектептің оқушылары тоғызыншы сыныптан кейін тек колледждер мен акедемиялық лицейлерге кетіп қалды. Ал жоғарғы оқу орнына түсу үшін он бір жылдықты өзбек тілінде бітіру керек. Міне, осы себепті қазақтар балаларын тек өзбек мектептеріне беруге мәжбүр болады. Шын мәнінде ол жақта қазақ тілінде жоғары білім алу жылдан жылға азайып бара жатыр" дейді.

Өзбекстандағы Қазақ ұлттық- мәдени орталығы төрағасының орынбасары Шерәлі Садиқов "бізге жоғары жақтан сұхбат беруге тыйым салынған" деп Өзбекстандағы қазақтардың саны мен ондағы қазақ мектептері туралы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.

2017 жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына келген кезде Өзбекстандағы қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов "Өзбекстанда 396 қазақ мектебі бар. Төрт университетте түрлі ұлттар жеті тілде оқиды. Мәселен, Қарақалпақстанда 350 мың қазақ болса, сол жердегі институттарда қазақ тілінде факультеттер бар. Балаларымыз қиналмастан жоғары оқу орындарын бітіріп жүр. Ташкенттің өзінде Низами атындағы педагогикалық университетте мектептерге қазақ тілді мұғалімдер дайындаймыз. Сол сияқты Сырдария облысы Гүлстан қаласында қазақша оқуға мүмкіндік бар. Қазақтар қазақ тілін де, өзбекшені де, орысшаны да білеміз. Балаларға балабақшадан ағылшын тілін де үйретіп жатырмыз" деген еді.


azattyq.org

Пікірлер