“Адырна” ұлттық порталы ұжымы 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, Алматыдағы репрессия және аштық құрбандарына арналған ескерткішке тағзым етті.
Шараға ұжымнан бөлек түрлі зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.
Ұжым қызметкерлері 1930-жылдары ұлт тағдыры үшін құрбан болған Алаш арыстарының суретін алып, олардың ерлігі мен еңбектерін айтып, еске алды. Ашаршылық уақытында қаза тапқан ата-бабаларымыздың рухына тәу етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Бабалар рухына алғыс білдіріп, қыршын кеткен ұлт зиялыларын еске алуға келген жұртшылық, қоғам үшін маңызы зор датаны елеусіз қалдырмаған “Адырна” ұжымына алғыстарын жаудырды.
“Тәуелсіз елдің төл перзенттері үшін бұл күнде бабалар рухын еске алу, тағзым ету киелі парыз. Бүгінгі күнгі азаттығымыз осы бабаларымыздың қанымен келгені хақ. Ендеше осы тәуелсіздігіміздің, азат күніміздің қадірі мен қасиетін ұға білейік. Жасасын Қазақ, жасасын Алаш!” деді “Адырна” порталының басшысы Арман Әубәкір.
"Адырна" ұлттық порталы