Ешқашан мешіт пен медресеге ақша бермеңіз!

5564
Adyrna.kz Telegram

Құрметті Отандастарымды ешқашан және ешуақытта мешіт пен медреселерге ақша-қаражат бермеуге шақырамын! Биылғы оразада ресми мүфтият пітір-садақа жан басына 420 теңге деп белгілеп отыр. Егер де орта есеппен 7-миллиондай қазақстандық әрқайсысы 420 теңгедей көмекті мұқтаж жандарға ақшалай яки азық-түлік түрінде берсе,шамамен бұл сома 3 миллиард 640 миллион теңгені құрайды екен.Жаратушы-Тәңірдің шынайы разылығын іздесеңіздер,қайырымды іс-әрекеттеріңізбен көп балалы аналарға,қарызға белшесінен батқан азаматтар,ҚХР-дің геноцид саясатының құрбаны болған тірі жетім-жесірлер мен еліміздегі жүздеген саяси тұтқындардың отбасына көмектесулеріңізді өтініп сұраймын.

  1. Кедей-кепшік, жетім-жесірлер және күнкөрісі қиындап кеткен отбасы мүшелеріне пітір-садақа беру міндет емес. Қайта ашығып отырған бала-шағасының аузынан жырып алып басқаға көмектесу Құран іліміне, мұсылмандыққа қайшы.
  2. Бай, дәулетті азаматтар пітір-садақасын мешітке емес, ашыққан отбасыларға бергені және көмектің көлемі 420 теңгемен шектелмегені жөн. Миллиардерлер миллиондаған сомадағы садақа беруіне болады, шектеу жоқ.
  3. Құран ілімі бойынша, пітір-садақа Ораза және Құрбан айт кезінде ғана тартылмайды, оның мерзім аралығы көрсетілмеген, игі шараны дәл қазір, кез келген уақытта бастай берсе де болады.
  4. Пітір-садақа азық-түлік түрінде таратылмағаны, әрбір отбасының есепшотына ақша түрінде аударылғаны жөн. Бұл адамдардың бір жерге топтасуына, коронавирус індетінің жайылуына кедергі болады.

Қоғам белсенділері мен журналистер өздерінің әлеуметтік желідегі парақшасында жетім-жесір, кедей-кепшіктің мәліметін жариялап, оларға ақшалай берілетін пітір-садақаны жеткізуге көмек көрсетсе, игі іс болар еді. Осы ізгі амалды, игі бастаманы қоғам болып қолдап жүзеге асырсақ, халқымыздың басына түскен қиын кезеңді жеңілдікпен еңсеріп шығамыз. Сонда ғана ортағасырлық дүмше дәстүрден арылып, Ұлы Жаратушының көрсеткен жолына түсеміз...

Бегалы Сапаралының жазбасынан.

Пікірлер