12 сәуір – Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күні. Осы күнде адамзат алғаш рет Жер атмосферасынан шығып, ғарышты бағындыруды бастады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ғарышқа жол Байқоңырдан басталған
1955 жылы КСРО-да алғашқы баллистикалық зымырандарды сынақтан өткізу үшін қолайлы орын ізделді. Таңдау Қазақстанның Қызылорда облысына түсті. Себебі бұл аймақ кең, адам аз қоныстанған және климаттық жағдайлары тиімді еді.
1957 жылы 4 қазанда Байқоңырдан алғашқы жасанды жер серігі – "Спутник-1" ұшырылды. Ал 1961 жылы 12 сәуірде осы жерден Юрий Гагарин алғаш болып ғарышқа аттанды.
Бүгінгі Байқоңыр
Қазіргі таңда Байқоңыр – 15 ұшыру кешені бар, ғарышқа түрлі зымырандар ұшыруға қабілетті әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы. Мұнда "Союз", "Протон", "Зенит", "Циклон" секілді зымырандар мен "Луна", "Марс" сияқты автоматты станциялар ұшырылған.
2025 жылдың 8 сәуірінде Байқоңырдан соңғы рет "Союз МС-27" кемесі ұшырылды. Оның бортында ресейлік ғарышкерлер Сергей Рыжиков пен Алексей Зубрицкий және NASA астронавты Джонатан Ким бар. Олар Халықаралық ғарыш станциясына бет алған.
Қазақстандық ғарышкерлер
1991 жылы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров ғарышқа алғаш ұшқан қазақстандық болды. Ал 1994–2001 жылдар аралығында Талғат Мұсабаев үш мәрте ғарышқа ұшып, ашық ғарышта ең ұзақ болғаны үшін Гиннестің рекордтар кітабына енді. 2015 жылы 2 қыркүйекте Айдын Айымбетов ғарышқа ұшып, 10 күн бойы ХҒС-та жұмыс істеді.