Лениннің мүрдесін сақтауға жылына қанша ақша кетеді?

14568
Adyrna.kz Telegram

Биыл В.И. Лениннің туғанына 150 жыл толған екен. Ал оның дүниеден өткеніне 100 жылға жуық уақыт болғанына қарамастан, оның мүрдесін әлі де сақтап келеді. Сан жылдардан бері өзіне арналған мавзолейде тұрған мумиясы қандай деңгейде және оны бальзамдауға қанша ақша кетеді?

Ленин 1924 жылы 21 қаңтарда дүниеден өткенде, оның мүрдесін сақтау ешкімнің басына келмеген де екен. Профессор Алексей Абрикосов алғаш оның денесін қоштасу рәсімі үшін ғана бальзамдаған. Тіпті, оны ақтық сапарға шығарып салатын күнді де белгілеген.

Бірақ «Күн көсеммен» қоштасу үшін жер-жерден келген адамдардың қарасы көп болғандықтан, үкімет жерлеуді кейінге қалдырып келген. Екі айға дейін өте жақсы сақталған дене наурыз айынан бастап бүліне бастаған. Құлағы, мұрны, қабағы трансформацияға ұшырап, пигментті дақтар пайда болған. Осы кезден бастап оның денесін сақтауды ұйғарады.

Ғалымдардың алдында Лениндей пролетариат басшының тек денесін сақтап қоймай, оны қалпына келтіру міндеті де тұрды. Алғашында іске кейіннен кіріскен ғалымдар профессор Абрикосов кейбір қантамырларын алып тастағандықтан, денені қалыпқа келтірерде айтарлықтай қиналыпты. Төрт ай бойы мәйітті сақтаудың барлық шарасын жасап болған соң, сәулеті келіскен мавзолей ашылып, Ленинді сонда қояды. Сол жылдың тамыз айынан бастап жан-жақтан Лениннің өлі денесін көруге адамдар ағылып келе бастайды.

Содан бері биохимиктер, ғалымдар Лениннің тек бет-әлпетін сақтауды ғана мақсат етпей, оның салмағы, дене пішімі мен бет-терісінің түсінің сақталуына да барынша мән береді.

Дененің бальзамдалғанына ғасырға жуық уақыт өтсе де, дене мүшелері өзінің иілгіштігін әлі де сақтаған көрінеді. Тіпті, мойны әлі күнге бұрылады.

Әрбір бір жарым жылда мүрде кәсіби тексеріске жібереді. Бұл уақытта мавзолей екі айға дейін жабық болады. Егер дененің бірер жерінен өзгеріс байқалса, дереу қалыпқа келтіріледі.

Денедегі барлық сұйықтық жаңартылып, саркофагқа қайта салынады. Мүрде тірі секілді көрінуі үшін 14 спектрлі жарық шамдар қойылған. Саркофагтың ішіндегі температура ылғи +16 градус болып тұрады.

Осы жылы ресейлік ақпарат  көздерінде оның мүрдесінің көшірме екендігі жайлы шу шықты.  Мұндай шу ол өлген соң-ақ тарай бастаған екен. Әйтсе де, зерттеушілер мен оның денесімен тікелей жұмыс істегендер мүрденің Лениндікі екенін айтады. Расымен де, мемлекет тарапынан қыруар қаражат бөлініп жатқанда қаншама жұмысшы қуыршақты күтіп-баптамаса керек? Дереккөздерге сүйенсек, мәйітті сақтау үшін жылына 17 миллион рубль кететін көрінеді.

Жыл сайын осынша қаражаттың бір мәйіттің сақталуына  ғана кететініне көпшілік наразы.   Көптеген саясаттанушылар да Ленинді тезірек жерлеуді ұсынған екен. Бірақ оны тарихи жәдігер көріп, оған табынушы топтың көптігінен бе билік бұл ұсынысты қабылдамаған. РФ Президенті Владимир Путин өзін Кеңес Одағымен байланыстыратын адамдар тірі жүргенде Ленинге ешқашан тиіспейтіндігін айтыпты.

 

Фото ашық дереккөзден алынды

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер