Лос-Анджелесте орын алған жойқын орман өрті салдарынан қаза тапқандар саны 11 адамға жетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы CNN телеарнасына сілтеп.
Калифорния штатындағы өрт 7 қаңтарда басталып, 12 мың гектардан астам аумақты жалын шарпыған. 10 мыңнан астам үй толықтай күлге айналды. Өрттің жеті ірі ошағы тіркеліп, әлемге әйгілі Голливуд жотасындағы жалынның беті қайтарылғанымен, киножұлдыздардың элиталық үйлері өртеніп кеткен.
Сарапшылардың мәліметінше, өрттен келген шығын 50 миллиард доллардан асады. Билік 180 мың тұрғынға шұғыл түрде қауіпсіз аймақтарға эвакуациялануға нұсқау берді.
Дегенмен, ел ауыртпалықпен күресіп жатқанда, ұрлық-қарлық оқиғалары да орын алуда. Полиция өртенген аудандардағы иесіз үйлерді тонаған 20 адамды қамауға алды. Кейбір аймақтарда коменданттық сағат енгізілді.
Өрттен кейін Калифорния билігі тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Табиғат апатының салдарын жою және зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары жалғасып жатыр.