Армяндар жасаған қанды қасап

20018
Adyrna.kz Telegram

Әдеттегідей кешкісін әлеуметтік желіні парақтап отырып, саясаттанушы Олжас ӘБІЛДІҢ жазбасына көзім түсті.  "Қожалыдағы геноцид" атты деректі фильмі туралы ақпаратпен бөліскен саясаттанушының көрсеткен сілтемесін басып... Жүз, елу жыл емес, бүгінгі күннен тұп-тура 28 жыл бұрын ғана болған оқиға туралы фильмді жүректен қан, көзден жас сорғалап отырып көрмеу мүмкін емес екен.

Жалпы, журналист эмоцияға берілмеуі керек деген қағида бар. Әйтсе де, қарапайым ғана, ешбір жазығы жоқ адамның санаға сыймайтын азаптарға ұшырағанын көріп отырып, әлдебір қағиданы аттауға тура келетін сәттер де болады екен. «Қожалы геноциді» деп аталатын деректі фильмнің желісін қағазға түсіріп, оқырманға сөзбен жеткізу артық болмас.

1988 жылы әзербайжан халқына қарсы соғыс ашқан армяндар 1992 жылы Баку қаласын ойрандайды. Таулы Қарабахқа таяу орналасқан ауылдарға армяндар жиі шабуыл жасап, елдің үрейін ұшырумен болады. 1992 жылғы ақпанның аязды түнін үш өзеннің сағасында орналасқан Қожалы қаласының халқы алаңсыз қарсы алған еді. Жеті мыңнан астам тұрғыны бар бұл қалада стратегиялық нысан саналатын әуежай орналасқан.

Қожалыдағы қанды түн

1992 жылдың  26 ақпаны Қожалы халқы үшін күні бүгінге дейін қаралы, қан төгілген күн саналады. Сол кезде Қожалы қаласында лауазымды қызмет атқарған, бүгін де оқиғаның тірі куәгері саналатын Эльман Мамедов: «Сол түні қалаға әскери техникалар  кіргізілгенін хабарлағаны сол еді, бес минут өтпей ақ төбемізден оқ жауды. Түнгі 11-30- да басталды бұл сұмдық»,-дейді.

Сол күнгі сұмдық оқиғаның бүгінгі тірі куәгерлерінің тағы бірі Дурдана Агаева: «Сол аяғыма оқ тиіп жараландым. Есімді жинап, көзімді ашқанымда айналам толған мәйіттер екен. Сол сәтте армяндардың  нағыз хайуан екеніне көзім жетті. Қасымда қанжоса болып жатқан мәйіттердің ішінде жасқа толмаған балалар мен сексеннен асқан қариялар болды. Менің көз алдымда баласын құшақтаған бір әйел қашпаққа ұмтылғаны сол еді, армян солдаты шімірікпестен атып салды. Түкке түсінбей, құлаған анасына «тұршы» деп жалынған баланы да армян солдатының оғы мерт қылды. Біз де тұтқындар лагеріне түстік. Мен-20, інім-17  жаста еді ол кезде. Мені сегіз күн бойы солдаттар тепкінің астына алды. Мүмкін болса, дыбысымды шығармауға тырыстым. Өйткені көрші бөлмеде бауырым да тепкінің астында жатты. Менің қиналғанымды естіп, бауырымның жүрегі қансырағанын қаламадым. Енді бір күні бір үйге апарып, аязды күні өзенге түсірді. Судан шығарып, темір шынжырмен әбден сабады.  Сол күні бұрынғы өзімнің үйімнің жанынан өттік. Қираған үйіме көз салып, бір сәтке осыған дейін бұл шаңырақта өткізген алаңсыз, бақытты күндерім көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты. Бұрын  аппақ қалыңдық көйлегін киіп, осы үйімізден ұзатылып, бақытты әйелге айналамын деп талай армандаған сәтімді еске алдым...  Бір күні мені сегіз бірдей солдат жабылып тепкіледі. Есімнен таныппын. Тамырымды ұстап көрсе, соқпайды. Өлдіге санап, мені қоқысқа лақтыра салады. Есімді жиғанымда түн екен. Көзімді ашайын десем, кірпіктерім мұз қатқаннан ашылмайды.  Саусағымды сулап, кірпігіме жағып, екі сағаттай азап шегіп жатып, көздерімді аштым»,- деп еске алады.

Бұл жара жазылмайды

Ағасы Эльшад  Агаев сол бір қаралы күнді: «Бас-көзге қарамай, қолындағы автоматтарымен әбден ұрды. Ернім екіге айырылып жыртылды. Қабырғамды біртіндеп сындырып, сөкті. Етпетімізбен жатқызып қойып, арматурмен ұрды. Қаншама адамды көз алдымызда атып тастады»,- деп санасын жаңғыртты. Азап лагерінен қос бауыр бірге шықты. Өкінішке қарай, жүрекке түскен қанды таңба, жанға салынған жара сыртқа шықпаған күйі күні бүгінге дейін Дурдана мен Эльшадтың санасында сайрап тұр. Армян солдаттары салған бұл жара өздерімен бірге көрге кететінін екеуі де жақсы біледі.

Азап лагерінің тұтқыны болған Мехрибан Бекирова: «Армяндар әйелдер мен балалардың жертөлеге жасырынғанын естіп, сол жерге граната лақтырып, жарды. Оқтан, оттан қашқандардың бірі көз алдымызда өлсе, енді бірі ауыр жарақаттанып жатты. Солардың ішінде мен де болдым. Қасымда төрт балам бар. Ең кішкентай сәбиімнің дүние есігін ашқанына небары үш күн ғана болған еді. Армян солдаттары бетімнен теуіп, басымды автоматпен ұрды. Аузымдағы бүкіл тісім сынып, үгітілді»,- деп көкірегі қарс айырыла күрсінеді.

Қасапшы солдаттардың көзіне қан толған

Өкінішке қарай, көздеріне қан толған армяндарды шырылдай жылаған баланың даусы да, бітімге келу туралы көтерілген ақ ту да тоқтатпаған. Қолына ақ ту алып қарсы шыққан әзербайжан ақсақалын бір оқпен ажал құштырған армян солдаттары мен бұрынғы КСРО-ның 366-шы полкы халықтың қанын судай ағызуды жалғастыра берген. Бұл азаптан құтылу үшін әзербайжандар қақаған аязда Гаргар өзенін кесіп өтіп, орманға қарай қашады. Сарышұнақ аязда шырт ұйқысынан зеңбіректің даусы оятқан бұл адамдардың үстінде не жылы киімі, аяғында аяқкиімі де жоқ. «Аз ғана уақытта қала көк түтінге оранды. Үйлер қирады. Сол күнгі қаламыздан шыққан оттың жалыны бізден он алты шақырым алыста жатқан Агдамда көрінген екен. Бетімізді қарыған үскірік аяз бен  қар, жалаңаяқ қар кешіп, мұз тоңған өзенді кешіп өттік. Жанымда келе жатқандардың барлығы да төбесінен төнген тажалдан қашқандар. Жалаңаяқ, жалаң бас, аязда тастай қараңғы түнде қашуды көз алдыңызға елестетіңізші. Мұны жеткізіп айту мүмкін емес...»,- дейді көзіндегі жасын іріккен Эльман Мамедов.

Азап лагеріндегі азалы үндер

Түнгі азап келесі күні таңертең қайта жалғасады. Армян солдаттары көзіне түскен әрбір әзербайжанды оққа байлап қана қоймай, ит азаппен өлтіреді.

Яшар Алимамедов те лагер азаптарының құрбаны. Баласының алдында Яшарға армян солдаттарының көрсетпеген қорлығы қалмаған. Әкесіне тиіспеуді сұрап жылаған Яшардың баласы армян солдаттарының жүрегін селт еткізбейді. Баласын да қосып сабайды.

Мыңдаған әзербайжан еркектері мен әйелдері армяндардың тұтқынына айналды. Тұтқындарды аяусыз ұрып соққан армяндар оларды белгісіз бағытқа сүйреген. Солардың арасында үш баласын жетектеген, бір сәбиін қойнына тыққан сол кездегі 27 жасар Мехрибан Бекирова да болады. Аязды күнде аштық пен азаптан әбден есінен адасқан ол қойнындағы үш күндік сәбиінің түсіп қалғанын да байқамапты. «Балаларымның бірі су сұраса, енді бірі нан сұрап жылап келеді. Түні бойы тоқтамастан жүріп келеміз. Қалжырадық. Тіпті, ақылымыздан адаса бастадық. Есімнен адасқаным болса керек, қойнымдағы сәбиімнің қашан, қайда түсіп қалғанын да байқамаппын»,- деп көзіне жас алды ол. Арада біраз уақыт өткенде, оқиға орнына келген чехиялық журналист жартылай үсіп қалған сәбиді тауып алып, анасына берген екен. Армяндар қасапшылық жасаған сол түнде анасының қойнынан түсіп қалған сол сәби 21 жасқа дейін ауыр дертпен алысып, азап шегіпті.

Адамның басын допқа айналдырған

Қожалыны қанға бөктірген армян солдаттары ең ауыр, ең сорақы әрекеттерін тұтқындар лагерінде жалғастырады. «Тұтқындар лагерінде көрмегенді көрдік. Жанымызда бір жүкті әйел болды. Армян солдаты сол әйелдің қарнын жарып, ішіне мысықты салып, азаптады. Әлгі әйел тілмен айтып жеткізе алмас азапта көз жұмды. Жалынып, жылап, жалбарынғанымызға қарамады. Армян солдаттары кірпік қақпастан бізді таптап, азаптап, жанши берді. Әйелдер мен балаларды итше қорлап, бәрінің көзінше әбден  езгіледі»,- дейді Мехрибан.

Осы оқиғада жаяулатып, от пен суды кешіп, азаптан қашқан балалар өздері көрген сұмдықты кадрда айтатын жері бар. Бірі: «Әкем мен анамды сойып, өлтірді», -десе, енді бірі: «Еркектердің басын кесіп алып, допша теуіп әбден ойнады»,- дейді.

Бұл нағыз геноцид

«Осы қанды оқиға кезінде Қожалы халқының 613 адамы ажал құшқан.  Олардың 106-сы әйел,  63-і бала,  70-сі қариялар. 400-ден астам адам жарақат алса, 1275-адам тұтқынға алынған. 155 баланың бірі  ата-анасының бірін жоғалтса, енді бірі тұл жетімге айналған. Ал 150 адамның тағдыры бүгінге дейін беймәлім күйде қалды. Өлі ме, тірі ме, белгісіз.

Бұл жай ғана соғыс емес, бұл нағыз геноцид. Қожалыдағы бұл қанды қырғын туралы санаулы басылым ғана жазып, хабарлады. Тек арада біраз уақыт өткеннен кейін ағылшын журналисті Томас Деваала «Қара бақ» атты кітап жазып, талай шындықтың бетін ашады» дейді деректі фильмнің авторы. Таулы Қарабах әскерінің бас қолбасшысы болған Серж Сарксянмен болған сұхбатқа негізделген бұл кітапта бас қолбасшы бейбіт тұрғындарға көрсетілген азап туралы ашық айтады. «Қожалы оқиғасына дейін әзербайжандар армяндарды адам санағысы келмеді. Қолдарынан түк келмейді деп ойлады. Қожалы оқиғасында біздің әскеріміз бұл стереотиптің талқанын шығарды»,- дейді Сарксян өз сұхбатында масаттанып.

Қазір Қожалы жер бетінен өшіп кеткен аймақ саналады. Тұрғындары  Әзербайжанның басқа аудандарына қоныс аударған. Тұтқындар лагерінен босап шыққандардың басым бөлігі көпке бармай, көз жұмған. Бірі тәні мен жанына түскен ауыр жараның қанын жұтып, бақиға аттанса, енді бірі бүтін отбасынан, жақындарынан айырылудың азабына шыдамай, күйіктен көз жұмыпты. Қанға бөккен Қожалы оқиғасынан психикасына салмақ түскен енді бір адамдар өздеріне қол салып, жалған дүниемен қош айтысқан.

«Сол кездегі азапты басынан кешкен кішкентай қыздарымыз бен ұлдарымыздың аман қалғаны бұл күнде отбасылы, балалы-шағалы. Өкінішке қарай, тән мен жанға қатар түскен бұл жара оқиға куәгерлерінің ғана емес, енді олардың балаларының бойына да үрей болып енген. Қанға сіңген қорқыныш қанмен ұрпаққа өтуде», -дейді Эльман Мамедов.

«Сол оқиғадан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Сол күннен кейін бір рет те күле алмадым. Сол оқиғадан кейін тойларда да жарқырап, қуанып, билеген емеспін. Бүгінге дейін еңсемді езіп, сол оқиғаның елесі тұрады»,- дейді Яшар. Бір түнде жақынынан, жылы үйінен, барынан айырылған бұрынғы Қожалы қаласының тұрғындарының қазір бір ғана тілегі бар, өз топырағы Қожалыны кері қайтару. Бакуде қойылған «Ашынған ананың айғайы» атты ескерткіш те әрбір әзербайжанның жанайғайы, арманы, үміті.

 

Тарих беттерінен шындық өшпейді

P.S Таяуда басталған армян мен әзербайжан елдерінің арасында басталған Қарабах үшін соғысы біздің қоғамды да елең еткізгені рас. Ешбір саяси немесе қитұрқылық жағдайларға қарамастан, қазақ халқы ә дегеннен бауырлас әзербайжан тарапын ұстанып, әзербайжандардың жеңісіне тілеулестігін білдіруде. Биліктегі шенеуніктердің салқын саяси ұстанымы әрине, әлем алдында Қазақстанның Ресей жаққа жалтақтап, өзінің темірдей қатты пікірін айта алмай отырғанын көрсетсе керек. Алайда, он қазақтың тоғызы бауырлас түркілеріміз, әзербайжан халқының бұл соғыста жеңіс туын желбіретіп, өзінің биік тұғырына шығарына сенімді және соған тілеулес те. Соған қарамастан, елімізде дәл осы әзербайжан мен армян соғысына қатысты біржақты, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратқан БАҚ-тар да табылуда. Бұл әрине, өкінішті. Уақыт өтер, тарихқа тиісті бағасы берілер. Бүгінгі саяси жүйеміздің орнын басқасы басар. Сол кезде тарихтың да, адамзаттың да алдында жүзіміз төмен болмас әрекетті бүгін жасағанымыз әрбірімізге жөн болар еді. Өйткен, өткен күннің іздерін қар да, жаңбыр да, жел де өшіре алмайды. Өйткені өткен күндердің әр сәтінде адам тағдыры бар. Өткен тарихтың әр парағында ащы шындық пен азалы үн болатынын ұмытпайық. (Мақала Ютуб арнасындағы "Геноцид в Коджалы" деректі фильмінің негізінде жазылды. Орыс тілінен аударылып берілді.)

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Суреттер интернеттен алынды.

Пікірлер