800 мың қазақстандық кедей санатына өтеді

4404
Adyrna.kz Telegram

Коронавирус пандемиясы кезінде Қазақстанның іскерлік белсенділігі әлдеқайда тежелді. Бұл туралы Centralasia.org хабарлады.

Республика экономикасы 1990-жылдардың соңынан бері алғаш рет үш пайыз қысқарады, деп есептейді Дүниежүзілік банк мамандары. Халықаралық институттың 22 шілдеде жариялаған баяндамасында Қазақстан экономикасы 2021 жылы 2,5 пайыз өседі деп болжанды.

Дүниежүзілік банк мамандарының пікірінше, дағдарыстан елде кедейлер көбейіп, әлеуметтік теңсіздік арасы алшақтай түседі. Алдын ала болжам бойынша, 2020 жылы кедейшілік 12,7 пайызға артады. Банк мамандарының есептеуіне қарағанда, биыл 800 мың адам кедейлер санатына түседі.

Баяндама авторларының болжамына сәйкес, коронавирус пандемиясы және оны тежеу әрекеттері салдарынан Қазақстанның еңбек нарығы зардап шегеді, әсіресе бұл дағдарыс біліктілігі төмен жұмысшыларға ауыр тиеді.

Биыл алғашқы тоқсанда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 2,3 пайыз өсім көрсеткенімен, одан соң коронавирус елге тараған уақытта ахуал қиындай түсті.

"Билік COVID-19 пандемиясын тежеуге арналған шаралар қабылдады, ал бюджеттегі қор эпидемиясының экономикаға әсерін жұмсартуға мүмкіндік берді. Дегенмен мұнайға сұраныстың төмендігі және бағаның арзандауы, сонымен бірге пандемияның ұзаққа созылуы экономика болашағын бұлыңғырлата түсті. Соған қарағанда, биліктің қордағы қаражатын кедейлер мен аз қамтылған отбасыларға қосымша көмек ретінде беріп, экономиканы қалпына келтіруге көмектесетін реформаны тездеткені дұрыс болады", - деді Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы кеңсесіндегі аға экономист Самсу Рахарджа.

Банк баяндамасында пандемия Қазақстанда адам капиталының дамуына кері әсер ететіні айтылған.

Қазақстанда коронавирусты бірінші болып жұқтырған науқас биыл наурыздың ортасында тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазір 75 мыңнан астам адамның вирус жұқтырғаны анықталған. Үкімет 1 сәуірден бастап коронавирус статистикасына пневмониямен ауырған науқастарды қосуға уәде берді.

 

Пікірлер