БАУЫРЖАН СЕРІКБАЕВ: Жер жетпей жатқандай болмайықшы

4841
Adyrna.kz Telegram

10-15 миллион тұрғыны бар Стамбул, Нью-Иорк, Токио, Мехико сынды қалалармен салыстырғанда біздің ең үлкен қаламыз Алматыда 2 млн халық тұрады. Астана мен Шымкентте 1 млн тұрғын бар. Әлемдік деңгейде алсаң бәрі шағын қалалар. Енді осы шағын қаладан үлкен проблема шығып жатыр. Жазық жерде орналасқан Шымкенттен үй салуға жер таппай ипподромға тіреліп тұрмыз.

Жалпы алғанда Қазақстанда жердің жеткілікті екені, мәселені шешуге де болатыны түсінікті ғой. Люксембург секілді шағын ел болсақ оны да айтайық халыққа. Былай тартсақ Өзбекстан шекарасына, олай тартсақ Қырғызстанға өтіп кеткелі тұрмыз. Жер тар қазақта дегенді де келтірейік.

Негізі Шымкент миллион тұрғыны бар қала болады дегенде бірнеше ауданның жерлері ауылдарымен қоса қала территориясына қосылды. Солай қала халқының саны да миллионға жетті. Бұрынғы ескі қала мен жаңа қосылған территорияның бәріне үй салып тастамағанымыз да анық. Қалаға қосылған ескісі бар, жаңасы бар кең жерден "BI group" компаниясының 5-10 үйіне жер таппай тұрмыз ғой енді.

Меніңше біз көрші Өзбекстаннан үлгі алуымыз керек бұл мәселеде. Ташкент, Бұхара, Самарқанд не үшін тарихи қала болып келгені сол елдің қаланың тарихи құндылығын жоғалтпайтын, жоқтан бар жасайтын менталитеті мен болмысында жатыр. Ежелден отырықшы халық. Қаланың қадірін, тарихи орындарының құндылығын түсінетін ұғым бар.

Біз енді кішкене далақбайлаумыз. Дала түсінігіміз бар. Тарих басқасына қарамай бәрін қиратып тастаймыз. Сүріп тастап жаңадан бастаймыз. Әртүрлі топтың мүдделері жоғары ойнап кетеді. Несін жасырамыз. Сондаймыз ғой негізі. Бұл әр саладан көрінеді.

Жалпы қаланың тарихи орындарының бірі болған ипподромды қала сыртына шығарсақ та орнына құндылығын жоғалтпайтын, Шымкенттің тарихи орындарының бірі болып қалатын дүние ретінде ойластырылып, жаңартылып, басқа креативті шешімі шығуы керек. Ертең жыл өткен сайын оның құндылығы артып, қаланың көрнекі орындардың біріне айналады. Ал, биік үйлер салудың шешімін табуға болады деп ойлаймын. Шымкент Ситиден бастап бұрынғы Советский ауылына дейін қаншама жер бос жатыр. Қалаға Сайрам ауданынан қосылған жер де жеткілікті. Көп қой шешімі. Мәселе құрылыс компаниясы мен мүдделі адамдардың ықпалында болып тұр ғой. Оны да бәріміз біліп отырмыз.

Есі дұрыс ел болсақ жергілікті халықты тыңдау қажет. Себебі сол қалада тұратын да, қалатын да жергілікті халық. Тарих құндылығын жоғалтпай, қаланың көрнекі орны ретінде тарих болып қалуы тиіс. Көрейік қала басшылығы, аты-жөні белгілі азаматтар, мүдделі адамдар не шешер екен? Кімді тыңдар екен? Бәрінің аты-жөнін ел таниды ғой негізі. Мәселе дұрыс шешілмесе кімнің істегені де, қолдаушыларының да шыққан тегі, аты-жөні халыққа белгілі дегендей.

Пікірлер