Келін мен енені жақындастыратын жайт: Құрсақ шашу,қалжа тойды білесіз бе?

8375
Adyrna.kz Telegram

Ұмыт болған әдет-ғұрып, салт-дәстүр өте көп. Жаңғырту мақсатында ескірген дәстүр туралы көп білген жөн. Соның бірі «құрсақ шашу» және «қалжа той». Жоралғысы мен мән-мағынасы қандай? «Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты белгілі мәдениеттанушы,этнограф Серік Ерғали мырзамен болды.

Қазіргі таңда бойына бала біткенін білген жас келін оны түрлі әдістермен енесіне не жұбайына айтып, реакцияларын біледі.

Алайда, осы бір әдемі жайтты жиынтықтайтын “құрсақ шашу” дәстүрі бар.

-Бұл дәстүрдің негізгі біз білмейтін мән-мағынасы қандай?

-Құрсақ шашу бұл ғұрып. Той деуге келмейді. Келіннің бойына бала біткенін білген ене немесе абысын айналасына хабарлап, арнайы ырым жасап, дастархан жаяды. Кішігірім атап өтіледі. Содан кейін, келінге ерекше ықылас көрсетіле бастайды.

-Иә, ағай. Негізі той емес дедіңіз. Ал кейбір жерлерде кәдімгі бір күн той қылып өткізеді екен. Асыра сілтеп шашылу емес пе? Ғұрыптың барлығын тойға ұластырып жібереміз ғой өзі.

-Қазақ халқы қазір ауылдық мекеннен қалалық урбанизацияға ұшырауына байланысты, дәстүр-салт,ғұрып барлығын шатастырып, жаңартып, шоуға,тойға айналдырып жіберді.

Өкініштісі, қазір жан азанының дастарханы да той секілді. Тіпті, ажырата алмайсың.

Әрине, дәстүрді жаңғыртып, еске салған дұрыс. Насихаттау керек. Ал бұны жүзеге асыратын арнайы мекеме, жоба, орталықтар бар. «Рухани жаңғыру» саяси жобасы бар.

Бірақ өкінішке қарай қазір бұл бағытта дұрыс қызмет атқарылып жатқан жоқ. Шыны керек, «Рухани жаңғыру» бағытында осындай дүниелерді жаңғыртатын мамандар жоқ. Жұмыс атқарып жатқан қызметкерлері салт-дәстүрді былай қойғанда, тілді де білмейді.

Сондықтан бұл мәселе өз алдына бөлек өзекті тақырып.

-Ене мен келін арасын жақындастыратын осындай салт бар да “ене мен келін” тақырыды неге өзекті?

-Халықтың өмір салтының өзгеруіне байланысты бұрыңғы дәстүрді, руханиятты сақтау мүмкін болмай тұр. Ауылдық жерде салт-дәстүр сақталады, ал қала тұрғындарының көзқарасы қарсылық танытады. Жалғыз бізде емес, барлық халық өкілінде болатын үрдіс. Адамның өмір сүру кезеңі өзгерген сәтте салт-дәстүрмен байланысты сақтау қиынға түседі.

Осындай уақыт аралығында отбасы студенті құлдырап, кері кетуде. Сондықтан біздің елімізде 40-45 пайыз жастардың ажырауы белең алып жатыр.

Мұндай жағдайда ене мен келін арасындағы қатынас - күрделі әңгіме.

Ененің келін тәрбиелеуде білгені аз болып, келіннің о бастағы тәрбиесінің дұрыс болмауы салдарынан олардың арасы жақсы болмайды. Қазір енелердің өзі немерелерін бағудан қашып жатыр. Бұл енелердің жақсы-жамандығынан емес, өмір салты мен сана өзгеріп жатыр.

Сондықтан өткен ғасырлардағы өмір салты осы заманның даму қарқынына сай келмейді. Сондықтан оған шыдайтын институттың жаңа нұсқасын қалпына келтіру керек. Ене мен келін институты деп отырғанымыз бұл отбасылық институт емес, әулеттік институтқа жататын ара қатынас болып табылады. Әулеттік дегеніміз бір атадан тарайтын бір неше ұлдың отбасылары.

Қарашаңырақта отырған ата мен ене, әулеттік институт жақсы жұмыс жасаса онда келіндеріне оның ара-қатынасына ие болған болар еді. Әулетте ата-ене тәрбиесі жоғары дәрежеде болмағаннан кейін бұрынғыдай болмайды. Ене өз алдына, келін өз алдына кетеді. Анда-санда кездескендеріне мәз болады. Сондықтан бұл жерде үлкен социологиялық, психологиялық мәселелерді ескеру керек. Бұның барлығы негізі бар дәстүр. Қазіргі таңда енелер дәстүрді ұстап тұратындай жағдайда емес. Мүмкін бірі дәстүрге берік шығар, бірі дәстүрден ауытқымауға тырысатын шығар алайда, қазір заман басқа.

Ол үшін «Ел сана, аманат» қоғамдық қоры дәйектеген «Жеті ата» бағдарламасы бар. Ондағы жеті ата дегеніміз-жеті атаға дейінгі туыстардың бірлестігін қамтитын институт. Бірақ, оны мектеп оқулығы ретінде оқыту, болмаса қоғамдық деңгейде дамыту мүмкін емес. Оған мемлекет кірісу керек.

Мемлекет осы нәрсені қолға алып жатса ол қазақ халқының бауырластығын, жанұялық отбасылық қарым-қатынасты, ата мен ене, келін мен бала арасындағы қарым қатынасты айтатын институт болып, жаңа деңгейге көтеріледі.

Өкінішке қарай бұл жағынан қазақ халқының дәстүріне негізделген институттарды жандандыру әлі қолға алынған жоқ.

Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алыну керек еді.

Өкінішке орай мұндай институтты түсінетін оны зеріттейтін мамандар жоқ.

Ондай мақсат мамандардың ойында да жоқ деуге болады.

-Енді отбасындағы бірлікті арттыратын, сыйластыққа бөлейтін дәл осы құрсақ шашу дәстүрі неге ескіріп барады?

-Кез-келген әдет-ғұрып, салт-дәстүр, жөн-жоралғы болсын, орның барлығының бастауы сол ұлттың халықтың наным-сенімдік, діни философиялық әлеуетінен ресурсынан бастау алады. Құрсақ шашу – исламға дейінгі тәңірлік танымға тамыр жайған бір неше мыңдық тарихы бар ежелгі қазақ халқының, түркілердің ғұрпы болып табылады.

Сондықтан, ежелгі ғұрып қазірге дейін келіп отырғанына шүкір деу керек. Өйткені Ислам дәстүрінде дінге негізделген ғұрыптар мүлдем бөлек. Онда құрсақ шашу ғұрпы жоқ. Соған қарамастан ата-бабамыз, халқымыз оны бүгінге дейін алып келген. Ал, мен жақында естідім құрсақ шашу емес, мұсылмандық дәстүрге негізделген жиыны бар екен бала дүниеге келгеннен кейінгі.

Қазіргі қазақ халқы бұрынғы ата-бабалық дәстүрден басқа ғұрыптарға көшіп жатыр. Яғни дінге негізделген өзге ұлттардың дәстүр, ғұрыптарын қалыптастырып алып жатыр.

Мұндай ғұрыптардың Кеңес Одағы кезінде де көп түрі болған. Оның бір қатары соңғы 30 жылда ата-бабалық дәстүр мен байланып жаңаша түрге енді. Сондықтан құрсақ шашу ғұрпын жаңа заманға мемлекет болып бейімдеу керек. Бұл тақырыптар әр қашан өзекті.

Дәстүр - ешқашан түбірімен жойылып кетпейді. Құрсақ шашу жоғалған дәстүр емес ол көп елдерде бар. Оны қазақ халқы үлкен дабыра той етіп жасаған. Жеті ата деңгейіндегі ене бастаған әйелдер қауымы арасында ғана болған. Құрсақ шашу жас келіншекті ана болуға бейімдеудің басы болып есептелген.

-Келіннің жерік болған асын әкеліп, әйелдердің арқа-жарқа отырысы саналатын бұл той, қазір бала жынысын анықтайтын Gender party-ға айналып кеткендей, бұған қандай ой қосасыз?

-Жахандануға байланысты күн сайын түрлі ақпараттық, дәстүрлік неодәстүрлер сыналап кіріп жатыр. Сыртқы ықпалдың әсерінен бұған түрлі гендер пати болсын, басқасы болсын қаланың күрделі өмірінен адамдар серігу, көңіл көтеру үшін жаңа өздеріне ыңғайлы дәстүрлер ойлап шығарады. Ескіні бұрмалапта жатады. Дәстүрлеріміз шұбарланып кетпесі үшін мемлекет тарапынан ұлттың мүддесіне қатысты етіп, шешім шығару керек.

-Құрсақ шашу дәстүрінен бөлек, “қалжа той” деген де бар. Қалжа тойдың да мақсаты - келінді құрметтеу, сыйластық танытып, жаңа ғана перзентханадан келген сәтінен бастап оны қалыпқа келтіруге ат салысып, ыстық сорпасын қырық күн ішкізеді. Қазір қалжа той тойлана ма?

-Қалжа той деген той жоқ. Бірақ, бала дүниеге келгенде алғашқы отырмақ ол шілдехана деп есептеледі. Себебі шілдехана деген қырық күндіктің басталуы әулеттің ұрпағы дүниеге келгеннен кейін, қырық күн бойы ол адам ретінде саналмайды. Қырқына жетпеген бала біздің таным бойынша адам есебіне қосылмайды. Бұл о дүние мен бұл дүниедегі жанның тірілуі яғни аралықтың осы дүниеге бейімделу уақыты.

Шілде сөзі парсы тілінен аударғанда қырық деген мағнаны білдіреді. Сондықтан біздің ата-бабамыз шілдехана деп айтады. Ең әуелі шілдеханаға дейін баланың әкесі, ұлды немесе қызды тапқан қосағына арнап, мал сояды. Ол сорпасы жеңіл келетін тоқты немесе қой болады. Сойылған мал етінен қырық күнге дейін асқазанға ауырлық етпейтін тағамдардың басы болып есептеледі.

Бұл жерде ғұрып жоралғы, ежелгі танымдық мәні бар мәселе көп. Мысалға қалжаға сойылған малдың мойын омыртқасы сындырылмайды. Оны қырық күнге дейін босағаға іліп қояды. Бұл қырық күн ішінде баланың мойыны қатсын деген ырыммен жасалады.

Бұл жерде бізге беймілім квадтық сперадағы салада білімдерді бәлкім біздің арғы-ата бабаларымыз білген де болуы мүмкін. Біз қазір оны білмейміз. Неліктен ол мойын омыртқа сақталатынын нақты білмей, ырымға санап, күлкі қыламыз. Шын мәнінде ғылым бұл нәрсенің мәнін түсенетін деңгейге жеткен жоқ. Бұл дәстүр қалжатой емес қалжа деп аталады.

-Келіннің қалжасына кім жауапты? Қайын жұртының міндеті ме?

-Қалжаға ең әуелі күйеуі жауапты. Оның қалжаға соятын малы болу керек. Соған дайындалуы керек. Күйеуінің әлі келмесе, туылған нәрестенің атасы, әулет жауапты. Қалжаға мал таба алмайтын болса, ол аталықтың құны көк тиын болғаны. Ешқандай қайын жұрттың яғни төркін жұртының бұған қатысы жоқ. Баланы дүниеге әкелу, өсіру, керек-жарағының барлығы күйеуінің әулетінің шаруасы.

Кеңес Одағы кезінде нағашы жұрттың бесік сыйлауы деген пайда болды. Қазақта бесік сыйлау деген жоқ. Әр жұрт өзінің бесігін ұрпағына беру керек. Өйткені нәресте төл жұртының бесігінде тәрбиелену керек. Нағашы жұрт деген басқа ру.

-Қазіргі уақыттағы келінге деген көзқарас тақырыбы өзекті. Негізі, қазақтың әр дүниеге зер салып қарағанын осындай ұмыт болған салт-дәстүрден білуге болады. Құрсақ шашу мен қалжа әр шаңырақта аталып өтетін болса, бұл мәселе азаяр ма еді?

Бұл ғұрыптар ешқандай мәселені шешпейді. Проблеманы шешетін, сол мәселе туындаған кеңістік. Егер бұл мәселе отбасылық деңгейде болса отбасы шешу керек. аудандық, облыстық, Мемлекеттік деңгейде болса сол аудан, облыс, мемлекет шешу керек. Кез-келген мәселенің шешімі сондай. Салт-дәстүр ешқандай мәселені шешпейді.

Салт-дәстүр мәселені шешу үшін ойлап табылмаған, қалыптаспаған. Салт дәстүр сол ұлттың танымының, философиялық, тәрбиелік, психологиялық, әлеуметтік қалыптасу, түзілуінің мәйегі. Бірақ жанама түрде оның салдары, нәтижесі көптеген мәселені шешуге ықпал етеді.

Інжу ӨМІРЗАҚ,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер