Экспортқа тиімді бағам тұтынушыға қолайсыз. Қалай, қалай құбылады мына доллар?

1211
Adyrna.kz Telegram

Сәуір айының алғашқы аптасында теңгенің долларға қатысты бағамы тағы да құбылып, қаржы нарығындағы тұрақсыздыққа алаңдаушылық тудырды. Сарапшылар бұл жағдайды бірнеше ішкі және сыртқы факторлармен байланыстырып отыр.

“Адырна” ұлттық порталының тілшісі осы мәселенің мән-жайын білу үшін сарапшылармен тілдесті.

ГЕОСАЯСИ ЖАҒДАЙ

Экономист және қаржы талдаушысы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, доллардың қымбаттауына негізгі себеп бірнешеу.

«Бұл жолғы теңгенің әлсіреуі ең алдымен Трамптың соңғы уақыттағы саяси белсенділігімен байланысты болып отыр. Сарапшылар бұл жаһандық сауданың бәсеңдеуіне, жалпы сауда көлемінің азаюына және әлемдік экономиканың баяулауына әкелуі мүмкін деп есептейді. Ал әлемдік экономиканың баяулауы – бұл мұнай нарығына кері әсер ететін басты факторлардың бірі. Қазір күткендегідей мұнай бағасы төмендеп, 64 долларға, тіпті одан да төмен деңгейге түсті», - деді ол.

Қазақстан теңгесінің мұнай бағасына тәуелді екені белгілі. Мұнай арзандаған сайын ішкі нарықта ұлттық валютаның әлсіреуі байқалады. Бұл құбылыс қаншаға созылуы мүмкін?

"Мұнай арзандаған сәтте ішкі нарықта теңгенің әлсіреуі күтіледі. Менің ойымша, бұл сауда соғысы мен геосаяси шиеленістер ұзаққа созылмайды. Қазірдің өзінде АҚШ бұл жағдайдан шығу жолдарын талқылап жатыр. Сондықтан жаһандық сауда енді ұзақ уақытқа баяуламайды деп ойлаймын. Сол себепті алдағы уақытта жағдай біршама жеңілдеуі мүмкін. Әрине, адамдар мұнай бағасы әлі де төмендей береді деп қауіптеніп отыр. Бірақ бұл – уақытша. Меніңше, асығыс шешім қабылдамай, жағдайды кемінде бір апта бақылау қажет. Экономика – өте күрделі жүйе. Сондықтан ертең не болатынын нақты болжау мүмкін емес," -дейді қаржы талдаушысы Расул Рысмамбетов.

«БЮДЖЕТТЕ МҰНАЙ 75 ДОЛЛАР ДЕҢГЕЙІНДЕ БЕКІТІЛГЕН...»

Экономист Меруерт Махмұтова да мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан бюджетіне қауіп төндіріп тұрғанын айтады.

"Мұнай бағасы төмендеп бара жатыр. Бұл бізге қалай әсер етеді? 2025 жылғы республикалық бюджетте Brent маркалы мұнайдың баррелі 75 доллар деңгейінде бекітілген. Алайда қазір Brent бағасы 63 долларға дейін түсіп кетті. Алдағы уақытта да төмендеуі мүмкін», - дейді ол.

Ол қазіргі қалыптасқан ахуал қалай топшыланғанын да айтты.

«Былтыр мұнай бағасы 50 долларға дейін төмендеуі мүмкін деген болжамдар болған. Сол себепті бюджет тапшылығы артады деуге негіз бар», - деп қауіптенеді Меруерт Махмұтова.

Бұл қауіптердің алдын бөгеудің қандай жолдары бар? Ондайда экономист республикалық бюджетке Ұлттық қордан аударылатын трансферт көлемін арттыру қажет деп есептейді.

ТЕҢГЕНІҢ ӘЛСІРЕП, ДОЛЛАРДЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ КІМГЕ ТИІМДІ?

Экономист Сапарбай Жобай валютаның қазіргі жағдайын қалыпты деп санайды. Ол теңгенің құнсыздануы экспортқа бағытталған кәсіпорындарға пайдалы екенін атап өтті.

"Қазақстанның экономикасы мен доллардың әлемдік әлеуеті тығыз байланысты. Неге десеңіз, біз өте көп инвестиция тартамыз әрі көп экспорт жасаймыз. ЖІӨ-нің үштен бір бөлігін экспорт құрайды. Сонымен қатар, импорт көлемі де жоғары. Сондықтан доллардың әлеуеті біз үшін аса маңызды», - дейді ол.

Сапарбай Жобай мұның алдында да доллар бағамында осындай өзгеріс болғанын айтып, сол тұстағы жағдайды да баяндап өтті.  

«Жыл басында бір қызық жағдай болды. Қараша-желтоқсан айларында доллар бағамы 525-530 теңгеге дейін көтерілді. Ал жылдың басында төлем теңгерімі теріс болды. Экспорт көп, импорт аз болды. Сонымен қатар, дивидендтер мен қызметтер бойынша төлемдер де орын алды. Ағымдағы шоттағы теріс сальдо теңгенің құнсыздануына әсер етеді. Қаңтар-ақпан айларында теңге нығайып, доллар бағамы төмендеді. Бірақ бұл уақытша құбылыс ретінде бағаланды. Жыл басында импорт көлемі айтарлықтай болмады, халықтың да долларға сұранысы төмен болды. Сонымен бірге, мұнай экспорттайтын ірі кәсіпорындар салық пен дивиденд төлеу үшін долларды теңгеге айырбастады. Бұл кезде теңгеге сұраныс артты да, ұлттық валюта нығайды. Алайда бұл да уақытша жағдай еді», - дейді экономист.

Осыны айтқан ол қазіргі ахуалды қалыпты жағдай ретінде сипаттайды.

«Наурыз айынан бастап доллар бағамы тұрақтанып, қазір 510-520 теңге аралығында тұр. Бұл біз үшін қалыпты жағдай деп есептеледі. Мұндай жағдай экспорттаушылар үшін тиімді. Мысалы, ұн экспорттайтын кәсіпорын ақпан айында 498 миллион теңге табыс тапса, қазіргі кезде 515 миллион теңге табады. Яғни, пайдасы артады. Сол себепті теңгенің құнсыздануы, доллардың қымбаттауы экспорттаушылар үшін пайдалы. Өйткені олар тауарларын сыртқа сатады. Біздің еліміз экспортқа бағытталған мемлекет екенін естен шығармауымыз керек. Кейде теңгенің құнсыздануы мен доллар бағамының өсуі – экономика үшін қалыпты жағдай. Оны жақсы немесе жаман деп кесіп айту қиын, бұл – объективті құбылыс," – дейді ол.

БҮГІНГІ БАҒАМ ҚАНДАЙ?

Қазақстан Ұлттық Банкі 7 сәуірге арналған ресми бағаман жариялаған. 1 АҚШ доллары – 504,34 теңге, ал 1 Ресей рублі 5,97 теңге болып бекітілген.

Алайда нақты сауда сәтінде бағам бұдан жоғары. Сағат 11:20-дағы жағдай бойынша, Астанада доллар 520 теңгеге сатылып, 514 теңгеден сатып алынуда. Алматыда америкалық валюта 518 теңгеден сатылып, 511 теңгеден сатып алынып жатыр.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Вот, что излечит ваши запястья даже в 75 лет! Нужно взять...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Надоели боли в суставах? 7 дней и ваши суставы восстановятся
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Чтобы суставы не хрустели, а боль ушла, перед сном мажьте этим...
Пікірлер