Сүйіктім түйреуіш сыйласа да ризамын - Меруерт ТҮСІПБАЕВА

5497
Adyrna.kz Telegram

Жақында ғана атаулы 50 жасқа толған эстрада жұлдызы, белгілі әнші Меруерт Түсіпбаева мерейтойы туралы “Адырна” ұлттық порталының тілшісіне шағын сұхбат берді.

-50-ге толдыңыз. Елеулі санның бірі. Ғасырдың жартысы. Ішкі жан дүниеңізде қандай сезім болды? Әрине бет-бейнеңіз әлі 18-дей құлпырып тұр ғой.

-Қазіргі уақытта косметология дамыған заманы. Әр әйел бет күтімге көңіл бөледі. Ниет болса болды. Ниет еткен адам әрқашан жарқырап сұлу боп жүреді. Тек өздеріне байланысты. Спорт болсын, косметология болсын, көп амалы бар ғой, өзгеремін деген адамға...

Өнер адамы болған соң, бізге толықтауға, қалай болса солай жүруге құқық жоқ.

Түр сипатым жас көрінгенімен, мен шынымен 50-ге толдым. Кей адамдар айтып жатады ғой, ішкі дүнием де әлі жас деп. Меніңше, бұл жаңсақ пікір секілді.

Менің жан-дүнием 50 жаста, жүрегім мен жаным 50 дегі әйел.

Адам бетін қанша дұрыстағанмен, жанына ие болмайды. Жан бәрібір өзінің жасын алады, және мен оған жабырқамаймын. Солай болуы керек.

-Қазір ауру өшіп, карантин қатаңдатылуда. Мерейтойыңызды қалай атап өттіңіз?

-Мерейтойымды 2 қабатты жер үйде атап өттім. Көп адам шақырмадым. Осы жақында туған бауырым ковидпен ауырып, әбігерге түстік.

Туған күнімді тойламаймын деп ойладым. Алайда қазір аман-есен. Ауруханадан шықты.

Кейін енді құрбыларым мерейтойды тойламаймыз ба деген соң аз адаммен 2 күн бойы атап өттік.

Адамдарға далаға отырғызып, барынша сақтандық.

-Жасырын болмаса ең қызық, құнды деп алған сыйлығыңызды атап өтсеңіз?

-Сүйіктім көп сыйлық сыйлады. Барлық сыйлығы бағалы. Түйреуіш сыйласа да қуанамын.

-Елу жыл ішінде бар армандаған, мақсат қылған істерді орындай алдыңыз ба?

-Қорытынды шығарудан аулақпын. Әлі аяқтанбаған балам бар. Әлі жасамақ игі істерім бар.

Ал өнер туралы, өнердегі жолым туралы айтар болсам, өнердегі жолым ашық болды. Разымын.
Халық таласып әндерімді орындап жатыр. Қанағатшыл адаммын. Әнімді айтттым, киноға түстім.

Алда қойылған өмірлік мақсатым көп. Олардың орындалуы уақыттың еншісінде. Өнер жолында маған қолдау білдірген, жанкүйер болған баршаға үлкен алғыс білдіремін.

-Айтпақшы, бүгін ұлыңыздың да туған күні екен. Инстаграм желісіне туған күніне арнап жазған постыңызды оқырмандарға ұсынғымыз келіп отыр. 

-20 жыл бұрын сен дүниеге келгенде, дәрігерлер мені жансақтау бөліміне жіберіп, сені әжеңнің қолына ұстатқан еді...

Наркоздан ояна салып, сені іздегенмін... Мен сені алғаш көрген сәттен- ақ жанымдай жақсы көргенмін....

Бетіңе үңіліп , мааааа, шынымен мен ана атандым ба ?

Мынау менің балам ба деп өзіме разы болғаным есімде....

Құдайдан бір, адамнан бір жалынып сұрап алған, көзімнің ағы мен қарасы, бір тал балам, жорытқанда жолың болсын!!!

 

-Ұлыңыз үйленем десе дайынсыз ба?

-Ұлым үйленем десе дайынмын. Үйі де дайын. Бұйырса шаңырақ көтерген соң, келінім екеуін бірден бөлек шығарамын.

Байқасаңыз, қазір мен келін тақырыбын көп қозғап жүрмін. Мен келінімді құлша жұмсап, бүйт сүйт демеймін.

Баламның бақытты болуы үшін оның тыныштығын бұзбаймын.

Инстаграмға келін туралы жазылған әр пікірімді қолдаушылар көп. Қуантарлығы, қазір көп адамдар келінді құл көрмейді. Оған дәлел, өзіме жекеге жазғандар өте көп болды. Бірте-бірте барлығы түсінеді деген ойдамын.

Балам келер болсақ, өте байсалды, шешіміне нақ. Қазіргі балалар заманауи көздері ашық қой. Көп тіл біледі. Туған күніңе не сыйлайын дегенде, “мама 20 жасымды Америкада қарсы алғым келеді” деп бір күнде сөмкесін жинап, кетіп қалды. Қазір балам Майами қаласында.

Баламның әр қадамын құптаймын. Санасы бар. Шешімді ұзақ қабылдап отырмайды. Бірден айтады. Аман жүрсін. Бүгін менің ең бақытты күнім. Ана атанған атаулы күнім...

-Сұхбатыңызға рақмет! Ең бақытты атаулы күніңізді жақсылап атап өтіңіз.

Сұхбаттасқан: Інжу ӨМІРЗАҚ,
“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер