Солтүстіктегі ауылдарды сақтап қалу үшін қайтпек керек?

8181
Adyrna.kz Telegram

2012–2022 жылдар аралығында Қазақстанда ауыл халқы 7,6-дан 7,5 млн адамға дейін азайып, ауылдардың саны 6,9-дан 6,3 мың бірлікке дейін қысқарған. Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, жойылған ауылдардың ең көп саны еліміздің солтүстік аймақтарына тиесілі (269 ауыл). Оңтүстікте ауылдар саны 119-ға, батыста 118-ге, орталық-шығыс өңірлерде 103-ке қысқарған.

Өткен жылғы желтоқсан айында Астанада өткен баспасөз мәслихатында Солтүстік Қазақстан облысындағы босап жатқан ауылдарға қатысты мәселеге осы облыстың әкімі  Ғауез Нұрмұхамбетов те арнайы тоқталған болатын.

«Облыста 635 елді мекен бар. Оның 125-де халық саны 50-ге де жетпейді. Тағы 39 ауылда тіпті 34 адам ғана тұрады. Жалпы, өңірде халқы санынан да, аумағы жағынан да талаптарға сай келмейтін елді мекендер көп. Алайда болашағы жоқ ауылдарға қатысты сұрақтарға біз өте мұқият қараймыз. Ауыл тұрғындарымен, кәсіпкерлермен сөйлесіп, бұл мәселені әлі де қарастыратын боламыз», –  деді ол.


Солтүстік Қазақстан облысындағы аудандар картасы

Солтүстік Қазақстан облысы егін егіп, мал өсіруге жайлы аймақ саналады. Десек те, бұл өңірдің демографиясы жыл өткен сайын құлдырау үстінде. 2023 жылғы ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, еліміздің солтүстігінде жалпы саны 532 700  халық тұрады. Олардың 273 400-і ауыл-аймақта, ал 259 300 тұрғын қалалық жерлерге орналасқан. Алайда ауыл халқының ішінде мүмкіндігі болса, облыс орталығына, тіпті еліміздің басқа ірі қалаларына көшуді ниет еткендер саны азаймай отыр. Туған ауылын тастап, алысқа кетуге бекінген жұртшылық мұның себебін әлеуметтік-экономикалық жағдаймен түсіндіреді.

СҚО, Айымжан ауылы. Сурет авторы- Ә.Жұмабаев

Әбірхайыр Жұмабаев Түркістан облысынан арнайы бағдарламамен Солтүстік Қазақстан облысындағы шекаралық аймақ саналатын Жамбыл ауданына 2020 жылы қоныс аударған. Осы аудандағы Айымжан ауылындағы мектепке тарих пәні мұғалімі болып орналасқан ол «теріскейде тамыр-таныс деген түсінік атымен жоқ», - деп отыр.

«Ешқандай сыбайлас жемқорлықсыз жұмысқа орналасуға болады. Алайда бір қынжылтатыны – халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалмаған. Мәселен, бізде ауыз су проблемасы бар. Жұрт әлі күнге суды тасып ішеді. Айымжан ауылы құрылғалы (1929 ж. құрылған) жүз жылға жуықтапты. Бір ғасыр өтсе де, ауылда асфальт жол жоқ. Көктем мен күзде елдің ішкі көшелерінде көлік түгіл жаяу адам жүре алмайды. Бар-жоғы екі көшеге тым болмаса тас төсеп берсе дейсің. Ал 2021 жылы жаңадан су құбырлары  тартылып (онда да үйді-үйге емес, бір ғана тарату пунктінен ауыз су бермек болған), ауыл жұртшылығы таза су ішеміз деп үміттенді. Одан бері 2 жыл өтсе де, ештеңе өзгермеді», – дейді Әбілхайыр.

     

Айымжан ауылы тұрғындарының Жамбыл ауданының бұрынғы әкімі М.Оспановқа жазған хаты

Ауыл тұрғындары  ауыз су мәселесін шешіп беруді сұрап бірнеше тиісті мекемеге хат жолдаған. 2023 жылы жазылған хатқа Жамбыл ауданының сол кездегі әкімі М.Оспанов су құбырларын жүргізуде орын алған ақаулар жөнделіп жатқанын, алдағы уақытта ауыз су мәселесі шешілетінін айтып жауап берген.

Айымжан ауылы – айналасы ну орман мен көлмен көмкерілген, мал, құс өсіруге өте қолайлы жер. Бұл ауылдағы жол және ауыз су мәселесі шешілер болса, қазіргі 230 тұрғыны бар ауылдың үлкен ауылға айналары сөзсіз. Сонымен қатар облыс орталығынан шалғай, Ресеймен шекаралас жатқанына қарамастан, бұл ауылдан басқа аймаққа көшуді ойлаған кісі саны аз.

Айымжан ауылын сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз су краны. Сурет Ә.Жұмабаевтыкі

2020 жылы Жамбыл ауданының сол тұстағы әкімі Ескендіров Марат «Преснов топтық су құбырынан Ұзынкөл және Айымжан ауылдарына дейін су бұруды салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтті. Жобаның жалпы құны 225 млн 182 мың теңге. 2020 жылы «Есіл Су» РМК Преснов топтық су құбырынан Казанка ауылына дейін су бұруды салуға ЖСҚ әзірлеуді жоспарлап отыр» деп халық алдында есеп берген. Ал 2021 жылғы есебінде аудан әкімі ауданның көлік жолдарына 2,4 млрд теңге бөлінгенін, жоспарда Айымжан ауылының жолын жөндеу барын тілге тиек еткен. Өкінішке қарай, арада 23 жыл өтсе де, Айымжан ауылындағы ауыз су, жол проблемалары шешілмеген.

2023 жылғы көші-қон бағдарламасында да шекаралық аймақтарға қоныс аударушыларға тұрақты жұмыс, баспана мәселесін шешу жағынан басымдық берілді. «Жамбыл ауданына 2017 жылдан бері  900-ге жуық отбасы қоныс аударған. 2023 жылы ауданға 18 отбасы немесе 65 адам көшіп келді. Жоспар – тағы 49 отбасын қабылдау», – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Аян Ажанов.


Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы ресми мәліметі

Көшке байланысты үгіт-насихат дұрыс жүргізілсе...

Солтүстік Қазақстан облысындағы осынау күрделі ахуалдың алдын алу мақсатында 2017 жылдан бері «Оңтүстіктен-Солтүстікке» ерікті қоныс аудару бойынша арнайы мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Мақсат – біртіндеп босап жатқан ауылды толтырып, халық санын арттыру. Алайда теріскейге қоныс аударып, төскейін малға, ауылын жанға толтырады деген бұл бағдарлама діттеген мақсатына жете алмай отыр. Мұның бір себебі – бағдарлама шарттарындағы кейбір шикіліктер мен үгіт-насихат жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі.

Мәселен, осы көші-қонға байланысты көптеген сұрақ қойып, бір-бірімен ақпарат алмасқан бірнеше әлеуметтік желі топтары бар. Бір ғана Telegram әлеуметтік желісінде 23 мың адамнан жасақталған бірнеше топта сұралатын сұрақтарға нақты, түсінікті жауап беретін маман жоқ. Интернет заманында адамдардың ақпаратты әлеуметтік желілерден алатынын ескерсек, осындай топтарға көші-қон мәселесін қарапайым тілде түсіндіріп беретін бір маманды бекіту арқылы нәтижелі жұмыс істеуге әбден болады. Халқы тығыз орналасқан облыста тұрақты жұмысы, тұратын баспанасы болмай қиналып жүрген қаншама кісі қоныс аудару туралы жан-жақты ақпарат ала-алмай отыр.

Түркістан облысының тұрғыны Рауан Егізбай теріскейге көшкісі келетінін білдіріп, «Enbek.kz» ресми сайтына тіркелген. «Кері байланыс орнатқан Солтүстік Қазақстан облыстық Мансап орталығы қызметкерінің айтқандарынан ештеңе түсінбедім. Шарт бойынша көшіп келген соң, аталмыш облыста тұрақты тіркеуге тұруға тиіссің дейді. Тұрақты тіркеуге қайда тұрамын, кімнің үйіне тұрамын? Ол жақта танитын бір адамым жоқ, кім мені үйіне тіркеуге тұрғызады? Тегін берілетін үй де, жер де жоқ дейді. Ал әлеуметтік желідегі топтарда кейбір кісілер «тегін үй, жер беріледі, жұмысқа орналастырады» деп жарнама жасап жатыр. Кімге сенеріңді білмейсің», - дейді.

Осындай олқылықтар салдарынан көш-қон бағдарламасы тиісті нәтижеге қол жеткізе алмай отыр.

Солтүстік Қазақстанда кәсіпкер болуға мүмкіндік мол

Солтүстікке көшу бойынша ақпараттарда қоныс аударушы азаматтардың кәсіпкерлік үшін шағын жер телімін, сауда-саттық орнын еш кедергісіз жалға алатыны туралы көп айтылмайды. Ал шаруа қожалығын ашып, мал өсіріп, егін егемін деген жағдайда, ауқымды жерлерді арнайы байқау арқылы, белгілі бір мерзімге жалға алуына мүмкіндігі бар. Бұл туралы біздің ресми сауалымызға Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің «Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы» КММ басшысы Меңдібаев Мейрам Жақсылықұлы  былай деп жауап берді:

Суретте М.Меңдібаев (сурет авторы С.Байғазы)

«Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 97-бабының 6-тармағына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік және оқу мақсаттарын жүргізу, қосалқы ауыл шаруашылығын, бау-бақша және мал шаруашылығын жүргізу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына шетелдік қатысусыз жер пайдалануға беріледі.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді  пайдалануға беру Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-1-бабына және 2018 жылғы 20 желтоқсандағы № 518 «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру және өткізу қағидаларына» сәйкес жүргізіледі, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығында мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін беру шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылады.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жалдау құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу туралы ақпарат тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында және облыстың жергілікті атқарушы органдарының (аудандарының) интернет-ресурстарында орналастырылады!

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді белгілі бір мерзімге жалға алу үшін азаматтар жалдау құқығын беру бойынша өткізілетін конкурстарға қатысуы қажет. Ал конкурстың басты талабы – нақты бизнес жоспардың болуы.

Мемлекеттік қолдау түрлерін ұтымды пайдалана білу керек

«Бос жерде кәсібімді қалай ашамын? Егер ондай кәсіп ашатын ақшам болса, оңтүстікте де ашар едім ғой?!» – дейді түркістандық Мұхит Кеңесбек.  

Иә, қабілетіңіз болса, ондай кәсіпті еліміздің кез келген жерінен аша аласыз. Бірақ, Солтүстік Қазақстан облысындағыдай мүмкіндіктер бола бермеуі мүмкін. Ол қандай мүмкіндіктер?

Біріншіден, бұл аймақта бәсекелестік өте төмен. Екіншіден, бұл жақта мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге берілетін түрлі жеңілдетілген несие, гранттарды таныс-тамырсыз, еш кедергісіз ала аласыз. Естеріңізде болса, 2023 жылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан жаңадан кәсібін бастағандарға арналған 400 АЕК (1 млн 380 мың теңге) қайтарымсыз грант және жылдық 2,5%-дық жеңілдетілген несие берілді. Өкінішке қарай, оңтүстік облыстарда осы грантты «алып беремін» деп жар салғандар мен оларға пара беріп, шығынға батқандар болды. Ал дәл осы гранттарды Солтүстік Қазақстанда еш кедергісіз, ешбір таныссыз алып, кәсібін дөңгелетіп отырған қаншама адам бар.

Теріскейде миллионерге айналу қиын емес

27 жасар Ақмарал Мақтұмқұлова Петропавл халқына жақсы таныс. Батыс Қазақстаннан Солтүстікке білім алуға келген Ақмаралды Қызылжар халқы қазір «petro kelin» атымен таниды. Жоғары білім алуға келген «серпіндік» қыз бұл күнде білдей бизнесмен.

Ақмарал Мақтұмқұлова (сурет Ақмаралдың жеке мұрағатынан алынды)

«Бос уақытымда әлеуметтік желілерді ақтарып қана қоймай, сол желілерде өзімді танытып, келген жерім Қызылжарды таныстырып, оқырманды көптеп жинадым.. Бастапқыда жай ғана ермек үшін басталған бұл жұмысымның келе-келе кәдімгідей салмағы арта бастады. Оқырмандарым күн санап көбейіп, кәдуілгі блогерге айналдым. Әрбір бөліскен фото-видеомды қалт жібермейтін аудиториям  кеңейді», деген Ақмарал алғашқы ақшасын пандемия кезінде ақылы онлайн курстар оқытып тауыпты.

«Қытай, Түркиядан арзан тауар алу жолдарын онлайн оқыттым. Өте үлкен пайда таптым. Мыңдаған кісіге  үйретіп, оқыттым. Күндіз-түні жұмыс істедім десем де болады. Көп ұзамай, өз кәсібімді ашуды ойладым. Өзімнің сүйікті ісіммен айналысқым келді. Ол үшін мемлекет тарапынан арнайы берілетін грант алуды көздедім. «Бастау бизнес» курсын оқып, сертификатын алдым. Мемлекеттен грант алып, тігін шеберханасын аштым.                          Ақмарал тігін шеберханасында (сурет Ақмаралдың жеке мұрағатынан алынды)

– Осы «Бастау бизнес» грантын алу туралы кеңірек айтып өтсеңіз. Кейбіреулер бұл грантты таныссыз алу мүмкін емес дейді. Бұл қаншалықты рас?

– Ешқандай таныстың керегі жоқ. Расымен өз кәсібімді ашам деген адамға мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуде. Әлгіндей таныс керек дейтіндердің не бизнес жоспары жоқ, не болмаса, бизнес оқыту курсын дұрыстап оқымағандар. Бұл курсты мұқият оқып, сертификатын алып, мықты бір бизнес жоспармен грантқа тапсырған адам міндетті түрде ұтады. Ешқандай таныстың қажеті жоқ. Ең бастысы, бизнес жоспарыңыз жақсы болсын.

Бизнес жоспар жасауда әлдекімнің көмегіне жүгіндіңіз бе? Ешқашан кәсіппен айналыспаған сізге ондай жоспар жасау қиындық тудырмады ма?

– Ешкім көмектеспеді. Бұл грантты ұтып алсам, нақты қандай кәсіппен қалай айналысамын, гранттың әрбір теңгесі қандай мақсатта жұмсалады деген сұрақтарға өз жауаптарымды ашық жаздым. Бар болғаны – осы ғана. Сондай-ақ грант ақшасын алған соң да, жоспарым бойынша жұмыс істедім. Тігін машиналарын, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алдым. Шағын мекенді жалға алып, шеберханамды ашып, перде тігу кәсібін бастадым. Міне осылайша алғашқы бизнес жоспарым жүзеге асты.

Білуімше, сіз бірнеше бизнесті қамтып, қазір басқа да атқарып жатқан жұмыстарыңыз бар.

– Дәл солай. Тігін шеберханамнан басқа, той, туған күн кештерін әсемдеумен айналысамын. Бірнеше онлайн курстарым бар. Екі шағын кафем бар. Тауар сақтау қоймам жұмыс істеп тұр. Таяуда тағы бірнеше тамақтану орындарын ашуды жоспарлап отырмын.

Қызылжар мегаполис емес, шағын ғана қала. Демек, сұраныс, клиент жинау деген мәселенің де туындайтыны сөзсіз. Бұл проблеманы қалай шештіңіз?

– Әлеуметтік желі арқылы. Кәдімгі әр күні бүкіл уақытымызды бөлетін, сіз бен біздің күнделікті қолданып жүрген Instagram, Facebook, TikTok желілерін тиімді пайдалана білсеңіз, шаруаңыз да дөңгеленіп жүре береді. Мен әу баста Instagram желісі арқылы танылып, оқырманымды жинағанымды айтып өттім. Уақыт өте келе сол оқырмандарыммен ой бөлісіп, бизнесімді әлеуметтік желіде жарнамалап осы күнге жеттім. Таяуда ғана ашқан жылдам тамақтану кафеме қызылжарлық тұрғындар сол әлеуметтік желіден көріп келіп жатыр. Келіп қана қоймай, жанына танысын ертіп келеді. Міне осылайша клиентпен жұмыс істеу жүйесін реттеп алғанмын.

Алдағы уақытта осы бизнесіңізді кеңейтіп, туған жеріңіз Маңғыстауға кету жоспарыңызда бар ма?

– Жоқ. Мен Қызылжар қаласынан басқа жерде өмір сүруді тіпті елестете де алмаймын. Осы жерге бауыр басқаным соншалық, кейде басқа қалаға немесе туған жеріме бара қалсам, әрі кетсе екі-үш күннен соң, Қызылжарыма қайтуға асығамын. Жалпы Солтүстік Қазақстан облысын еліміздің басқа аймағындағы кісілер басқаша деп ойлайды. Ресеймен шекаралас болғаны үшін орысшасы басым облыс, бұл жақта жұмыс істеп, кәсібіңді ашу қиын деп санайды. Ал шындығында  олай емес. Суы мен нуы астасқан бұл аймақта өмір сүруге де, кәсіп ашып қаржылық жағдайыңды жасауға да мүмкіндік мол.

Айта кетерлік тағы бір жайт, Ақмарал Мақтұмқұлова тігіп сататын ұлттық нақыштағы шапан, қамзол, көйлек т.б дүниелері қазақтың үлес саны небәрі 35%-ды құрайтын осы облыста үлкен сұранысқа ие.                            (Сурет Ақмаралдың жеке мұрағатынан алынды)

«Жалға жер берілсе – бұл аймақты қазаққа толтыруға болады»

Жетісу облысынан теріскейге қоныс аударған Қуаныш Қадырахуновтың әу баста басқа аймаққа көшу туралы жоспары болмаған. Көп уақыт бойы апластикалық қан аздық (апластическая анемия) дертімен ауырып, шипасын таппаған Қуанышқа таныстары тұрғылықты жерін  ауыстыруға кеңес береді. Үнемі ауруханада қан құйдырып, барлық уақыты дәрігердің бақылауында өтетін ол тәуекелге бел буып, 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Бостандық ауданына көшіп келеді.

Картада Мамлют ауданы, Бостандық ауылы

«Сізге – өтірік, маған – шын, осында көшіп келген соң ауруымның беті қайтып, бұрынғыдай емес, өзімді жақсы сезіне бастадым. Бұл жақтың саф таза ауасы мен орманы, суы мені дертімнен емдеп жазды. Солтүстікке халқы тығыз орналасқан аймақтардан азаматтарды көптеп көшіріп әкелу – өте мықты бастама. Бұл жақта оқушы санының аздығынан жабылып жатқан, жабылу алдында тұрған мектеп өте көп. Сол мектептер жабылып қалмауы үшін ауылдарды халыққа толтыруымыз қажет. Ал халыққа толтыру үшін келетін адамдарға әрине, ең бірінші тұрақты айналысатын кәсіп көзі болуға тиіс. Мен тұратын Бостандық ауылында бұрын 130-дай үй болған екен. Ауыл шаруашылық жерлердің күн санап тарылуынан қазір ауылда 50 шақты ғана үй қалған. Оның оншақтысы көшіп келгендер. Өйткені ауылда тұрып мал өсіруге жер тапшы болғасын, халық қала жағалап кетті. Жер мәселесі шешімін тапса, егінмен, мал өсірумен айналысып, шаруасын дөңгелетем деп келетіндер саны артары сөзсіз. Ауылдарды сақтап қаламыз десек, көші-қон бағдарламасына «қоныс аударған отбасыға пәлен жылға пәлен гектар жер жалға беріледі» деген бір сөйлемді қосса, облыстың ең өзекті проблемасы шешілер еді»,– дейді Қуаныш.

Суретте Қ.Қадырахунов (сурет Қуаныштың жеке мұрағатынан алынды)

Солтүстік Қазақстан республика аумағының тек 3,4%-ын ғана қамтығынымен, оның егістік жерінің 18,5 %-ын, дәнді дақылдар егісінің 21,6%-ын, ірі қара мал басының 7,0%-ын, жылқының 6,7%-ын құрайды. Облыстың ауыл шаруашылығына жарамды жерінің аумағы 8,4млн.га.

Түркістан облысынан Қызылжар қаласы маңындағы Червонное ауылына көшіп келген Нағима Назарова жаңадан салынған үйлерден бес жылға жалға үй алып, қазір кәсіппен айналысып отырғанын айтады.

«Көшіп келген соң, «Бастау бизнес» бойынша курсын оқып, сертификатын алдым. Көп ұзамай, грантқа қол жеткіздім. Ол ақшаға көлік сатып алып, адам тасумен айналысып жатырмыз. Солтүстік  Қазақстан облысына өзге аймақтан қоныс аударушылардың басым бөлігі аймақтың суық климатына шыдамай, кері кетуде. Егер бұл жаққа табиғи газ құбыры тартылса, облыстың басты проблемасы шешімін тауып, қоныс аударушы саны артары сөзсіз», – дейді ол.

Солтүстік Қазақстан облысындағы ауыл-аймаққа көлікпен қатынау үлкен проблема. Петропавл қаласына жақын саналатын Мамлют ауданындағы Бостандық ауылына барып-қайту үшін жол ақысы 2530 мың теңгені құрайды. Көлікке қанша адам отырады, кері қарай қанша адам қайтады деп жүргізуші басын ауыртпайды. Бір адам апарса да, 4 адам апарса да алатын жол ақы құны бірдей. Дәл осындай мысалдарды басқа ауылдарға қатынайтын жеке көліктерге қатысты да айтуға болады.

СҚО, Жамбыл ауданы, «Үлгі» ауылы. Сурет авторы Л.Мырзантайқызы

«Кейде науқастанып немесе шұғыл шаруасы шыққан кісілер Петропавлдан ауылына мені шақыртады. Өйткені көп ауылда жеке көлігі бар кісілер өте аз. Жетісу облысынан ескі көлікпен келіп, бір жылда көлігімді жаңалап алдым. Бір күнде ең азы 2025 мың теңге табамын. Бұл жақтағы ең үлкен проблема – жол. Солтүстікте ауыл-аймақтың арасын жалғайтын қара жолдар асфальт төселіп, кеңейтіліп, жаңартылса дұрыс болар еді. Әлі күнге дейін асфальт былай тұрсын, тас төселмеген қара жолдар теріскейде өте көп», дейді петропавлдық таксист Ербол Байжанұлы.

Шекара маңындағы ауылдарды сақтап қалу – азаматтық борышымыз  

«Солтүстікке көшіп, босап жатқан ауылдарды толтырайық!» деп, өзі бастап Солтүстік Қазақстан облысы, Шал Ақын ауданына көшіп барған Бурахан Дақанов қазір әлеуметтік желілерде мыңдаған азаматқа нақты ақпарат беріп, талай отбасының қоныс аударуына жәрдем еткендердің бірі.

