Доллар бағамы. «500 - жай ғана сан, оған байланып қалудың қажеті жоқ»

888
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Ұлттық банкінің төраға орынбасары Виталий Тутушкин доллар бағамының көтерілуіне пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Тутушкиннің айтуынша, қазіргі бағамның өсуі нарықтық үдерістердің табиғи көрінісі.

«Жалпы, 500 — бұл жай ғана сан, оған байланып қалудың қажеті жоқ. Бүгін 500, ертең 600 болуы мүмкін. Бағам сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына байланысты қалыптасады. Біз санның өзіне тым көп назар аударамыз деп ойлаймын, маңыздысы — оның динамикасы», — деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Сенат кулуарында.

18 қарашада Астанадағы айырбастау пункттерінде доллар 500 теңгеден асты.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, соңғы уақытта сыртқы және ішкі факторлардың жиынтығы теңгенің әлсіреуіне әкелді. Сыртқы сектордағы жағдай жаһандық экономикалық қауіптер мен жоғары құбылмалылық сақталғандықтан қолайсыз болып тұр. Доллар дамыған және дамушы нарықтардың валюталарына қатысты нығаюын жалғастырды. Әлемдік сұраныстың әлсіз қалпына келуі және ОПЕК+ тарапынан ұсыныстың артуы күтілуіне байланысты мұнай бағасы барреліне 71-72 АҚШ долларына дейін төмендеді.

Ішкі валюта нарығында экономикалық агенттердің шетел валютасына сұранысы өсіп, валюта ұсынысы шектеліп отыр. Шетел валютасына сұраныстың артуы экономикалық, оның ішінде сыртқы экономикалық белсенділіктің ұлғаюымен байланысты. Сондай-ақ бюджет шығындары мен квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға жұмсаған шығыстарының өсуі де әсер етуде. Осы факторлардың барлығы импорттың артуын және сәйкесінше шетел валютасына сұраныстың өсуін ынталандырады.

Квазимемлекеттік секторды валюталық түсімдерінің жартысын сатуға қайта міндеттейді.

Пікірлер