Ит – ер-жігіттің айнымас серігі еді...

5876
Adyrna.kz Telegram

Кейде маған мына дүниеде ата-әженің өсиет пен қасиетке толы өнегелі әңгімесі мен естеліктерін тыңдаудан артық дүние бар ма екен деген ой келеді. Ат жалын тартып мінгенше өз ата-әжемнің жанынан бір елі ажыраған емепін. Олардың жанында еркелеп, масаттанып жүретінім тағы бар. Той болып жатқан үйдің тәттісі мен құлағы менің «еншімде» еді.

Атамның өмірдегі бейнесі сурет күйінде қалғалы бері әжемді айналшықтауды шығардым. Ұйықтар кезде әке-шешемнен қашып, әжемнің ыстық қойнына сүңгіп кетер едім. Сондай бір кезде әжем көсіліп тұрып әңгімесін айтушы еді. Ол кезде кішкентай бала болған соң, бірін есте сақтадық, ал қалғанын ұмытып та қалдық. Бірақ та, әлі күнге дейін өзінің сан қилы өмір-өнегесінен түрлі естеліктерді айтып отырады, кейде көзінің жасын сығып алатын да кездері болатынын жасырмаймын. Сонда мен әжеме қарап отырып, оның қатпар-қатпар әжімінде толғамалы тарихтың неше сан парақтары жатқанын анық сезінемін.

Сондай бір мамыражай күндердің бірінде әжем өзінің анасы туралы әңгіменің тиегін тарқатты. Анасының соқтырмалы да соқпақты өмірін айтып болғаннан кейін оқыс бір әңгімеге ауысты:

«Шешемнің өмірі 1932 жылдың қанқұйлы ашаршылығымен тұспа-тұс келді, ағарған өліктен аяқ алып жүре алмайтын кезеңді бастан өткерді. Біз ашаршылықты көрмедік, шүкір. Ол уақыт – замана зар құсқан уақыт еді. Адамдар ішерге ас, бір үзім нан таба алмай, бір-бірін жеуге айналды. Жан сақтау керек, өліп бара жатыр. Қасқыр да өзінің жемтігін кездестіре алмай, адамдарға қарсы шығып, шаба бастады. Қырылып жатқан адамдар. Бір қызығы шешемнің үйін қиын-қыстау кезеңнен иті алып шығыпты. Қалай дейсің ғой, сол кезде бір ақылды иті болыпты. Сондай бір тамақ таба алмай, ашаршылықтың зардабын көріп жүрген күндердің бірі екен. Таңертең ұйқыдан тұрса, төсегінің басында үйітілген қойдың басы жатыр, оны күзетіп иті тұр. Шешем аң-таң,  ол кезде бұндай тамақты тек басқарманың үйінен табуға болады. Сонда иті үйітілген басты басқарманың үйінен әкеліп, тиіспей, иесіне бүтін әкелген ақылын айтсаңшы, қарағым-ау! Бұл жағдай келесі күні де қайталанып, шешем қазыға қарық болыпты. Осылай біраз күн иті бүтін бір үйді асырапты».

Ал енді мына бір әңгімеге ойыссақ. Лассе Халльстрёмнің «Хатико» фильмін көрмеген жан жоқ шығар! Сонымен бірге көзіне жас алмаған жан да кемде-кем! Фильм Хатико есімді ақылды, иесіне адал ит туралы. Фильмнің сюжеті бойынша ит күн сайын Хидэсабуро Уэно атты иесін вокзалдан жұмысына шығарып салып, күтіп алып жүреді. Иттің бұл ерекше қасиетіне вокзал маңындағы дүкен сатушысы да, жаяу жүргіншілер де таң қалады. Бір  күні иесі жүрек талмасынан қайтыс болды. Алайда иттің иесіне деген адалдығының бір белгісі – Хатико өзінің өмірінің 11 жылының 9 жылын вокзалдың алдында иесін сарыла күтумен өткізді. Бірақ иесі қайтып оралмады. Иттің құрметіне 1934 жылы Жапонияның Сибуя қаласында ескерткіш орнатылды.

Міне, мен келтірген екі мысалда иттің адамға нағыз дос екенін көрсетеді. Қазіргі кезде иттің нағыз алғыр, адал қасиеттері ұмытылып бара жатқан секілді. Ары кетсе ауылдық жерлерде ит төбелестіріп машық қылатындар да жетерлік. Үлкен кісілер «ит иттігін жасайды» деп қоя салады. Алайда, ата-бабаларымыз өз уақытысында ең жарамды ит-тазыларын қасқырға салған емес пе! Тазылар – аңшылықтың ең басты көркі, ер жігіттің айнымас серігі еді. Итті жеті қазынаның біріне жатқызамыз. Ал қазір сондай иттер бар ма екен? Сіз бен біздің үйдегі иттің тұрқы қандай?

                                                         Қамшыбек Ахмет Қанатұлы

                                      Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

                             Филология және әлем тілдері факульеттінің 1-курс студенті

                                                                       

 

Пікірлер