Қазақтың жері Қытайдың несібесіне айналмақ па?

5613
Adyrna.kz Telegram

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жер кодексіне түзетулер енгізуді тапсырды. Сондай-ақ президент Жер жөніндегі комиссияны қайта жандандыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы  Arasha.kz сайтына сілтеме жасап.

Билік жер туралы жырды қайта көтеріп жатқанына қарағанда қытайға жерді жалға бермей тынбайтын секілді. Ал мұның арты халықтың жаппай алаңға шығып, көтеріліс жасауына түрткі болмай ма? 2016 жылы елімізде ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы өзгерістерге халық жаппай наразы болған. Халықтың наразылығынан кейін билік жерге байланысты бес жылға мораторий жариялады. Биыл аталған мораторийдің мерзімі аяқталады.

«Осыған орай, Жер жөніндегі комиссияның жұмысын қайта жандандыру қажет. Ұсыныстар байыппен талқыланып, түбегейлі шешім қабылдануға тиіс. Үкіметке биылғы қараша айына дейін Жер кодексіне түзетулер енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын» деген президент нақты қандай түзетулер енгізілетінін айтпады.

Осыған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев бір емес, бірнеше рет «жер шетелдіктерге сатылмайды» деп айтты. Сарапшы Қазыбек Бейсебаев жерді сатылмайтынын жақсы білетінін, алайда жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесі түбегейлі шешілмегенін айтады.

«Негізі мораторий жарияланған заңда жерді шетелдіктерге жалға беруге рұқсат етілген. Нақтырақ айтсам, шетелдіктерге жерді 49 жылға жалға беру заң бойынша шешіліп қойған. Президент «Жер сатылмайды» деп қайта-қайта айта бергеннен, «Шетелдіктерге жер жалға берілмейді» деп нақты айтуы керек еді. Бұл бір. Екіншіден, заңнан жерді шетелдіктерге жалға беруге мүмкіндік беретін бапты алып тастау керек. Тоқаев нақты әрекет етпей Жер мәселесіне байланысты комиссия құрып, талқылайық деп отыр. Комиссия құрып әуре болғанша Жер туралы заңды Парламентке қайтарып, жерді шетелдіктерге сатылмайтын және жалға бермейтіндей етіп бекіту керек. Басқа сөздің бәрі – бос сөз», – дейді сарапшы.

Қазақтың жеріне іргеміздегі қытай елі қызығушылық танытып отырғаны белгілі. Қазыбек Бейсебаев қытайға жерді жалға бергеннен қарағанда өзіміз өнім өндіріп сатқан тиімді екенін айтады.

«Үкімет жерді кімге жалға бергісі келіп жанығып отыр? Мәселен іргеміздегі Ресейде ауыл шаруашылығына қажетті жер жетеді. Ал екінші бір алып көршіміз қытайға ауыл шаруашылығына қажетті құнарлы жер керек. Себебі халқы милиардтан асқан қытайға күнделікті қорек ететін азық-түлік қажет. Біздің бидайымыздан бастап ет, көкөнісімізге дейін қытай қызығып отыр. Сондықтан да жоғары шенді шенеуніктер қытайға жер беруге құлшынып отыр деп ойлаймын. Қытайға жерді жалға бергенше біз неге сол жерге әртүлі өнім егіп, сол тауарды сатпаймыз? Неге осы жұмысты Үкімет ұйымдастырып, жүргізбейді? Билікте отырған адамдар халықтың қамын ойлап отырған жоқ, өзінің қалтасының күйін күйттеп отыр», – дейді ол.

Иә, расында қазақтың жеріне қытайдың көз алартып отырғаны жасырын емес. 2009 жылы экс-президент Нұсұлтан Назарбаев Қытай Қазақстаннан соя мен рапс өсіру үшін 1 млн. гектар жер сұрағанын айтқан болатын. Бұл мәселе қоғамда пікірталас туғызып, халық қатты наразылық білдіргеннен кейін басылған.

Әйтсе де арада 10 жылдан астам уақыт өткенде жер мәселесі тағы алдымыздан шығып отыр. Денесінен ет кесіп алса үндемейтін халық жер дегенде алаңға алқынып шығатыны белгілі. Осы ретте «билік неге жер сатуға құлшынып отыр?» деген заңды сұрақ туындайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жер жөнінде комиссия құрамыз деп халықты алдағанша, неге жер туралы заңды Парламентке қайтарып, халықтың көңілінен шығатын заң қабылдап бермейді? Егер жер туралы заң халықтың талап-тілегіне сай қабылданбаса, онда биыл наразылық оты бұрқ ете қалуы мүмкін. Билік мұны неге есепке алмай отыр? Неде болса, биыл «не бел кетер, не белбеу кетер» дейтін жыл болмақ.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер