Елдің ертеңіне сенбейтіндер көбеюде

4614
Adyrna.kz Telegram

Күн сайын қызмет бабымен қаншама адамдармен жолығамыз, кездейсоқ көрісеміз. Пандемиядан қорқып тұрсақ та маскі таққан күйі амандық, саулық сұрасамыз. Сонда бірқатары баласы АҚШ-та, немесе Канада, немесе Лондонда екенін айтып жатады. “Оқуын бітірген соң сол жақта қалды” дейді өкінішпен. Жатжұрттық біреуге үйленіп кете ме деген қорқынышпен кері шақырып алғандарының өзі жарты жыл, бір жыл әзер шыдап, ақыры қолдарын бір сілтеп, өздері ыңғайлы көрген шет еліне тартып отырады екен.

Айтатын уәждері: “Қазақстанда жастардың “крышасыз” қызметтік өсуіне мүмкіндік жоқ”, “Жалақысы мамандардың шетелде алған білім деңгейінен әлдеқайда төмен”, “Коррупциялық былық-шылықтар ұнамайды”, “Бастыққа білімнен гөрі жағымпаздық ұнайды”т.б.

Бәрі рас! Өкінішке қарай біз осындай ел болашағына сеніміздіктің ауыр салдарын тарта бастадық. Режим ауысқанға дейін әлі де тартатын боламыз.

Кеше ілініп-салынып Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Ел танитын бірқатар адамдар “сайлауға бардық, өзіміз қалаған партияға дауыс бердік” деп жер-жаһанға жар салып жатыр. Бірқатар байқаушылардың мәліметінше дауыс берушілер саны айтарлықтай төмендеген. Тек Алматының өзінде дауыс беру үшін тізімге алынғандардың 27,7 пайызы ғана келген. Бұл көрсеткіш ұмытпасам, елордада 44 пайыз, Шымкентте 53 пайыз болыпты. Көп қалаларда 50 пайыздың ар жақ-бер жағы. Яғни электораттың белсенділігі әлдеқайда төмендегені байқалады.

Халық өтірік уәделерден, көзбояушылықтардан шаршаған. Оның үстіне қалай дауыс берсек те “Nur Otan” жеңеді ғой деген саяси шарасыздық. Бүгінгі экзит-пул нөмірі бірінші партия 71 пайыз алғанын жариялап та қойды. Күмән көп. Бірақ әкімшілік ресурс бір кісідей жұмылдырылған соң біздің елімізде басқаша болуы да мүмкін емес қой.

“Күркіреп күндей өтті ғой соғыс” демекші, мінеки, сайлау да артта қалды. Билік партиясының “ойдағыдай” көш бастағанын көзіміз көрді. Бүгін-ертең Мәжіліс жасақталған соң Үкімет те доғарысқа кетер. Жаңа Үкімет тағайындалар. 2019 жылғы Президент сайлауынан соң Қ.Тоқаевқа ант бермеген күш құрылымдарының басшылары биыл да орынтақтарын сақтап қалса өткен жолғыдай оған тағы ант бере қоймас. Кейбір ведомство басшылары өзгергенімен режим қаз қалпында қала береді.

Сайлау өткенмен халық күткен өзгерістер, түбегейлі реформалар орын алмасы анық. Мұның бәрі халықтың, әсіресе жастардың ертеңгі күнге деген сенімін “дәу тышқандардай” кеміріп барады. Ең сұмдығы жастардың оттай жанған патриоттық сезімдері жойылып кете ме деп қорқамын.

Елден техникалық, айтишник, экономист мамандар кетіп жатыр. Тұрақты мекендеуге кетіп жатқандарынан басқа жай визамен барып қалып қалғандар, тұруға ихтиярхат күтіп жүргендер қаншама? Соңғы төрт жылда эмиграцияға кетіп жатқандар оның алдындағы кезеңмен салыстырғанда 38 пайыздан 88 пайызға өскен. Билік осы тенденцияны неге қаперге алмайды? Мемлекет ертеңгі күні кімге қалады, депутат мырзалар?

Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ.

Әлеуметтік желідегі жазбасы.

Пікірлер