Опындырған оңай олжа. «TikTok» желісінде құмар ойын ұйымдастырған 100-ден астам аккаунт анықталды

2874
Adyrna.kz Telegram

«TikTok» желісінде құмар ойын ұйымдастырған Алматы қаласының 2 тұрғыны 4 айда 13 млн теңгеге жуық табыс тапқан. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі «TikTok» желісінде мұндай құмар ойындар ұйымдастырып, "қаржыны қарша күреген" 100-ден астам аккаунтты анықтады.  Мұндай әрекеттердің заңға қайшы екендігін мәлімдеп, қолданушыларға ескерту жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, негізінен «TikTok» желісінде кең етек алған мұндай ойындарға карта ойыны, сүйек лақтыру және онлайн рулетка кіреді. Ойындардың талаптары барлығында бірдей. Олар қолданушыларды бәс тігуге шақырады. Оның төрттен бірі ұйымдастырушыда қалады, қалғанын жеңімпаз алады. Бәс тігулерді қабылдау және ұтыстарды беру банктік онлайн аударымдар арқылы жүзеге асырылады.

«Желілік талдау нәтижесінде біз онлайн ойынды тарататын 100-ден астам аккаунт анықтадық. Осы жерде ұйымдастырушылар мен қатысушыларға бұл әрекеттің заңсыз екенін ескертеміз. ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.  Қазірдің өзінде сотталғандар бар, - деді өкілдік.

Мәселен, «TikTok» желісінде құмар ойын ұйымдастырған Алматы қаласының 2 тұрғыны 4 айда 13 млн теңгеге жуық табыс тапқан. Тергеу қорытындысы бойынша олардың 1,5 жылға бас бостандығы шектелді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта сот «TikTok» желісінде ұқсас мазмұндағы контент үшін 4 ұйымдастырушыға қатысты іс қаралып жатыр.

Құрметті азаматтар, осындай құмар ойындарға араласпауларыңызды сұраймыз. Бұл заңға қайшы. Сондай-ақ, ата-аналардан балаңыздың мінез-құлқына, оның көретін контентіне және оның онлайн саудасына назар аударуын сұраймыз»,-делінген ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі хабарламасында.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер