Үндістанның Андхра-Прадеш штатындағы Шрихарикота аралында орналасқан Сатиш Дхаван атындағы ғарыш орталығынан 100-ші ғарыштық ұшыру сәтті өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Dzen.ru-ға сілтеп.
Үндістанның ғарыштық зерттеулер ұйымы (ISRO) GSLV MkII F15 зымыран тасығышын ұшырып, оны Жер орбитасына шығарды.
Бұл тарихи ұшыру Үндістанның ғарыштық зерттеулер саласындағы үлкен жетістіктерінің бірі болып саналады. Шрихарикота ғарыш айлағынан алғашқы зымыран 1979 жылдың тамыз айында ұшырылған еді. Содан бері ел ғарыштық технологияларды дамытудың ұзақ жолынан өтіп, әлемдік ғарыш державаларының біріне айналды.
Үндістан тек спутниктерді ұшырумен шектелмей, ғарышты терең зерттеуге бағытталған ірі жобаларды қолға алуда. 2025 жылдың тамыз айында Үндістан билігі Ладакх аумағында Ай мен Марсты зерттеуге арналған жаңа жерүсті станциясын салу жоспарын жариялады.
Сонымен қатар, ISRO басшысы Шридхар Паникер шілде айында Үндістанның алғашқы адамды Айға жіберуге арналған зымыранын жасауды бастағанын мәлімдеді.