Белсенділер "Тәлім трендке" неге қарсы?

6573
Adyrna.kz Telegram

Көптеген қоғам өкілдерінің қарсылығына ұшырап жүрген  «Тәлім тренд» бағдарламасы эфирге шығып, алғашқы саны полицейлердің мәртебесіне арналды.

Полиция қызметкерлері беделінің бірде түсіп, бірде көтеріліп тұруын  халықпен түрлі жағдайда қарым-қатынасқа түсуіне байланысты екенін түсіне отырып, хабарды бір шолып шықтық. Мұхамеджан Тазабековтың айтуынша, дәл қазір халықтың митингке шығуға ешқандай қақысы жоқ, әуелі өздерін түзеп алу керек.  Әрі өзі атаған «диван батырлары» (фэйсбук белсенділері) ауыздарын жауып отыруы тиіс. Лениннің «жеке адамдың құқығы мен бостандығы болған жерде, мемлекет болмайды» деген сөзін өте әділетті айтылған деп есептейді.

 

Бағдарлама эфирге шықпай тұрып араша сұрағандар өз ұстанымдарын тағы да білдірді. Олар М.Тазабековтың «Асыл арнасымен» насихатталып жүрген тәлімін Ұлттық арнаға әкелуіне қарсы шығып, төмендегідей жазбалар жариялады.

 

Ая Бегім: Ұлттық арнадан кетсін! 

 

Мұхамеджан Тазабек жүргізетін “Talim trend” бағдарламасының «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан көрсетілуіне қарсымын. Осы бағдарлама эфирден әне шығады, міне шығады деп 2018 жылдан бері айтылып келген еді. Тұрсынжан Шапайдың “Жақсы-ақ етікші болатын жігіт екен” дейтіні бар. Сол айтпақшы сананы тұмандандыратын тәпсір әңгімесін өзінің инстаграмында айтсын! Біздің арналарға экология, табиғатты сақтау, адам құқығы, ғылыми танымдық бағытындағы бағдарламалар керек!

Бірігіп талап етейік! Үнсіз қалма!

 

 

 

Айгүл Орынбек: Тәлім трендтің астарында залым тренд жатыр!

Өз парақшасында радикалды сәләфиттің постын “білмей” бөлісіп қойған Тазабек, Ұлттың арнасында білмей террористерді жарнамалап жіберсе кім жауап береді?

2017 жылы Мұхамеджан Тазабек радикалды сәләфит Абдулхалим Абдулкаримов жариялаған видеоны өз парақшасына бөліскен еді. Заң алдында жауап беретін болған соң, «білмей қалыппын”, деп парақшасынан өшіріп тастады! Негізі заңды түрде жауап беру керек еді, әйтеуір құтылып кетті....

Ал ертең астарлап, телеарнадан өзінің мүридттерін билікті басып алуға тәрбиелеп отырса ше, оған кім жауап береді?

“Біз мұсылман еліміз, Халифат құруымыз керек” деп атойласа ше?! Кім жауап береді?

Дарын Мубаровтың уағызын тыңдағандар Сириядан бірақ шықты. Оған мүмкіндік берген осы билік! Қаншама ана боталап қалды, отбасы ойрандалып!

Бүкіл үрім бұтағымен Сирияға көшіп, оралмағандар бар!

Сол кезде осы тәлім-тәрбие бергіш қайда болды екен?

Тәлім трендтің астарында залым тренд жатыр!

Билікке халықтың қараңғы болғаны керек!

Қараңғы миы уланған халық биліктен ештеңе сұрамайды!

Алдына тастаған сүйекті кеміріп жата беретін үйретілген “иттерді” баққан тиімді бұл билікке!

Көзі ашық қоғамнан, миы уланған халықты басқару оңай!

Мен Тазабектің жеке өмірінде жұмысым жоқ, қоғам алдында жүрген соң, ұлттың арнасына шығып жатқан соң, жүзін ашып шықсын!

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы діни көзқарасы бойынша сараптама жүргізсін!

Дін Істері Комитеті назарға алыңыздар!

Ресми жауап күтемін.

 

                                        Дина Елгезек: Діни топтар билік ете бастады

Діни топтар билік ете бастады бұл елде!

Елдің болашағына алаңдайтын Президент, Премьер, депутаттар, зиялы қауым қайда? Мемлекеттік қызметкерлер қайда?

Құқық қорғау органдары қайда? Басқа қайда? Ау, неғып үндемей жатсыңдар?

 

 

                                          Дастан Мырза:  "Тәлім тренд" жабылуы тиіс! 

 

1970 жылдары Иран мен Ауғанстан қандай болды, қазір қандай?  Бар-жоғы 20-30 жылдың ішінде тұтас бір ел кардиналды түрде өзгерген. Барлығы ислам радикалдары - талибтердің кесірінен. Біздегі жағдай қалай осы? Негізі өте ұзақ, ауқымды тақырып, қысқаша тоқтала кетейін.

Алғашында жаңадан пайда болып жатқан салафизмге көп мән бермедік. Біртүрлі бізге қатысы жоқ нәрсе сияқты ойладық. Кейін әке-шешесіне келінді сәлем еткізбейтін, әруақты, ата-дәстүрді "ширк" дейтін жастар пайда бола бастады. Басында шошынып, үрке қарап, кейін оған да етіміз үйреніп келе жатқандай. Көшеде қара жамылып, тұмшаланған адам көру әдеттегі құбылыс болып кетті. Осының бәрі қалай болды? Не үшін болып жатыр? Мәселенің төркіні өте тереңде жатыр.

"Большие деньги - большие проблемы" демекші мұның бәрі өте көп ақша, байлық және соны игере алмайтын сауатсыз халық бар жерде жүреді. Енді осыны Иран мен Ауғанстан негізінде саралап көрейік.

Иран мұнай мен газға өте бай ел. Газ қоры бойынша тіпті Ресейді артқа лақтырып, әлемде бірінші орын болуы да мүмкін. Одан бөлек таулы, қыратты жерлері түрлі пайдалы қазбаларға да бай. Тұнып тұрған ақша. Енді сол ақшаны белгілі бір топтар қалай иемдену керек? Тұтас халықты физикалық түрде қырып тастай алмайды, бірақ "алдауға" болады екен. Алдағанда да анау-мынау емес сезімтал тақырып - дінмен алдау. Практикалық түрде өмірге аса қажетті болмаса да адамға үрей туғызып, діни догмамен алдау. Себебі көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты, бай, ұлттық салт-дәстүрмен сусындаған "діні мықты" халық еркіндігін, қолындағы байлығын біреуге оңайлықпен бере қоймас, сол үшін күресе алады.

Ал енді талибтер қызығатындай Ауғанстанда не бар дейсіз ғой. Еуропа мен Азияға таралатын бүкіл наркотиктің көкесі осы Ауғанстанда. Ауған тауларындағы көкнар плантацияларының қоры ақылға сыйымсыз ақшаның көзі. Колоссальные деньги. Міне, енді осыны нақты бір ұйымдар бақылауда ұстау үшін жергілікті халықты дінмен улап, орта ғасырға айдап бір тықса жетіп жатыр. Вуаля. Болды бітті. Аталған екі ел де зайырлы, дінмен уланбаған ел болды. Алғашында оларға оңай болған жоқ. Олар да бірте-бірте осындай күйге жетті.

Біздегі жағдай тура солардың көшірмесі болып келе жатыр. Дін саясатқа араласпайды деп Ата Заңға жазылғанымен іс жүзінде мүлде басқаша болып шықты. Алдымен "Асыл Арна" сияқты якобы ізгі мақсаттағы арналар ашылады. Ұзақ жылдар бойы жастардың миын жуып-шаю процесі осы арна арқылы жүзеге асып отырады. Бұл үрдіс болып жатыр да. Дамып, шарықтау шегіне жеткенде 'Тәлім Тренд' сияқты бағдарламалар пайда болады. Енді бұл бағдарламар өздерінің арнайы арнасынан емес ұлттық, мемлекеттік арналарға ауысады. Бұл - қоғамның көзін үйрету, себебі сезімтал тақырып болғасын "кнутом и пряником" дегендей бірте-бірте, елді шошытып, үркітіп алмастай қылып істелетін дүние. Сосын жергілікті халықтан жеке амбициясы үшін адамдардың басын жалмауға дейін баратын, ақша үшін бәрін айырбастайтын, тіпті Отанын да оңайлықпен сата салатын орктарды дайындайды. Бүкіл қоғам қарсы болса да бұл орктар суға салса, батпайды, отқа салса, жанбайды, кессе, қан шықпайды, қоғамдық резонансқа пысқырмайды да. Себебі оның да үстінен қарап отырған, жүктелген рөлді ақтай ма екен деп бақылап отырған топтары бар. Міне, мәселе осында болып тұр. Сол үшін де тап-тазабек сияқтылар ауызым бар екен деп сексолог та, стилист те, ІІМ-нің коучы да бола алады. Мемлекет күшті болса, мені неге сол жерге отырғызып қойып сөйлетпейді? Көрген-баққанымыз, бар күніміз қалған адам Тазабек пе сонда? Ақыл-ойдың, парасаттың эталоны ма сонда ол? Әрине жоқ, просто біреулерге сол ыңғайлы болып тұр.

Тағы бір айта кететін жәйт, салафизмді халыққа тез сіңіру үшін, тез насихаттау үшін қоғамға танымал тұлғаларды, әнші-биші, спортшы сияқтыларды бірінші жаулайды. Әсіресе спорт әлемінде баршылық. Олар да біледі кімдерді бірінші вербовка жасауды. Сосын ақшасы жоқ, жағдайы нашар маргинал топтар бұл ұйымға кетуге бейім тұрады. Проблема банальна - из-за денег. Тағы бір байқағаным, ұлттық коды өлген, ұлттық иммунитеті нашар, жастайынан қолға су құйып, қонақ күтіп көрмеген, ата мен әженің фольклорына сусындамаған орысқол қазақтар салафизмге бет бұруға бейім тұрады екен.

Жалпы ұзақ жылға жоспарланған осылай елді аздыру, надандандыру саясатының астарында нақты бір ұйымдар тұрғаны белгілі. Біздегі осындай былықтардың барлығы Кремльдің нұсқауынсыз болмайды дегенге сенбеймін. Ал, ұзақ жылға жоспарланған елді діни догмамен надандандыру саясаты жолында Тазабек сияқты пешкалар пайда болуы заңды құбылыс. Тек соның артында тұрған ұйымдар маңызды болып тұр.

1970-жылдары Иран мен Ауғанстан да қазіргідей күйге түсеміз деп ойламаған шығар. Увы! Бірақ қалай болғанда да олар да өз тазабектерінің арқсында осыған жетті, сырттан келіп біреу оларды мәжбүрлеген жоқ. Халқы ертегіге сеніп, қараптан-қарап астарындағы байлықтың қызығынан айырылып қалды.

Біз енді алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырған халықпыз ғой. Біздегі байлық Иран мен Ауғанстанның байлығын суммарлы түрде қосқаннан да көп. Ал енді өздеріңіз ойлай беріңіздер.

Ақназар Әбдіғаппарұлы: Мемлекеттің зайырлылығына қауіп төнеді

Мен де Мұхамеджан Тазабек жүргізетін “Talim trend” бағдарламасының «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан көрсетілуіне қарсымын.

Діни сенімі көптеген адамның күмәнін туғызатын жеке тұлға мемлекет қаржыландыратын телеарнада өз бағдарламасын жүргізуі қауіпті құбылыс.

Өзі айтқандай діни тақырыпта эфирде ештеңе айтпауы мүмкін, бірақ ұлттық тақырыптарды қозғап халықтың ықыласына бөленіп, көптеген жақтас жинап алуы әбден мүмкін. Сол арқылы мыналар билікке келе қалса "құдай сақтасын", мемлекеттің стратегиялық бағыт-бағдарына, зайырлылығына, көпвекторлы саясатына үлкен қауіп төнеді!

Қалай десек те "Қазақстан" арнасы  "Тәлім тренд" бағдарламасын әр жұма сайын көрсетіп тұруды қолға алды. Тиісті органдардың бұл мәселеге араласып-араласпауы алдағы уақыттың еншісінде қала бермек.

Жанболат Сарқасқа,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

Пікірлер