«Мына жақта жерді еміп отырған, кәсіппен, егіншілікпен айналысып жатқан кәсіпкерлердің бесеуінің төртеуі – өзге ұлт өкілінен. Көшедегі төрт қымбат көліктің үшеуінің рөлінде өзге ұлт өкілі. Қазақстан мемлекетінің негізін құрайтын ұлттың да әлеуметтік жағдайы жақсарып, кәсіпкер, ақшалы болғанын қалаймын. Мақсатым – қазақты жер иесі ету. Өйткені жері бар қазақ қана сол жердің жоғын жоқтайды, сол жерге жауапкершілігі артады», - дейді ол.

Атқарып жүрген жұмысына байланысты арнайы қоғамдық ұйым құрып, нәтижесінде мыңдаған отбасының Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп келуіне ықпал еткен.                        Бурахан Дақанов (сурет интернеттен алынды)

«Өкінішке қарай, халық санының аздығы мен табиғи урбанизацияға байланысты шекара маңындағы көптегенауылдар жабылып жатыр. Біздің ұйымның басты мақсаты – осы ауылдарды сақтап қалу және дамытуға үлес қосу. Оны дамытудың жалғыз ғана жолы – көш мәселесін қолға алу. Қырғыз-Қазақ ағайын дейміз, туысқан дейміз, бауыр дейміз бірақ шекарамыздан адам, мал түгілі тышқан өтпейді. «Өзбек өз ағам» дейміз, бірақ  шекарамызды тас бітеп, қымтап тастағанбыз.  Сөз еткен екі елмен шекарада жатқан Сарыағаш, Қордай қалалары халыққа толы. Ал көршілес Ресеймен арадағы шекара ше? Қаңырап бос жатыр. Бар ауылдарының өзі біртіндеп босап жатыр. Көш мәселесі, ең алдымен ел мүддесі үшін маңызды. Біздің ұйымының басты мақсаты да – шекара маңындағы ауылдарды қазаққа толтыру, жалпы теріскейде мемлекетті құраушы негізгі ұлттың үлесін арттыру», – дейді «Tauekel» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов.

2017 -2022 жылдар аралығында оңтүстіктен-солтүстікке көш бойынша бюджеттен 450 млрд теңге бөлінгені туралы петропавловск.news сайты DataMetrics компаниясының мәліметіне сүйеніп мақала жазды. Өкінішке қарай, соңғы 3 жылдың өзінде Солтүстік Қазақстан облысындағы демографиялық ахуал тіпті нашарлаған. Табиғи кему үрдісі белең алған.

Солтүстікте берілетін жәрдемақы түрлерін көбейту қажет

Солтүстік Қазақстан облысы – демографиялық тұрғыда ең қолайсыз аймаққа жатады. 20202022 жылдары бұл аймақта халық санының табиғи кему үрдісі өте белсенді және тұрақты түрде жүріп жатыр. Туу көрсеткішінен өлім көрсеткіші анағұрлым басым. Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы қаңтар-маусым аралығындағы мәліметінде өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан (1000 тұрғынға 11,07), Солтүстік Қазақстан (11,06) және Қостанай облыстарында (10,04) байқалды деп көрсетілген.

Шынар Пазылбекова, демограф (сурет Шынардың жеке мұрағатынан алынды)

«Облыста қариялардың саны басым. Бұл дегеніңіз, аймақтың өсіміне тікелей әсер ететін құбылыс. Бұл қауіпті құбылыстың алдын алуға бола ма деген сұраққа келер болсақ, ең алдымен мемлекет тарапынан қабылданған көші-қон бағдарламаларын сөз етуге болады.

2017 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Оңтүстіктен-Солтүстікке» халықты көшіруге бағытталған бағдарламалар аса жемісін бере қоймады. Неге? Біріншіден, табиғаты жайлы оңтүстіктен өте суық климаты бар солтүстікке үйренісіп кету кез келген адамға қиын. Сондықтан да ең алдымен мемлекет тарапынан Солтүстік Қазақстан облысын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмысы жедел қолға алынуы керек.

Екіншіден, көшіп келушілерге бір реттік төленетін жәрдемақыдан басқа келушілерді әрі қарай тұрақтап қалуын көздейтін арнайы механизмдер қарастырылмаған. Меніңше, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны тек теріскейдегілерге ғана  төленетін етіп қою керек. Бәлкім, сонда оңтүстіктен-солтүстікке көшем дейтіндер  саны артар ма еді», - дейді демограф Шынар Пазылбекова.

Сонымен қатар демограф Солтүстік Қазақстанның демографиялық мәселесін осылай көпбалалы отбасымен шешпесе, қазіргі беталысымен облысымыз көп ұзамай жабылып тынуы мүмкін екенін айтады. «Келесі бір мәселе, Қызылорда облысының Қазалы, Арал аймақтарына таяу тұратындардың жалақысына «экологиялық коэффициент» қосылады. Міне, осындай жалақы қосымшасын теріскейде де енгізу қажет. Осындай қаржылық мәселелер шешімін тапса, азаматтардың да Солтүстік Қазақстан облысына көшуге деген қызығушылығы артар еді»,- дейді демограф.

Ал журналист, әлеуметтанушы Самрат Құскен көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақыны бір ғана облыс тұрғындарына беру әлеуметтік араздық тудыруы мүмкін екенін айтып: «Меніңше, ең дұрысы, бұрын болған «солтүстік үстемақысы» (северная надбавка) жүйесін қайта енгізу қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов те ұсыныс жасаған болатын. Әсіресе, теріскейдегі ауыл халқының жалақысына «солтүстік үстемақысы» тағайындалса. Сонымен қатар бұл облыстағы көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыға да осындай қосымша коэффициент қарастырылса, демографиялық мәселенің шешілуіне және ауылдарды сақтап қалуға септігін тигізер еді», - дейді.  

Қаладағы жағдайды ауылға да жасасақ...

Ал сөз болып отырған мәселеның экономикалық тарапынан баға беріп, пікір білдірген экономист Мақсат Халық : «Жалпы, тек Солтүстік Қазақстанда ғана емес, еліміздің басқа өңіріндегі ауыл халқының үлкен қалаларға қоныс аудару тенденциясы бар. Адамдардың қалаға қарай ағылуының бірден бір себебі, жұмыспен байланысты. Сонымен қатар қалаларда білім алу, дәрігерлік қызмет секілді сұраныс та адамдарды еріксіз үлкен қалаларға шоғырлануға итермелеуде. Алыстағы ауылдардың инфрақұрылымын реттеу үлкен шығынды талап етеді. Меніңше, болашағы мүлде жоқ ондай ауылдардың халқын басқа жаққа көшірген дұрыс. Ал негізінен ауылдарды дамытудың бірегей моделін қалыптастыру үшін барынша үлкен жұмыс жасалуға тиіс», - екенін айтады.

Суретте экономист Мақсат Халық (сурет интернеттен алынды)

Халықтың ауылды жерлерге бармауының бірден-бір себебі – әрине, инфрақұрылымның жоқтығы, мәдени-рухани демалыс орындары мен балаларға арналған дамыту орталықтарының болмауы және медициналық қызмет көрсету сапасының төмендігі. Сондықтан да осы нәрселергебаса назар аударылуы қажет деп санайды экономист.

«Өзі шыққан ауылда халыққа қажетті дүкен, емхана, дәріхана, мектеп сынды нысандар салып, жолдарын жөндеуге атсалысып жүрген кәсіпкерлер бар. Осындай қарапайым әдісті кез келген ауылды көркейтуге қолдануға болады деп есептеймін. Ал Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының жалақысын өзге өңірдегілерге қарағанда 11,5 есеге жоғарылатып, ерекшелесе, тұтас аймақтың әлеуметтік, экономикалық және демографиялық мәселесін шешуге әбден болар еді»,- дейді Мақсат Халық.

Ауылдарды сақтап қалуға болады

Солтүстік Қазақстан облысы, Шал Ақын ауданындағы Балуан ауылында 5 адам тұрып жатыр. Ауыл жабылу қаупі адында тұр. Суретте Балуан ауылының мектебі

Картада СҚО, Аққайың ауданы, Дайындық ауылы

2017 жылға дейін СҚО Аққайың ауданындағы Дайындық ауылы жойылу қаупі алдында тұрған елдімекен болған. Ал қазір бұл ауыл еліміздегі үздік 30 ауылдың қатарында. «Мұндай жетістікке қол жеткізу үшін ауыл азаматы Біржан Шаймерденов көп еңбек сіңірді. Ол ауыл тұрғындарының жер пайын біріктіріп, шаруа қожалығын құрды. Бастапқыда өз қаражатымен қожалықтың жұмысы жүруіне күш салды. Ауылдың жолын жөндеп, қираған үйлерді қалпына келтірді. Жаңа баспаналар салды. Уақыт өте келе «Дайындық» Агро ЖШС-нен түскен қаражатқа ауылдың тұтас инфрақұрылымын жаңартты. Осындай жұмыстарды атқаруға кәсіпкер жыл сайын 200 млн теңгедей қаржы бөледі. Қазір Дайындық ауылында 240 адам тұрып жатыр. Барлығы да жұмыспен қамтылған. Ал өзге өңірлерден көшіп келгендерге Біржан Шаймерденов өз қаржысы есебінен үй салып беруде. Мәселен, соңғы 3 жылдың ішінде елді мекенде 30-ға жуық үйдің құрылысы аяқталды. Жақында қосымша 6 баспана пайдалануға берілмек», - дейді «Дайындық» негізгі мектебінің директоры Талғат Рамазанов.

Суретте Дайындық ауылдық мектебі

Ауыл тұрғындарының жұмыс істеуге қабілетті тобы негізінен мектеп, медпункт, дүкен, бала бақшада және «Дайындық» Агро ЖШС-інде жұмыс істейді. Ауылдың тұтас инфрақұрылымы да осы егін егу, мал өсірумен айналысатын «Дайындық» Агро серіктестігінен түскен қаражат есебінен жасалады. Сондай-ақ, Дайындық ауылына көрші жатқан 67 ауылдың тұрғындары жұмысқа келеді. Солтүстік Қазақстан облысындағы кей ауылдар толығымен жабылып жатқанда, Дайындық ауылының халқы соңғы үш жылда 189-дан 240 адамға көбейген.

Суретте Дайындық ауылындағы спорт кешені

«Дайындық» Агро ЖШС-нің иелігінде 15,8 мың гектар егістік алқабы, 4,2 мың гектар жайылымдық жері бар. «Дайындық Агро» директоры Біржан Шәймерденов биыл бидайдың аустриялық «Тризо» сортын егіп, гектарынан 25 центнер өнім алды.

Шағын ғана Дайындық ауылында бала бақша, дамыту орталығы, мектеп, сауда үйі, қоғамдық монша, әсемдік салоны мен бірнеше дүкен бар. Жолдарына асфальт төселген бұл ауыл тұрғындарының ауыз су мәселесі түгел шешілген, ал үйлері қыста орталық жылыту жүйесімен жылытылады. Дайындық ауылына көшіп келем деушілерге арнап соғылған бірнеше үй дайын тұр. Ал таяуда бұл ауылда сүт өңдеу зауыты іске қосылады деп күтілуде. Демек, тағы да қосымша тұрақты жұмыс орындары да ашылады.

Суретте Дайындық ауылындағы шаруа қожалығы

Ауылдарды сақтап қалудың түрлі жолдары бар. Солардың бірнешеуін Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Өмір Есқали бізбен сұхбатында мысал етіп айтты. «Бірнеше жыл бұрын Есіл ауданы Бұлақ ауыл әкімі Бейсенбаев Болат бас болып, Ақтас ауылына көшіріп әкелген отбасыға 300 мың теңгеден жап-жақсы үйлер сатып әперді. Осылайша бір ауылды сақтап қалуға септігін тигізді. Ал М.Жұмабаев ауданы Бинаш ауылында ірі қараны табындап, қойды отарлап өсіріп отырған оңтүстіктен көшіп келген азаматтар шаруасын дөңгелетіп отыр. Кезінде Есіл ауданы Амангелді ауылдық әкімі Қайрат Сәдуов топтастырып көшіру тәжірибесін қолданып, 10 отбасын оңтүстіктен көшіріп әкелген. Сондықтан ауыл тарау алдында, мектебі жабылғалы тұрған шекаралық аймақтарға да шоғырландырып қоныстандыру тәжірибесін қолдану өте тиімді. Есіл ауданы Бірлік ауылына Қытайдан топталып келген ағайындардың арқасында жабылып қалған бастауыш мектеп қайта ашылды. Сонымен қатар Шал ақын ауданында әкелі-балалы Окуневтер Мерген ауылынан бөлек, Сергеевка мен Жалтыр ауылдарының әрқайсысынан 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Міне, осындай әдіс-тәсілдерді ұтымды қолданып, пайдаланар болса, бұл аймақтың әлеуметтік, экономикалық, демографиялық және саяси мәселелері де шешімін табары сөзсіз», - дейді Өмір Есқали.

Картада Есіл ауданы, Амангелді ауылы

Қорыта айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының болашағы жоқ деген ауылдарын мемлекеттік бағдарлама аясында мейлінше халыққа толтыруға толық мүмкіндік бар. Адамдардың кәсіпкерліктің кез келген түрін дөңгелетіп, әлеуметтік жағдайын жақсартуына теріскейде өте қолайлы жағдай жасалған. Ал жалға жер алып, шаруашылықпен айналысамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан да көрсетілетін қаржылай қолдау түрлері бар. Олай болса, Солтүстік облыстағы бос ауыл мәселелерін шешудің бірден-бір жолы – ақпараттық-насихат жұмыстарының жүйелі түрде дұрыс жүргізілуі, өңірдің әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселесін шешу және кәсіпкерлікті дамыту мен үлкен инвестжобалар тарту болып табылады.

Меруерт ХУСАИНОВА
«Адырна» ұлттық порталы
Солтүстік Қазақстан облысы

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.

Инстаграм: https://www.instagram.com/solvefuture.kz?utm_source=ig_web_button_share_sheet&igsh=OGQ5ZDc2ODk2ZA==

Фейсбук: https://www.facebook.com/profile.php?id=61551540124229&mibextid=nwBsNb

Телеграм: https://t.me/solvefuture

Пікірлер