Алматы әкімдігі халықты тыңдай ма?

4482
Adyrna.kz Telegram

Алматының әкімдігі қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізгелі жатыр. Осы генпланның ішінде «қаланың тарихи орталығы» дейтін бір даулы бөлім бар. Оның аумағына шаһардың орталығы мен бертінде салынған көшелерге дейін кірген.

Негізі, қаланың тарихи орталығы басқа жақта. Ал бұл көшелерде бәленбай жыл бұрын салынған, тозып тұрған, жаңалауды қажет ететін қаншама тұрғын үй бар. Егер бұл жоба бекітіліп кетсе, ескірген, тозығы жетіп құлағалы тұрған ондағы үй-жайларға ешкім жолай алмайды. Олардың тозып, өзі құлап қалғанын ғана күтіп отыруға тура келеді.  Қала әкімдігі бұл жобаны қандай негізге сүйеніп жасады, осы жағы қызық болып тұр. Сонда, әбден тозып біткен ескі үйде тұрып жатқандар қайтпек? Оларды жаңалауға болмай ма? Осы жақында бір топ орыстілді блогер әкімдікке хат жазыпты. Олар сонда қаладағы кейбір ескірген үйлерді бұзып тастап, орнына көпқабатты жаңа үй салып беріп жатқан бизнесмендерге қарадай тиіскен.

Тіпті кейбіреуі президентке дейін хат жазып, Алматының басына қара бұлт төндіріп,  бәріне бір заказ түскендей жан-жақтан жамырап кетіпті. Бизнесмендерді халық жауы сияқты етіп көрсетіп, олардан ақша алғысы кеп бопсалауға дейін барғанын да естіп жатырмыз. Президент сонда оларды тыңдай ма, халықты тыңдай ма? Халықтың өзі жаза алмайды. Ал блогерлердің көбі ақшасыз қолын қимылдатпайтынын қазір бесіктегі балаға дейін біледі. Оңды-солды үй салуға рұқсат бере беретін архитекторлар да ақымақ емес шығар?! Оның бәрін өлшеп, жобасын жасап, қаланың сәулетіне қиюласа ма, қиюласпай ма, соның бәрін ескеріп барып рұқсат береді. Жөн жоқ жерден дау шығарып жүретін олардың айтатын бір сылтауы – жаңағыдай зәулім үйлер Алматының келбетін бұзып, тарихи дүниелерді бүлдіріп жатыр екен.

Тарихи ескерткіш дейтіндей, ол үйлер Рим мен Париждегі сияқты берісі 500, арысы мың жыл болған ғимараттар емес. Осыдан жүз-ақ жыл бұрын ғана салынып, әбден қаңсып тұрған, құлағалы тұрған, жаңаламаса болмайтын баспаналар.  Қаланың орталығы мен төменгі жағында 1930-1950  жылдары салынған үйлер көп. Олар да ескіріп, жаңалауды қажет етіп тұр. Мұндай пәтерлер ары қарай тұра беруге жарамайды. Қауіпті деп айтса да болады.  Алматыда қазір осындай тозығы жетіп тұрған 1340 үй бар екен.  Біздің шенділерде бір жаман әдет бар: орыстілді блогерлердің айтқанымен жүріп, айдағанына көніп отырады үнемі.  Сосын қаладағы біраз үйлер бетоннан емес, ағаштан салынған. Сықырлап, әрең тұр олар да. Қала әкімдігі онда тұратындарға басқа жақтан үй алып бере ме, қайтеді? Егер олар қаланың «тарихи орталығына» кіріп кетсе, онда үйлері қирап қалғанша отырады деген сөз. Өйткені құрылыс компанияларына ол үйлерді бұзып, орнына жаңа үй салуға болмайды екен.  Қазір қалада баракта, екі қабатты үйлерде, жатақханада итшілеп тұрып жатқандар әлі көп.

Жаңағы «тарихи орталықтың» аумағындағы осындай ескі жатақтардан аяқ алып жүре алмайсыз. Осындай баракта тұрып жатқандардың басындағы жағдайға байланысты бір оқиға есіме түсіп отыр.  Біраз жыл бұрын Алматыдағы бір көшенің қиылысынан зәулім үй салынды. Бұрын ол жерде үй сиқы жоқ бір барак қалқиып тұратын. Онда үй-ішімен ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген қазақтар тұрып жатты. Алматыда тұрамыз деген аты болмаса,  заманның кең кезінде баракты жекешелендіріп алып, еріксіз сонда тұрақтап қалғандар еді. Кейін бір бизнесмен әлгі баракты түгел сатып алып, орнына көпқабатты үлкен үй салды да, сол жерден бәріне бір-бір жаңа пәтерден беріп, барактың тұрғындарын жарылқап тастады. Бірақ сол үйді салмас бұрын барактағыларға іргелес тұрған, оларға төбесінен қарап үйренген қасындағы бес қабатты үйдегілер шу шығарып, біразға дейін құрылысқа кедергі келтіріп, дауласып жүріп алды. Былай қарасаң, ішті өртеп бара жатқан кәдімгі қызғаныш. Анандай зәулім үйді қарапайым қазаққа қимай тұрғаны  түсінікті жәйт болатын. Кімдер екенін іштеріңіз сезіп отыр ғой. Кейін үй салынып, жаңағы айқай-шу ұмытылып кетті. Қазір блогер дегеннің түкірігі жерге түспей тұрған заман ғой. Елдің тағдырын солар шешетін болды.

Енді бұдан кейін ондай ескірген жайларды бұзса да, екі қабатты үйдің орнына заң бойынша екі-ақ қабатты үй салуы керек. Бизнесмендер ондайға бара алмайды. Құрылысқа  кететін шығынның орнын жабу үшін екі қабатты үйдің орнына  кем дегенде 6 қабатты үй салынады екен. Екі қабатын содан  бұзылған үйдің бұрынғы иелеріне береді де, қалған қабатын сатып, құрылысқа кеткен шығынды жауып, үстінен пайда табады олар. Пайдасы жоқ нәрсеге бизнесмендер өлсе де жоламайды. Ал бұл жоба бекітілетін болса, қарапайым халық баспанасын жаңалаудан қалып, бизнесмендер олардың ескірген үйінің орнына көпқабатты үй салып беріп, оларды да жаңа пәтермен жарылқап, өздері де пайда табудан қалады. Сөйтіп, барак пен жатақханада тұрып жатқандар ешқайда кетпей, сол отырған жерінде мәңгі бақи төбесі ортасына түскенше отыра береді.

Әкімдікте қаңтар айының аяғына таман үлкен жиын өтіп, осыған байланысты көпшіліктің пікірін тыңдамақшы. Ол жерде ескі үйде тұрып жатқан қала тұрғындарына сөз берілетініне сену қиын. Блогерлер тағы да халықтың атынан сөйлеп, олардың тағдырын 2 сағаттық жиында шеше салуы мүмкін. Сондықтан қала әкімдігі бұл жоспарды қайта қарап, елді пәтерін жаңалайтын мүмкіндіктен айырмайтындай бір шешімге келгені дұрыс. Осы жиында сондай  баспанада тұрып жатқандардың өзіне сөз беріп, екі жақ мәмілеге келгенде тіпті жақсы болатын еді. Онда, Алматы әкімдігінің халықты тыңдайтынына анық көзіміз жетеді!

 

Ерлан БЕКЕШЕВ,

Алматы қаласы.

"Адырна" ұлттық порталы. 

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер