Алғашқы қарлығаш. Қазақтың ғарышкер қызы, қайдасыз?

1441
Adyrna.kz Telegram

Ғарышқа алғаш адам аттандырған топырақтан әлі күнге әйел-ғарышкер шыққан жоқ. Бұл туралы кезінде ғарышкер Айдын Айымбетов ықтимал хабардың шетін шығарғанымен, оның соңы белгісіз күйде қалды. Журналист Берік Бейсенұлы ғарышқа қазақ әйелін аттандыру одан бұрын да қозғалғанын айтады.  

Адамзат ғарышты алғаш рет 1961 жылы игерді. 12 сәуірде Байқоңыр ғарыш айлағынан «Восток-1» ғарыш кемесімен ұшқан Юрий Гагариннің сапары сәтті аяқталғаннан кейін әлем үшін ғарышқа жол ашылды.

2024 жылғы 29 қазандағы деректерге сүйенсек, содан бері әлемде 623 адам ғарышқа ұшқан.

Олардың 79-ы әйелдер.

АҚШ-тан – 60, Кеңес одағы мен Ресейден – 6, Қытайдан – 3, Жапониядан – 2, Канададан – 2, Франция, Италия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Сауд Арабияcы және Беларусь елдерінен 1 әйел ғарышкерден шыққан.

АЙДЫН НЕ ДЕГЕН?

Қазақстаннан алғашқы әйел ғарышкер қашан шығады? Бұған қатысты 2018 жылы Халықаралық ғарыш станциясының 20 жылдығына арналған баспасөз мәслихатында ғарышкер Айдын Айымбетов пікір білдірген еді.

«Келесі қазақ ғарышкері қашан ұшатынын дәл айту қиын. Бұл мемлекеттік органның құзыретіне жатады. Бірақ мен қазақ ғарышкері міндетті түрде ұшады деген сенімдемін және бұл бағытта тек жігіттер ғана емес, ғарышқа ұшуды армандайтын көптеген қыздар да жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның қыздары кейбір мәселелерде біздің жігіттерге бәсекелес бола алады. Менің ойымша, келесі ғарышкер қыз бала болуы мүмкін», - деген ол журналистерге.

Осылай айтқан Айдын Айымбетовтің 7 жыл бұрынғы пікірінің анық-қанығын білмек болып өзіне хабарласқанымызда жауап бермеді.

БЕРІК НЕ ДЕЙДІ?

"Ана тілі" газетінің бас редакторының орынбасары, кезінде ғарыш мекенін іштен көріп, ғарышкерлер ортасымен жақын танысқан  Берік Бейсенұлының айтуынша Қазақстаннан ғарышқа әйел ұшыру туралы 2000 жылдары сөз болған. Тіпті, ұшатын адамның дайындалып жатқаны туралы да айтылған.

«2000 жылдары қазақ қыздары неге ғарышқа ұшпайды?» деген мәселе көтерілген. Ұлттық аэроғарыш агенттігі төрағасының орынбасары болып тұрған кезде Мейірбек Молдабеков ғарышқа ұшатын қазақ қызы дайындалып жатқанын, бірақ оның аты-жөнін айта алмайтынын айтқан еді. Бірақ бұл мәселе кейін неге екені белгісіз, жабулы қазан күйінде қалды», - дейді журналист.

Бәлкім, қазақ қыздарынан ғарышқа жұмыс істейтіндей керекті маман табылмай жатқан болар?

«Жалпы алғанда қазақ қыздарынан мамандар табылмайды дегенге қарсымын. Жоқ емес – бар. Дәл қазір қазақ қызы ғарышқа ұшады деп айта алмаймын. Өйткені әлемдегі геосаяи жағдайлар, Ресей мен әлем елдерінің қарым-қатынасы бұған мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне Байқоңыр ғарыш айлағын Ресей жалға алған. Сондықтан Ресеймен мемлекетаралық келісім керек. Әрі бұл қыруар қаражатты талап етеді. Сондықтан қазақ қызын ғарышқа ұшыру күн тәртібінде тұрған жоқ деп ойлаймын», - деп жеке ойын айтты Берік Бейсенұлы.

Журналистің топшылауынша,  үкімет шындап кіріссе, Қазақстанда мамандар жеткілікті.

«Өз уақыты жеткенде қазақ қызы да ғарышқа ұшады деп ойлаймын» - дейді Берік Бейсенұлы.

ГЕНДЕРЛІК СТЕРЕОТИП ПЕ?

Маман қазақ қызының ғарышқа ұшпауын тек әлеуметтік факторлармен ғана емес, психологиялық аспектілермен де байланыстыруға да болады. Әйелдерге қолдау көрсететін «Alqa publishing» баспасының бас редакторы Баян Хасанованың айтуынша қоғам әйелге белгілі бір рөлді таңып тастаған.

«Тіпті мектептің өзінде қыз бала мен ұл баланың мамандық таңдауына қатысты шектеу бар. Оқулықтардағы суреттерді зерттесеңіз, инженер, ғарышкер, бағдарламашы деген мамандықты сипаттағанда міндетті түрде ер адамның фотосын көреміз. Мұның бәрі – гендерлік  стереотип. Статистикаға жүгінсек, әлем бойынша ғылыми, техникалық, инженерлік және математика (STEM) мамандықтарында әйел адамның үлес салмағы әлі күнге өте аз. Ол біздің қоғамда ғана емес, дамыған елдердің өзінде бар проблема. АҚШ-та қыз балаларды STEM мамандықтарына дайындауға қатысты түрлі бағдарламалар қолға алынған. Ал бізде, өкінішке орай, бұл проблема деңгейіне көтерілмеген. Егер бала ғарышкер бола алатынына сенбесе, ғарышкер боламын деп қалай армандайды? Бірақ қазақ қыздарынан ұшқыш шықты ғой. Хиуаз Доспанова апамыз. Бізге сондай ерекше жандарды жиірек насихаттау керек. Баланың миына шектеу қоймау керек. Сонда қазақ қыздары кез келген мамандықты қорықпай армандайды. Ал армандаған адам арманына жетпей қоймайды», - дейді Баян Хасанова.

БАЙҚОҢЫРДАН ҰШЫП, АЛТАЙҒА ҚОНҒАН

Ең алғашқы ғарышкер әйел – Валентина Терешкова. Ғарышқа алғашқы әйелді аттандыру идеясын Кеңес одағындағы ғарышкерлерді дайындау бөлімінің жетекшісі Н. Каманин ұсынған. 1961 жылы бұл идея мақұлданып, 1962 жылдың басында әйел кандидаттарды іріктеу басталған. Оларға парашютист болу, жасы 30-дан аспау, бойы 170 см-ден жоғары болмау және салмағы 70 кг-нан аспау сияқты талаптар қойылған. Нәтижесінде 100 үміткердің арасынан 5 әйел – Жанна Ёркина, Татьяна Кузнецова, Валентина Пономарёва, Ирина Соловьёва және Валентина Терешкова таңдалған.

Алғашында екі ғарышкер әйелдің бір уақытта ұшуы жоспарланған. Бірақ 1963 жылдың наурыз айында бұл жоспар өзгерген. Валентина Терешкованың алғашқы әйел ретінде таңдалуына оның жақсы дайындығы ғана себеп болмаған. Сондай-ақ, саяси факторлар да әсер еткен. Халықпен жүздесу, көпшілік алдында сөз сөйлеу кезінде кеңестік жүйенің артықшылықтарын көрсету де ескерілген. Мәселен, Пономарёва мен Соловьёва қызметкерлердің отбасынан шыққан, ал Терешкова жұмысшы отбасынан болған. Оған қоса ол өзінің қызметі үшін Кеңес-Фин соғысы кезінде қайтыс болған әкесінің жерленген орнын тауып беруді ғана сұраған.

26 жастағы Валентина Терешкова ғарышқа сапарына 1963 жылдың 16 маусымында таңертеңгі сағат 09:20-да «Восток-6» ғарыш кемесімен шықты. Ол ғарышта 2 тәулік 22 сағат 50 минут болып, 19 маусымда таңертеңгі сағат 06:28-де Алтай өлкесіне қонды.

8 МЫҢ АДАМНЫҢ АРАСЫНАН ІРІКТЕЛГЕН

Америкадан алғашқы болып ғарышқа ұшқан Салли Райд ғарыштық бағдарламаға қатысу үшін газетке жарияланған хабарландыруға жауап берген 8000 адамның ішінен таңдап алынған. Ол 1978 жылы НАСА-ға қабылданып, 1983 жылдың 18 маусымында «Челленджер» STS-7 миссиясының құрамында ғарышқа аттанған. Сондай-ақ, 1984 жылы ғарышқа екінші рет ұшқан. Ол ғарышта 343 сағаттан астам уақыт өткізген.

Ал Оңтүстік Кореядан алғашқы әйел ғарышкер 2008 жылы сәуір айында ұшырылса, Қытайдан ғарышқа тұңғыш әйел 2012 жылы аттанған.

 

 

Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Пьяные что ли? Пугачева с мужем шокировали своим развратом
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Морщины исчезают за ночь! Попробуйте этот домашний метод…
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Диалог бабушки и внучки! Такое видео вызывает смех сквозь слезы…
Пікірлер