Үкімет Қазақстандағы уақыт белдеуін ауыстыру бойынша зерттеу нәтижелерін ұсынды. Бұл туралы сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна” ұлттық порталы.
«Халықтың денсаулығына, энергия тұтынуына және еңбек өнімділігіне уақыт белдеулерінің өзгеруінің практикалық әсерін зерттеу үшін медицинаның, нейроғылымның, биофизиканың, генетиканың, астрофизиканың, физиологияның саласындағы ғылыми-зерттеу институттары, мәслихат депутаттары мен басқа да мүдделі тараптарды тарта отырып мониторинг жүргізілді. Жұмыс барысында деректерді зерттеу, сауалнамалардың нәтижелері мен уақыт белдеуін ауыстырғанға дейінгі және кейінгі көрсеткіштерді салыстыру бойынша кешенді тәсіл қолданылды», - деді сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Оның айтуынша, зерттеулер жүргізу әдістемесі халықтың денсаулығына, энергия тұтынуына, еңбек өнімділігіне, оқушылардың үлгеріміне, қылмыс деңгейі және басқа да аспектілерге уақыт белдеуін өзгерту әсерін бағалауда 40-тан астам метрикалар мен көрсеткіштерді қамтиды.
Денсаулық сақтау саласы бойынша зерттеу әртүрлі жас топтарын және қала мен ауыл халқын қамтыды.
Энергияны тұтыну бөлігінде электр энергиясын тұтыну статистикасын, оның ішінде ең жоғары жүктемелерді, қысқы шыңдарға әсер етуді бағалауды және бүкіл ел бойынша және көп пәтерлі тұрғын үй кешендері бойынша электр энергиясын тұтынуды салыстыру жүргізілгені көрсетілген.
Еңбек қызметі бойынша орындалған жұмыс көлемі, кешігу мен жалқаулық жағдайлары, жарақаттар мен тәртіп бұзушылықтар саны қарастырылды.
«Нәтижелер уақыт белдеуін ауыстырудың халықтың өмір сүру деңгейіне теріс әсер етпейтінін көрсетеді. Сонымен қатар, өңірлерде мәслихат депутаттары жұмыс уақытын оңтайландыруды қолдап, жұмыс кестесін түзету бастамасын көтерді», - деп мәлімдеді министр.
Мұндай уәж зерттеу жүргізілмей тұрып айтылған риторикамен үндес шықты.
Оның айтуынша, бүгінде Шығыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында (Катонқарағай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Зайсан, Тарбағатай, Самара, Күршім) жұмыс кестесі сағат 8.00-ден 17.30-ға дейін түзетілді.
Сондай-ақ, ол қажет болған жағдайда бұл тәжірибені жергілікті атқарушы органдар басқа өңірлерде де қолданатынын айтты.