Ақтаудағы ұшақ апаты. Әлиев Ресейден әділдікті талап ететінін мәлімдеді

466
Adyrna.kz Telegram
Сурет: ТЖМ
Сурет: ТЖМ

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев әзербайжандықтардың Ақтау маңында апатқа ұшырап, қаза болуына Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол 6 қаңтарда Embraer 190 жолаушылар ұшағы экипажының қаза болған мүшелерінің отбасымен және аман қалған бортсеріктермен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Отандастырымыздың қаза табуына Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп толық сеніммен айта аламын. Біз әділдікті, кінәлілерді жазалауды, сондай-ақ ашықтық пен адами қарым-қатынасты талап етеміз»,—деді ол.

Президент қазіргі таңда қара жәшікті декодтау процесі жүріп жатқанын атап өтті.

«Жақын арада алдын ала нәтиже белгілі болып, барлық жағдай өз орнына келеді. Қайғылы оқиғаның жай-жапсары анықталады. Бұл, әрине, осы трагедияның толық тергеуі мен кінәлілерді жазалауда маңызды сәт болады», - деп толықтырды Әлиев.

Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке телефон соғып, Грозный үстінде зымыран жарықшақтары тиіп, Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақ үшін кешірім сұраған болатын.

Айта кетейік, ұшақ 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Әуе апатынан 29 адам аман қалды. 29 желтоқсанда қаза болған әзербайжандықтардың денесі елдеріне жеткізілді.

Пікірлер